домбыра қазақтың ұлттық аспабы
Ұйымдастырылған ашық оқу-қызметі.
Білім бөлімі: Коммуникация. Таным, Шығармашылық. Оқу-қызметі: Сөйлеуді дамыту, көркем әдебиет, қоршаған ортамен танысу, хореография.
Тақырыбы: Қазақтың ұлттық аспабы-Домбыра.
Мақсаты: 1. Балалардың домбыра туралы білімдерін толықтыру, пысықтау. Мультфильмнен үзінді сахналау шеберлігін арттыру. Байланыстырып сөйлеуге үйрету. Домбыраға қатысты туған жердің тарихы мен мәдениеті туралы толық білім алу. 2. Дауыс ырғағын дұрыс қойып өлеңді мәнерлеп оқу машығын, сұрақтарға толық сөйлемдермен жауап беру дағдылырын дамыту. 3. Домбыраның тарихына, ұлттық өнерге қызығушылыққа, Отан сүйгіштікке тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Тақырып бойынша слайд. Әр балаға бір домбыра. «Ақсақ құлан» мультфильмі.
Әдіс-тәсілдері: Сахналау, баяндау, сұрақ-жауап.
Сөздік жұмыс: Құлағында ойнау, баба.
Алдын ала жұмыс: Мультфильмнің толық нұсқасы көрсетіліп, аты аталған күйші, ақындар мен әнші, жыршылар туралы толық мәлімет берілді.
Барысы:
Мотивациялық қозғаушы.
Шаттық шеңбері: Сәлемдесу:
Сәлем сөздің патшасы, Сәлем бердім баршаңа. Қазақтың кең ғой пейілі, Сыйлайтын дос пен қонақты. Сәлеметсіздер ме!
-Балалар, қазақтың тағы қандай екенін Қ. Мырзалиевтің қай өлеңінен білуге болады?
-«Домбыра» өлеңінен білуге болады. -Олай болса өлеңді бәріміз бірге оқиық.
Екі ішектің бірін қатты, Бірін сәл-пәл кем бұра. Нағыз қазақ-қазақ емес, Нағыз қазақ- Домбыра.
-Ендеше, балалар, бүгінгі оқу-қызметімізді осы домбыраға арнайық.
Ұйымдастыру-ізденушілік.
-Домбыра туралы қандай аңызды білесіңдер? -«Ақсақ құлан» деген аңызды білеміз.
Сахналау: «Жошыхан мен Кетбұға күйші». Мультфильмді көріп келе жатып тоқтаған жерінен жалғастырып рөлді балалар ойнайды. Балалар тоқтатқан жерінен ары қарай мультфильм тамашаланады. Мақс: Мультфильм мен сахналық қойылымды араластыра отырып, балалардың шығармашылық шеберлігін арттыру, -Мультфильм мен көріністе кімдерді көрдіңдер? -Жошыхан мен баласы, Кетбұға күйші мен домбыраны көрдік. -Міне балалар, Кетбұға күйшінің өзі де келе жатыр. -Сәлеметсіңдер ме балалар. Мен сендердің домбыра туралы не білетіндеріңді білгім келеді. -Отыра қойыңыз, Кетбұға күйші баба. Балалар бар білетінін, сіздің және домбыраңыздың басынан қандай жағдай өткенін сізге айтып береді. Ол туралы Жұбан Молдағалиев атамыз «Мен қазақпын» деген өлеңінде қалай жырлағанын балалар оқып берсін. Өлеңнен үзінді оқылады.
Мен-қазақпын мың өліп, мың тірілген, Жөргегімде таныстым мұң тілімен. Жылағанда жүрегім, күн тұтылып, Қуанғанда күлкімнен түн түрілген. Жерімізді жау қолы жосығанда, Тура айтуға тірі тіл шошығанда. Жалғыз дауыс домбыра емес педі, Қарсы барған қаныпезер Жошыханға.
-Міне көрдіңіз бе, балалар бәрін де біледі.
-Балалар, бағанағы көріністе көрген оқиғалардан кейін домбыра қалай өзгергенін мына домбыраға қарап айтып берейік.
Баяндау. «Домбыра» Мақсаты: Мультфильмде көргенін және қазіргі кездегі домдыраны салыстыру. Байланыстырып сөйлеуге дағдыландыру. -Қорғасын құйғанға дейін домбырада 5 ішек болған, қорғасын құйғаннан кейін 2 ішек қалған -Қорғасын құйғанға дейін домбыраның беті бүтін болған, қорғасын құйған жерде тесік пайда болған. -Ары қарай домбыраның құрылысын айтайық. -Домбыраның 2 ішегі , көп пернелері бар. -Домбыраның шанағы, бетқақпағы бар. -Домбыраның басы, 2 құлағы бар. -Домбыраның тиегі, түймесі бар. -Домбыраның мойны бар.
-Кетбұға күйші сізден кейін осы домбырамен сары даланы күймен тербеткен қаншама күйшілер болғанын балалар сізге айтып берсін. -Құрманғазы, Дәулеткерей, Қазанғап, Тәттімбет, Сүгір, Дина. -Бұлар ертеректе болған күйшілер. Олардың күйлерін бізге жеткізген кім? -Құрманғазы Динаға домбырасын мұраға қалдырған, сөйтіп Дина олардың күйлерін біздің заманымызға жеткізген. -Ал, кейінгі күйшілер кімдер? -Нұрғиса Тілендиев, Қаршыға Ахмедияров, Секен Тұрысбеков, Айгүл Үлкенбаева. -Ал осы домбыраны күйшілерден басқа кімдер тартады? -Домбыраны ақын, жыршы, жыраулар да тартқан. -Қандай ақынды білесіңдер Құрманғазы сияқты домбырасын мұраға қалдырған? -Сүйінбай ақын домбырасын Жамбыл Жабаевқа мұраға қалдырған. -Енді осы домбыраның соншалықты қандай қасиеті барын М. Мұқатаев «Домбыра» деген өлеңінде қалай жырлаған?
«Домбыра»
Тарт күйіңді, домбыра, Төгіл, төгіл тәтті күй! Тау суындай сылдыра, Желпін, желпін жел соқтыр! Тауда тұман тұрмасын, Көкте бұлт ыдыра!
-Домбыраның қасиеті неге байланысты екенін балаларым біле мекен? -Иә. -Өйткені домбыраны қасиетті емен ағашынан, дыбыс өткізгіштігі жоғары қарағай ағашынан, дыбыс жаңғырту қасиеті бар тұт, қатты жынысты үйеңкі ағаштарынан жасайды. -Міне керемет! -Оны кімдер жасайды? -Оны шеберлер жасайды. -Осындай домбыраны әлемдік сахнаға алып шығып ән салған қандай әншіні білеміз? -Әміре Қашаубаев Париж қаласында домбырамен ән шырқап, әлемді таң қалдырған.
Сөздік жұмыс. Мақсаты: Сөзді түсінгенін қимылмен көрсете білу, айта алу.
-Балалар, біз домбыраны не істейміз? -Домбыраны тыңдаймыз. -Домбыраны тартамыз. -Домбыраны шертеміз. -Домбыраға байланысты қандай сөз тіркесін білесіңдер? -«Домбыраның құлағында ойнау» -Домбыраны шебер тарту дегенді білдіреді. -Ал біз осы домбырамен би өнерін көрсетейік.
Сергіру сәті. Би өнері. (Домбырамен билеу)
-Кетбұға күйші баба, біздің елімізде қазір домбыраның құрметіне «Үлттық домбыра күнін» атап өтетін болған. Ол күнді қай кезде тойлаймыз, балалар? – Ол күнді шілде айының бірінші демалысында атап өтеміз. -Міне Кетбұға күйші, өзіңіз көргендей қазақ халқы домбыраны қалай сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келе жатқанын. -Жарайсыңдар, балаларым. Мен сендерге өте тәнті болдым. Менің домбырам қазақ деген халықты Жошыханның қаһарынан бекерге қорғап қалмаған екен.. Рахмет сендерге. Сендердің де араларыңнан талай күйші, жыршы, ақындар шығатынына мен сенемін. Ал енді кетейін сау болыңдар. -Сау болыңыз!
Рефлексивті-түзетушілік.
-Балалар бүгінгі оқу-қызметінде біз не туралы айттық? -Бізге кім қонаққа келді? -Неге «баба» дейміз? – Тағы не істедік? -Мультфильм не туралы болды? -Домбыра не екен? -Кімге не ұнады?
Күтілетін нәтиже:
Біледі: Домбыра туралы аңызды, домбыраның құрылысы мен жасалуын, домбыра туралы өлеңдерді, домбыраға қатысты танымал кісілерді;
Түсінеді: Домбыраға қатысты сөз тіркестерін, ертегіден үзіндіні жалғастырып сахналауды, сұрақтарға түсініп жауап беруді;
Қолданады: Сөздерді байланыстырып сөйлейді, өз ойларын айта алады, өлеңді мәнерлеп оқиды, домбыраны дұрыс ұстайды;