ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫ -ЖАҢА ҚАДАМДАРДЫҢ БАСТАМАСЫ

 

Мендикулов Нурмагамбет Тазабекович

« Я.Есенбеков атындағы №59 жалпы білім беретін

мектеп»  коммуналдық мемлекеттік мекемесінің

директоры.

2024 жылғы 2 қыркүйекте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауын “Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам” тақырыбымен жариялады. Бұл Жолдау елдің алдағы даму стратегиясын айқындайтын маңызды құжат болып табылады. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде экономикалық, әлеуметтік және саяси салаларда ауқымды реформалар жүргізу қажеттілігін баса айтты. Сонымен қатар, қоғамдағы әділеттілікті қамтамасыз ету, ұлттық бірлікті нығайту және қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін арттыру басты басымдықтар ретінде айқындалды.

Президент әділеттілікті елдің дамуының негізі ретінде қарастырады. Мемлекет басшысының айтуынша, құқықтық мемлекет құру және азаматтардың құқықтарын толыққанды қорғау бірінші кезекте тұр. Бұл бағытта сот және құқық қорғау жүйесін реформалау жұмыстары жалғасын табады. Әділетті сот шешімдерін қабылдау, жемқорлықпен күресті күшейту және құқық қорғау органдарының қызметін ашық жүргізу – елдің болашағы үшін маңызды қадамдар.

Қазақстанда ұлттық бірлікті сақтау және көпұлтты қоғамның тұтастығын нығайту – елдің тұрақтылығының негізі болып табылады. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағытта тіл саясаты, мәдениет және білім беру жүйесін жетілдіру арқылы ұлттың бірлігін нығайтуға мән беріп отыр. Мемлекет басшысы қазақ тілінің рөлін арттыруға шақырды, алайда бұл үрдістің басқа ұлттардың құқықтарына нұқсан келтірмеуін қадағалау қажет екенін атап өтті. Білім беру саласында жастардың сапалы білім алуын қамтамасыз ету, жаңа технологияларды меңгеру және ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту басты басымдықтардың бірі.

Президент мемлекеттік басқару саласында білікті кадрларды даярлаудың маңыздылығын баса көрсетті. Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби деңгейін көтеру және олардың жауапкершілігін арттыру қажеттілігі туралы айтылды. Мемлекет басшысы атап өткендей, мемлекеттік қызметте тек білікті және тәжірибелі мамандар қызмет етуі тиіс. Бұл ретте кадрлық тағайындауларда ашықтық пен әділеттілік қағидалары басты орын алуы қажет.Кадр мәселесінде білім беру жүйесін жетілдіру де маңызды рөл атқарады. Президент сапалы білім мен практикалық дағдыларға ие жаңа буын мамандарын даярлаудың елдің экономикалық және әлеуметтік дамуы үшін шешуші мәнге ие екенін айтты. Әсіресе техникалық және кәсіптік білім беру саласына баса назар аударылды. Заман талабына сай, ғылым мен технологияларды меңгерген мамандарды дайындау, инновациялық жобаларды жүзеге асыруға қабілетті кадрлар қалыптастыру негізгі міндеттер болып саналады.Жолдауда кадр мәселесіне ерекше мән берілгені анық.Білікті кадр-елдің тұрақты дамуы мен реформаларды сәтті жүзеге  асырудың негізгі факторлардың бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кадрлық саясаттың барлық деңгейінде әділеттілік, ашықтық және тиімділікті қамтамасыз ету арқылы Қазақстанды жаңа белестерге жеткізуге болатынын атап өтті.

Жолдауда әлеуметтік салаға ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, тұрмыс сапасын арттыру және тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берді. Әлеуметтік қолдау шараларын күшейтуді, халықтың табысын арттыруды және экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етуді міндеттеді. Бұған қоса, кәсіпкерлікті қолдау және халықтың әл-ауқатын көтеру арқылы орта тапты нығайтуға баса назар аударылды. Қазақстан экономикасын әртараптандыру, инновациялық технологияларды енгізу және индустриялық секторды дамыту – Жолдаудағы негізгі экономикалық мақсаттар ретінде белгіленді.Елдің экспорттық әлеуетін арттыру, ауыл шаруашылығын дамыту және инвестициялық ахуалды жақсарту қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, шағын және орта бизнесті қолдау арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелері күн тәртібінде тұр.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев “Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам” атты Жолдауы Қазақстанның болашақ даму бағыттарын айқындайтын маңызды құжат болып табылады. Онда белгіленген реформалар елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға, құқықтық жүйені нығайтуға және ұлттық бірлікті сақтауға бағытталған. Бұл бастамалар Қазақстанның тұрақты дамуына және әлемдік аренада өзінің орнын нығайтуына ықпал етеді.Қазақстан Республикасының алдағы уақытта қарқынды түрде дамуына үлкен үлкен үлес қосатын өзекті бастамалар болмақ! Ел Президенті айтқандай,бірлесе жұмыс жасау арқылы Әділетті Қазақстанды орнатып,ортақ мақсатқа жету жолында табанды еңбек етейік!

 

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *