Отбасындағы бала тәрбиесі – қоғам айнасы.

Отбасындағы бала тәрбиесі қоғам айнасы.

Тақырыбы: Отбасындағы бала тәрбиесі – қоғам айнасы.

Мақсаты: Қазіргі кездегі баланың дамуына, жеке тұлға болып қалыптасуына ата-ана тәрбиесінің әдіс-тәсілдерін жетілдіре отырып, қарым-қатынас орнату.

Тренинг бағдарламасы:

  1. «Танысу» жаттығуы
  2. «Біз біргеміз» жаттығуы
  3. «Байлаулы бала» тренинг
  4. Ситуациялық жағдаяттар
  5. Сергіту сәті «Отбасылық құндылық ағашы» жаттығуы
  6. «Қамқорлық көрсетейік» жаттығуы
  7. «Күн шуағы» жаттығуы
  8. Қорытынды сөз

Кіріспе сөз

Құрметті ата-аналар! Бүгінгі «Отбасындағы бала тәрбиесі – қоғам айнасы» атты тақырыптағы тренингке қош келдіңіздер! Адамның өмірдегі ең қымбаттысы, көз қуанышы – бала. Бала –дербес тұлға. Оның бойындағы табиғи қасиеттер, адамгершілік құндылықтары отбасында, мектепте, әлеуметтік ортада нәрленеді, толысып, әрленеді. Барлық бала жақсы мен жаман әдеттерді өзі өскен шаңырақтан үйренеді. Егер отбасында ата-аналар өзара жақсы қарым-қатынаста болса перзенттері де әдепті, тәрбиелі болып өседі. Ата – бабаларымыз айтқандай «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген нақылдың астарында қаншама мән-мағына жатыр. Бала отбасында жақсы үлгі-өнегемен, саналы тәлім-тәрбиемен жастайынан сусындаса, ер жеткенде сіздерді ылғида қуантып, қуанышқа бөлеп, абыройларыңызды асқақтатары хақ. Сондықтан да өмірдің өтпелі қиын кезеңдерінде ұл-қыздарымыздың саналы тәрбие мен сапалы білім алуына күш салайық. Бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарап, оқыту мен адамгершілікке тәрбиелеуде отбасының басым рөлін мойындап, бірлесе, ынтымақтаса әрекет етуіміз керек. Бала тәрбиесінде шыдамдылық танытып, өз балаларыңызға жүрек жылуын сыйлай біліңіздер!

 

  1. Танысу жаттығуы.

Әр ата-ана өз есімдерінің алғашқы әріпіне сай келетін сын есім айтып, өздерін таныстырады.

  1. « Біз біргеміз!»  жаттығулар

 

  1. Балаңыздың туған күні?
  2. Сынып жетекшіңіздің толық аты жөні?
  3. Балаңыз қандай өлшемді аяқ киім киеді?
  4. Балаңыздың сүйікті асы не?
  5. Балаңыз қандай түсті жақсы көреді?
  6. Балаңыз спорттың қандай түрін жақсы көреді?
  7. Балаңыз 1-сыныпқа қай жылы барды?
  8. Балаңызды еркелетіп қандай сөз айтасыз?
  9. Балаңыз қай пәнді ерекше қызығушылық танытып ұнатады?
  10. Балаңыз сізді ренжіткенде ең алдымен қандай сөз аузыңызға түседі?

 

 

 

 

 

 

  1. Байлаулы бала (тренинг):

Бір ата-ана ортаға шығады. Төмендегідей сұрақтар қойылады.

  1. Сіз балаңызбен көл жағасына бардыңыз. Балаңыз суға қызыққаны соншалық суға қарай жүгіріп кетті. Сіз қалай тоқтатасыз? (аяғы байланады)
  2. Қарасаңыз балаңыз адамдардың тастап кеткен темекінің тұқылын жинап алып, сонымен ойнап отыр. Сіздің әрекетіңіз? (қолы байланады)
  3. Жұмыстан шаршап келсеңіз бала теледидардан атыс-шабыс, бір сөзбен айтқанда өз деңгейіне келмейтін кино көріп отыр. Сіздің әрекетіңіз? (көзі байланады)
  4. Балаңыз сізге басқа ұлттың қызын ұнатты. Бірақ сіздің қалауыңыз ол емес еді. Сіздің әрекетіңіз? (кеудесі байланады)
  5. Балаңыз досымен келіспей қалды да, жаман сөздермен сыбағасын берді. Сіздің айтар сөзіңіз? (аузы байланады)

Міне, баламыз қандай күйге түсті, құрметті ата-ана. Мұндай күйге түспес үшін баламызға неге болмайтынын, «өйткені» сөзін қолдана отырып түсіндіруіміз керек. Сонда ғана сіз бала тәрбиесінде мақсатыңызға жете аласыз.

  1. Ситуациялық жағдаяттар.

