Қаныштың химия әлемінде қалдырған терең ізі
«Абай атындағы орта мектеп»
КОММУНАЛДЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕСІ
Жетісу облысы, Панфилов ауданы, Көктал ауылы, «Абай атындағы орта мектеп» КММ, Нұрым Айжан Алтайқызы, 10 «А» сынып.
Жұмыс атауы: «Қаныштың химия әлемінде қалдыған терең ізі»
Бағыты: Қаныш Сәтбаевтың ғылыми зерттеулері мен
жаңалықтары.
Өтілетін орны: «Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, «Жетісу дарыны» облыстық дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау оқу-әдістемелік орталығы» КММ.
Қаныштың химия әлемінде қалдыған терең ізі
«Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе – дүниедегі жақсы-жаманды таниды-дағы сондайдан білгені, көргені көп … адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі… де есті болады. Әрбір естелік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп, білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса – сонда іске жарайды». [1]
Абай
Қаныш Сәтбаевтай энциклопедиялық ұшан-теңіз білімге ие зор ғұламаның, ондаған жылдар мемлекеттік, әлеуметтік, ғылыми жұмыстармен шұғылдаған тұлғалы қайраткердің неше алуан шытырман оқиғаларға, қақтығыс-тартыстарға толы өнегелі ғұмырын қаз-қалпында, әсірелеусіз қайталап, көзбен көргендей салалап, басты-басты кезең, өткелдерін даралап, әмбе соны оқыған жан қызыққандай, тәлім алып, керегіне жаратқандай мәнді етіп жазып шығу менің қолымнан келе ме? Әлде өре жетпейтін тым биік мұраға ұмтылып жүрмін бе? [2] – деген Медеу Сәрсекеевтің сөзімен бастағым келіп отыр.
Қаныш Имантайұлы Сәтбаев 1899 жылы 12 сәуірде Павлодар облысының Баянауыл ауылында көшпелі қазақ отбасында дүниеге келген. [2] Биыл ұлы тұлғаның туғанына 125 жыл.
Ең алғашқы еңбек жолын 1926 жылы Атбасар түсті металдар тресінде бастаған. [3]
Қажымас ізденімпаз әрі қабілетті ұйымдастырушы Қаныш Имантайұлы Сәтбаев жаңа Қазақстанның шаңырағын көтерулердің алғы сапында көзге түсті. Ең алғашқы геологиялық жұмысын ол Қарсақбай ауданының темір кен орындарын, Жезқазған мен Атбасардың мыс кендерін және ағылшын иелігінде болған Спасск өндірісін зерттеп, олардың болашақ үміттерін зерттеуден бастады. Қаныш Имантайұлы Сәтбаев осы жылдары өз маңына қиыншылықтан қорықпайтын қажырлы көмекшілерді топтастыра білді, жұмысшы кадрларды алыстан іздемей-ақ жергілікті қазақтар арасынан тауып, олары алуан өнерге өзі баулыды, техникалық құралдар мен басқадай да қажетті нәрселермен жабдықтау үшін қажымай-талмай жұмыс істеді, табандылықпен, тіпті қайсарлықпен ақырына дейін шыдап, өз жолында кездескен барлық қиыншылықты жеңіп отырды, осындай қиын-қыстау кезеңдерде ол тапқырлық, орасан зор ұйымдастырушылық қабілет танытты. Сөйтіп осы жылдарда Үлкен Жезқазғанның мыс, минералды шикізат қорларын жан-жақты зерттеп, алғашқы үміт-болжамның шындық екенін айна-қатесіз дәлелдеп шықты. Осы зерттеулерден соң Үлкен Жезқазған айналасындағы көршілес аймақтармен қоса орасан алып мыс қазаны деп танылып, дүние жүзінің аса ірі кен орындарының алғашқы тобына қосылды, зерттеушілердің табысы мұнымен ғана шектелмейді: қорғасынның аса ірі қоры ашылды, кобальт, никель, алтын, молибден, ванадий сияқты металдарды қоса өндіру мүмкіндігі анықталды. Отқа төзімді мәйектік және құрылыстық материалдарды іздеп тауып, қорын анықтады; Байқоңыр мен Қияқтыдан көмір тапқан да осы топ.
Үлкен Жезқазған дүние жүзіндегі ең бай кен орындарының бірі болып шықты.
Қаныш Имантайұлы Сәтбаев жетекшілігімен қазақ даласынан никель, кобальт, молибден және басқадай да сирек металдар кенін ашты. Қолайлы географиялық, әрі экономикалық тиімді жағдайда сирек кездесетін түсті металдарды өндіру идеясын да тұңғыш рет академик Сәтбаев ұсынған-ды. Кендерлі аймағының жанғыш сазы мен көмірінен сұйық отын ағызу, Қазақсатнның алунит жыныстарынан күкірт қышқылын өндіру мүмкіндігін де ол кезде ескерткен болатын. [4]
Үлкен Жезқазған дүние жүзіндегі ең бай кен орындарының бірі болып шықты.Содан кейін Сәтбаев Қарсақбай темір рудасының кенішін зерттеді, оны Кривой Рог кенішінің «туған інісі» деп атады, қоңыр көмір қабаттарын тапты. [5]
Сондай-ақ ол минералдық шикізатқа бай Сарыарқа, кенді Алтай, Қарағанды, Қаратау секілді аймақтарға да ерекше назар аудара зерттеп, олардың кендерінің стратиграфиясы, тектоникасы, құрылысы мен металлогениясы, неохимиясы және шығу тегі туралы маңызды ғылыми қорытындылар жасады, ғылымға формациялық металлогендік анализдің кешендік әдісін енгізді. [6]
«Жезқазған руда кеніші» деген ғылыми еңбегі үшін Қаныш Имантайұлы Сәтбаев Ленин орденімен наградталды, оған Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты деген атақ берілді. [7]
Қаныш Имантайұлы интститутты бітіргеннен кейінгі 15 жыл өмірін Жезқазған-Ұлытау аймағының кен байлығын айқындап-анықтауға жіберді. Ол келешекке батыл көз тастайтын, өзінің арманы үшін күресе білетін талантты инженер және басшы болды. Қазіргі Үлкен Жезқазған – Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың жүзеге асқан арманы еді. [8]
Қаныш Имантайұлы Жезқазғанмен қатар, 1931 жылы (тіпті одан ертерек) Жезқазған-Ұлытау ауданын комплексті зерттеу, оның қойнауындағы байлықтардың бәрін анықтау мақсатымен Қарсақбайдың темір рудаларын, Жездінің марганецін, Қияқтының қоңыр көмірін, Болаттаманың пиритті лингиталарын, руда емес шикізаттың сан түрлі комплексін барлаумен айналысты. [9]
Терең білім мен зерек ойлылық Қаныш Имантайұлы Сәтбаевқа соғыс кезіндегі ғылымның міндетін дұрыс та дер уағында түсінуге, оның нәтижелі шешімдерін айқындап, өзі басқарған Қазақстан ғалымдары отрядын фашист басқыншыларына қарсы совет халқының біртұтас майданы сапына қосуға мүмкіндік берді. Қазақстанда Қаныш Имантайұлы Сәтбаев инициативасымен марганец кені жедел іздестіріле бастады, соның нәтижесінде Жезді кені ашылды. Уралдың металлургиялық заводтары дер кезінде қажетті шикізатпен қамтамасыз етілді. Ал мұның өзі Ұлы Отан соғысының жеңісіне қосылған үлесі болды.
Филиал ғалымдары Қазақстан өнеркәсібінің негізгі саласы – түсті металлургия үшін байыту фабрикаларынан шығатын қалдықтардан бағалы бөлшектерді бөліп алу және металлургиялық заводтардан шығатын күкіртті газдарды пайдалану проблемаларын зерттеді.
Химиктер негізгі күшін Қазақстанның орасан бай химиялық шикізатын халық шаруашылығында пайдалануға жұмсады.
Қазақ ССР Ғылым академиясының тұңғыш президенті болып Қаныш Имантайұлы Сәтбаев бірауыздан сайланды. 1946 жылы СССР Ғылым академиясының толық мүшесі болып сайлануы оның ғылыми қызметіне берілген жоғары баға еді.
Жаңа құрылған жас академия өзінің бірінші қадамын – еліміздің бейбіт өмірге көшкен кезеңінде бастады. Соғыстан күйреген шаруашылықты қалпына келтіріп, социалистік экономиканы жедел өркендетуді қамтамасыз ету күн тәртібінде тұрды. Осы мәселелерді жүзеге асыруда Қазақстан негізгі орында тұрды. Қара металлургия мен химияға негіз қалай отырып, осы салаға бөлінген орасан мол қаржыны игеруі қажет еді, түсті және сирек металдарды, көмір мен мұнай өндіруді арттыра отырып, ауылшаруашылығы өнімдерін бұрынғыдан да мол алуды қамтамасыз ету керек болды, мәдени құрылыс саласында да ауқымды программаны жүзеге асыру қажет еді.
Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың инициативасымен Қазақстанның күрделі өндіргіш күштерін өркендету мәселелеріне арналған көптеген көшпелі ғылыми сессиялар өткізілді.
