Қазақ поэзиясының құлагері
Қазақ поэзиясының құлагері
Ілияс Жансүгіров – ақын, драмашы, прозашы, оның поэзиясы ұлттық әдебиеттің классикалық байлығының қатарына жатады, қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі. 1894 жылы Алматы облысының Ақсу ауданында дүниеге келген. Ташкенттегі екі жылдық мұғалімдік курсты бітіріп, өз ауылында мұғалім болған. Одан кейін аз уақыт «Тілші» газетінде істеп, Верныйдағы Қазақ ағарту институтының меңгерушілігіне тағайындалды. Мәскеудегі Коммунистік журналистика институтын бітірген, соң «Еңбекші қазақ» газетінде қызмет атқарды. 1932-1934 жылдары – Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастыру комиссиясының төрағасы. 1933-1936 жылдары Қазақ КСР Орталық атқару комитетінің мүшесі болды. 1938 жылы саяси қуғын-сүргін құрбаны болды.
Биыл қазақ әдебиеті майданында түрлі жанрда қалам тербеп, өміршеңдігін өлмес туындыларымен байытқан талантты суреткер, қазақ поэзиясының құлагері – Ілияс Жансүгіровтың 130 жылдық мерейтойы. «Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді?», – деп өскелең ұрпаққа ұлағатты сөзін мұра етіп қалдырған Ілияс Жансүгіровтың ешқашан ескірмейтін, жылдар жылжыған сайын сан қырынан жарқырай беретін шығармашылығана терең бойлау, тұлғалық бейнесін жандандыру – ұлт үшін ұлы іс.
Талантты ақынның сан салалы, көп қырлы шығармаларының іргетасы сонау қазақ халқының фольклорлық мұрасы, Абай поэзиясы мен дүние жүзі әдебиетінің озық үлгілері арқылы қаланса керек. Жұрт тұрмысынан хабардар, қазақ тілінің бай мұрасын бойына жинақтаған бозбала әдебиет майданына ең алғаш 20-жылдардың басында ғана қадам басады. Небәрі 5-6 жылдың көлемінде қатарынан оза шапқан ақынның алғашқы жинағы 1928 жылы 34 жасында жарық көреді. «Күй», «Күйші», «Құлагер» атты классикалық шығармалары арқылы Ілияс поэзиясының ақылға – нұр, көңілге нәр берер, ешқашан «қартаймайтын» мәңгі жас поэзия екендігін аңғартып тұрғандай.
Ол туған даласын шексіз сүйді: әр өзенін, тау мен тасын, шөбін жатқа білді, аң-құстарының дауысын жазбай таныды. Шығармаларының басым көпшілігінде өзін қоршап тұрған әлемнің әдемілігін тілге тиек етті. Еркіндіктің соңғы сәттерінде басқа емес, қазақ даласының тауларын көріп үлгергені ақынның жанына жұбаныш болғандай. Бұлай дейтініміз, 1938 жылы Ілияс Жансүгіровпен бірге қазақ зиялыларының көрнекті тұлғалары Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев, Бейімбет Майлин жазықсыз сотталып, кейіннен атылды. Әрине, бұл зиялылар өзінің жазықсыз айыпталғанына кінәлі емес еді. Ал Ілияс Жансүгіровтың өлеңдері, поэмалары мен фельетондары Кеңес үкіметіне қауіп төндіруі мүмкін бе? Шынымен солай болса, оның шығармашылығында жасырылған жалғыз құпия осы ғана ма? Бұл сұраққа бірден жауап беру қиын. Өйткені ақынның өмірі мен шығармашылығы айналасындағы ақпараттың аздығы сонша, әлі күнге дейін ғалымдардың зерттеуі бір арнаға тоғыспай отыр. Тіпті оның ақындығының бастау алған күні де өткір дау тудыруда. Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұратбек Иманғазиновтің айтуынша, халық Ілияс ақынның поэзиясының бастау бұлағын 1917 жылы Семей қаласында шыққан «Сарыарқа» газетінде «Тілек», «Сарыарқа» атты екі өлеңінің жарық көруімен байланыстырған. Профессордың мәліметтеріне сүйенсек, Ілияс Жансүгіровтың поэзиясы 1912 жылдан басталғанын, ең алғаш 1958 жылы Қалижан Бекхожин Алматы қаласының Абай көшесінде орналасқан Ұлттық кітапханадан Ілиястың өз қолымен жазылған екі қолжазбалық кітабын тапқанын айтады. Бұл кітап бірінші кезекте «Қызыл жалау» және «Балдырған» деп аталса керек. Демек, Ілияс Жансүгіров 1912 жылдан бастап қолына дәптер ұстаған.
Қазақ поэзия әлемінде Ілияс Жансүгіровтің философиялық иірімдерге толы өлеңдері Абайдан кейін орын алатынын замандастары да мойындаған. Шынында, Ілиястың туындыларынын Абай салған соқпақ жолдар жиі кезедеседі. Мәселен, ақынның «Қорқамын» атты өлеңі Абайдың «Болыс болдым, мінеки» деген сатиралық өлеңінің ізімен жазылғанын анық байқаумызға болады.
Қаламын қолынан бір сәт тастамаған Ілияс Жансүгіров пен өзі көсіле жырлаған Ақан серінің Құлагерінің арасында ерекше ұқсастық бардай көрінеді. Зер салып қарасақ, екеуінің де бәйгенің алдын бергісіз дүлдүл екендігі рас. Тіпті жақсылық пен жамандық қатар жүретін тағдыр алаңында да, қасақана жасалған қайғылы өлімдерінде де әлі ашылмаған бір сыр жатқандай болып көрінеді.
Жастардың қаруы – оқу, білім» деген Ілияс Жансүгіровтың 130 жылдық мерейтойы қарсаңында ақынның поэзия мен драмалық шығармалары насихатталып, шығармашылық мұралары зерделенуде.
Уақыт ағыны жылжып, замана шежіресінің қилы парақтары ашылған сайын қазақтың небір көлеңкелі кезеңдерінде жарық болуға тырысқан жандардың әрекетін бірітіндеп қана біліп келе жатқанымыз өтірік емес. Бұл Ілияс Жансүгіровке де қатысты. Жоғарыда аталған игі шараларды жүзеге асыру – есімі ұлт санасынан жоғалмайтын Ілиястың рухы мен бүгінгі жастар үшін ұлттық парыздың айрықша үлгісі. Ілияс Жансүгіровтей ұлт зиялысы қазаққа бағына біткен ұлы тұлғасы болар бәлкім…