(Әр топ берілген жағдаяттарға ой-пікірін білдіріп,сұрақтарға жауап береді)

І топ. – Мен жанұяда жалғыз бала болдым, сондықтан да әке-шешем айтқанымды жасап, ерке өсірді. Әке-шешем ақшаны беретін болғандықтан, қымбат киімдер кидім, қасымдағы балаларға еріп, жаман әдеттерге әуес бола бастадым.Бар нәрсе оңайлықпен келетін болған соң өмірге жеңіл қарадым. Қаншама теріс қылықтарым үшін милицияға да түстім. Әр уақытта әкем ақшасының арқасында шығарып алатын еді. Мұның соңы жақсылыққа апармады. Сөйтіп, темір тордың аржағынан бір-ақ шықтым. Бүгінде бар жасаған,әрекетіме өкінемін, өмірімді қайтадан бастағым келеді. Кейінгілерге айтарым- теріс қылықтардан аулақ болып, өкінбейтіндей өмір сүріңдер.

Сұрақ:

  1. Әңгіме мазмұны бойынша өз пікіріңіз?
  2. Әңгіме кейіпкерінің теріс жолға түсуіне кім кінәлі деп ойлайсыз?
  3. Отбасы тәрбиесінде баланы еркін өсіру қажет пе? Бала тәрбиелеу ісіндегі әкенің ролі қандай деп ойлайсыз?

ІІ топ. Біздің отбасымызда бір күн тыныштық болса шы?…Біздің үй үнемі ұрыс-керістен арылмайды. Жанжалдың өз аяқ астынан туындай қалады. Шешем болса маған: «Күні бойы үиде болмайсың. Тигізер қолғабысың да шамалы »деп құлақ етімді жейді. Ал, әкем болса, күні-түні ішкені ішімдік, үйдің берекесін қашырады. Осындай жағдайлардан соң сабақ оқу қайдан болсын?… Ата –анаммен бірге тұрудан жүрегім айни бастады, үйден безіп кеткім келді. Не істерімді де білмеймін…    Сұрақ:

  1. Мұндай жағдайда не айтуға болама?
  2. Әңгімедегі жаны жаралы кейіпкерге қандай ақыл қосуға болады?
  3. Отбасында кейбір ата-аналардың өз баласының әрекетіне көңілі толмай «Сенің қолыңнан келмейді. Сен бұны жасай алмайсың» деп жататынын да байқап қаламыз. Баланың іс – әрекетіне осындай теріс баға беруге қалай қарайсыз?

ІІІ топ. Біз үш бала тәрбиелеп отырған жанұямыз. Екеуміз де жұмыссыздар қатарындамыз. Оқта – текте жалдамалы, жеке жұмыстар кездесіп қалып жатады. Оның өзі отбасы қажеттілігінен ауыспайды. Дегенмен де балаларымызды қаттарынан қалдырмай барымызша асырап, тәрбиелеп келеміз.9 – сынып оқитын қызымның қалауын жасай алмағаным жаныма қатты батады. «Сыныптағы қыздардың бәрінде ұялы телефон бар, тек қана менде жоқ» деп, күнде «әпер» деп мазамызды ала бастады. Соның кесірінен сабаққа да барғысы келмейді. Біздің жағдайымыз болса мынау. Не істеуге болады? Қызымның көңілін қалай ауласам екен? Кеңес берсеңіздер екен.

Сұрақ :

  1. Сіз қандай кеңес берер едіңіз?
  2. Сол ата – ананың орнында болсаңыз, қандай әрекет жасар едіңіз?
  3. Отбасында бала тәрбиелеу ісінің кездескен қиындықтар болды ма? Оны қандай жолмен шеше алдыңыз
  4. Сергіту сәті.

Шығармашылық жұмыс

І топ. «Отбасылық құндылық ағашы» жаттығуы.

Нұсқау: Үлкен ағаштың суретін салу керек. Бұл сіздің отбасылық құндылық ағашыңыз. Алдын-ала дайындалған отбасылық құндылықтар жазылған карточкалар таратылып беріледі. Оларды ағаштың тамырына, діңіне, бұтақтарына орналастыру керек. Тамыры сіздің ең негізгі отбасылық құндылық болып есептеледі, ағаштың діңіне орташа құндылықтарды, ал бұтақтарына отбасыңызға маңызды бірақ, қатты қолданбайтын, көп көңіл аудармайтын құндылықтарды орналастыру керек. Берілетін уақыт 5-7 минут.

Берілетін отбасылық құндылықтар:

  1. Мықты денсаулық
  2. Ағайындарыңа, достарыңа ашық есік
  3. Ауызбіршілік
  4. Ортақ қызығушылық
  5. Бір-біріңіздің жұмысына араласпау
  6. Қамқорлық
  7. Тәртіп
  8. Бос уақытыңызды бірге өткізу
  9. Сенімділік
  10. Ата-ананың сөз заң
  11. Ата-ана отбасының үлгісі
  12. Әлеуметтік жағдай
  13. Отбасылық сыйласымды қарым-қатынас
  14. Махаббат
  15. Мейірімділік
  16. Шынайылық
  17. Сырт көзге үлгі болу
  18. Береке
  19. Үлкенге – ізет, кішіге – құрмет
  20. Көп бала

Соңынан үлкен бәйтерек ағашы шығуы керек. Шыққан суретті өздері қорғап шығады.