Қаныш Имантайұлы Сәтбаев республика территориясын геологиялық тұрғыда зерттеуге аса зор үлес қосты. Әсіресе, қазба байлықтардың жаңа кен орындарын тез анықтап, минералдық шикізат қорын молайту проблемасымен тығыз байланысты кең ауқымды комплексті металлогендік зерттеулерді елімізде бірінші болып ұйымдастырған оның еңбегі тіптен айрықша.
Қаныш Имантайұлы геологияда металлогендік бағыттың негізін салды. Ол ғылымда қазақстандық металлогендік мектеп деген атпен белгілі болды. Ал оның негізін салған кісі оған басшылық жасады. Ол кен орындарың болжау және жер қыртысы дәуірлестігімен байланысты металлогендік талдаудың комплексті методын жан-жақты зерттеп, жетілдірді.
Қарағандыдағы металлургиялық заводтың құрылысы мен Қостанай темір кенін, Атасудың темір кенін, кенді Алтайдың бірсыпыра кен орындарын, Қаратаудың фосфорын игеруде Қаныш Имантайұлы Сәтбаев үлкен роль атқарды.
Геология ғылымына қосқан елеулі үлесі үшін академияның академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев бастаған бір топ ғалымдарына 1958 жылы Лениндік сыйлығы берілді. [10]
Қаныш Сәтбаевтың ғылыми мұрасында екі жүзден астам кітаптар мен мақалалар бар. Сондай-ақ химиялық өнімдер алу үшін жергілікті шикізатты пайдалану жөнінде де бірқатар проблемаларды көтеріп, инициатива білдірген болатын. Жалпы алғанда Қазақстандағы ғылым мен жоғары білім саласындағы бастамалардың ішінде Сәтбаев белсене қатыспаған бірде-біреуі жоқ деуге болады. [11]
Ол геология ғылымына қатысты әлемдік, одақтық, қазақстандық түрлі дәрежедегі толып жатқан комиссиялардың, комиттертердің мүшесі, басшыларының бірі, бірнеше мәрте КСРО және Қазақ КСР жоғарғы кеңесінің депутаты, СОКП съездерінің делегаты, КСРО министрлер кеңесі жанындағы Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі комитеттің президиум мүшесі. Он төрт рет Ленин орденімен, Екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталып, КСРО Мемлекеттік және Лениндік сыйлықтарының иегері болған. Оның есімі институттар мен кен металлургия комбинаттарына, Қазақстан қалаларының көшелеріне, мектептер мен шаруашылық аттары берілген. Сондай-ақ Алатаудың бір шыңы мен мұздағы, Қаратаудың ванадий кенінің рудасынан табылған бір минерал (сатбаевит) оның атымен аталады. Оған арналған бірнеше мұражайлар бар. [12]
Қаныш – аяулы ғалымдылығымен бірге ол халықтың сүйген ұлы, бар өмірін, білімін ел игілігі үшін сарп еткен кісі. Сондықтан оның әдемі жарқын бейнесі біздің жас ұрпақтар үшін аса қадірлі, аса қымбат. [13]
Академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев қалдырған ғылыми мұра мен даңқты дәстүрді қастерлеп сақтай білу – оның нұрлы бейнесіне деген құрмет-ізет, ол Қаныш Имантайұлының өзі сияқты қажымайтын-талмайтын риясыз еңбекқор болуға үндейді. [14]
Қолданылған әдебиеттер тізімі
- Абай (Ибраһим) Құнанбаев «Қара сөздер» 82 – бет
- М.Сәрсекеев «Сәтбаев» 3 – бет
- Қ.Сәтбаев «Таңдамалы» 1-том 7-бет.
- Жайсаң жандар. Қаныш аға. В.А.Обручев «Мен үшін ол – зор мақтаныш»
9-11 бет.
- Жайсаң жандар. Қаныш аға Н.В.Мельников «Парасат жемісі» 22-бет.
- Тарихи тұлғалар 109-бет.
- Жайсаң жандар. Қаныш аға Н.В.Мельников «Парасат жемісі» 22-бет.
- Жайсаң жандар. Қаныш аға. Ш.Шокин «Ғылымның төрағасы» 142 – бет
- Жайсаң жандар. Қаныш аға. М.П.Русаков «Жастайынан бірге өскен» 50 –
бет.
- Жайсаң жандар. Қаныш аға. Ш.Шокин «Ғылымның төрағасы» 143 – 155
беттер.
- Жайсаң жандар. Қаныш аға. Н.В.Мельников «Парасат жемісі» 23-бет.
- Тарихи тұлғалар 110 – бет.
- Жайсаң жандар. Ә.Марғұлан «Халықсың сүйген ұлы» 27-бет.
- Жайсаң жандар. Ш.Шокин «Ғылымның төрағасы» 155 – бет.