  1. «Қамқорлық көрсеттейік» жаттығуы.

Мақсаты: Сіздің жақыныңызға көмектесуге қаншалықты қабілетті екеніңізді анықтау.

Нұсқау: Мына суретте бала бейнеленген. Оның бақыты үшін анық бір нәрсе жетіспейді, бірақ атап айтқанда не? Баланың қасында барлық суретті салыңыздар, сіздің ойыңыз бойынша оның көңіл – күйін қалай көтересіз. Бұл балаға тура келмейді – ау, бұл оған керек емес деген ойлар сізге кедергі келтірмесін. Не қаласаңыздар, соны салыңыздар.

«Бала сұлбасын жасау» жаттығуы. Нұсқау: Берілген қағаз бөлігінен бала сұлбасын жасаңыздар. Одан соң оған (яғни балаңызға айтатын) жақсы, марапат сөздеріңізді айтып отырып, бет – пішінін (қасын, көзін, аузын, мұрнын, құлағын) салыңыз. Міне, сіз тамаша бала сұлбасын жасадыңыз.

Енді…. Енді, сіздер әрбір қателігі үшін балаңызға қандай сөздер (жаман сөздер) айтасыздар? Сол сөздерді айта отырып, аяғын, қолын жыртыңыздар.

– Иә, неге ойланып қалдыңыздар?

– Жыртуға қимай отырсыздар ма?

– Қағаз да болса жыртуға қимай отырсыздар.

Байқадыңыздар ма, біз балаларымызға осылай жаман ұрсу сөздерімен бала жүрегіне қаяу салып, санасын улайды екенбіз. Әрбір сөзімізді айтарда ойланайық. Балаларымыздың бақыты үшін барымызды салайық. Ол үшін оған жылы сөздерімізді көбірек айтып, көңілін үнемі марқайтып жүрейік!

  1. «Күн шуағы» жаттығуы.

Біз әрбір күннен не күтеміз? Әр күніміз несімен ерекше? Бүгінгі өтіп бара жатқан күннен өзіме не алдым? Ертеңгі атар таңымнан, келер күнімен не күтемін? Қане, бәріміз енді бір сәт сол туралы ойланып көрейікші. Келер күнге жақсы тілектеріңізді, үміт еткен армандарыңызды қолдарыңыздағы күн сәулесіне жазып, алдарыңыздағы ілініп тұрған күннің айналасына бекітіңіздер. Тақтаға шеңбер ілінеді. Қатысушылар алдындағы қағаздарға өз тілектерін жазып, күн сәулесіне бекітеді. Тренинг- ойынымызға қатысқандарыңыз үшін көптен- көп рахмет. Сіздерге отбасыларыңызға бақыт, еңбектеріңізге жеміс, жұмыстарыңызға шығармашылық табыс тілеймін.

  1. «Жүректен жүрекке» жаттығуы

Стикерлер таратып беріледі. Ата –аналар өздерінің алған әсерлерін, тілектерін, кері байланысын білдіріп жазады. Ортадағы жүрекшеге жабыстырады.

Қане, енді барлығымыз ортаға айнала тұрып бір-бірімізге жүректен шыққан тілегімізді айтайық.

            Қорытынды сөз

Ардақты ата — аналар! Жел бесіктен, жер бесікке дейінгі адам өміріндегі тәрбиенің ұйытқысы ата — ана мен мектеп. Болашақ десек те, келешек десе де бала — ұрпақ деген мағынаны білдіреді.

Бала тәрбиесі – бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның мемлекеттік абыройлы міндеті. Кезінде Әл-Фараби бабамыз «Ғылым емес, ең алдымен тәрбиеге көңіл бөлу керек, тәрбиесіз адамға ғылым баянды болмайды» — демеп пе еді. Осыған орай бүкіл ата — ана тәрбиеге бет бұруы керек. Ұрпақ тәрбиесіне мүдделі екендігін ата — аналар іс — жүзінде дәлелдеп отырулары тиіс. Міне осындай ынтымақ бірлігінде ғана ойдағыдай нәтиже берері ақиқат.

Өмірдің өтпелі қиын кезеңінде ұл — қыздарымыздың саналы тәрбие мен нақты білім алуларына күш салайық. Балаға жауапкершілікпен қарап, оқыту мен адамгершілікке тәрбиелеуде отбасының басым рөлін мойындап, бірлесе, ынтымақтаса әрекет етуіміз қажет. Күшіміз бірлікте! Сіздерге көп рахмет. Сау болыңыздар.

 

 

 

 

Педагог-психолог:              Жко Әсел  Радикқызы

 

 

 

 

 

 

 

 

2021-2022 оқу жылы

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *