“Балабақша- тәрбие мен білімнің баспалдағы”
Жетісу облысы
Панфилов ауданы
Әулиеағаш ауылы
«Ертөстік» балабақшасының әдіскері
Абилхасенова Куралай Хожашқызы
Балабақша – тәрбие мен білімнің баспалдағы
Кемелді келешегіміздің тұғырлы тілегі болар жас жеткіншектерді тәрбиелеуге барынша қолдау көрсетіліп отырған бүгінгі таңда ұрпақ тәрбиесімен тікелей айналысатын алтын ұя балалар бақшасына деген көптің көзқарасы да түбегейлі жақсы жағына өзгеріп отыр. Оны жер жерде салынып, пайдалануға беріліп жатқан балабақша нысандарынан айқын аңғаруға болады. Сондай балабақшаның қатарында іске қосылғанына көп мезгіл бола қоймаса да, бүгінгі таңда өз қызметін сәтті бастап отырған Әулиеағаш ауылындағы «Ертөстік» балабақшасы да бар. Қазіргі таңда үздіксіз білім беру еліміздің ертеңі өсіп келе жатқан жас ұрпақтың білімінің тереңдігімен өлшенеді. Балабақша – баланың жүйелі түрде білім – тәрбие алатын ең алғашқы қоғамдық ошағы. Балабақшаның балаға беретін тәлім – тәрбиесінің қаншалықты мықты болуы, сол балабақшада қызмет ететін педагогикалық ұжымға, нақтырақ айтар болсақ, ұстазға байланысты.
Ұстаз – киелі мамандық. Ол ертеңгі болашақты , болашақ иесін – ұлтын тәрбиелейді. Адам тәрбиелеу , оған ғылым негіздерінен мағлұмат беру, баланы өмір сүруге икемдеу, адами қылықтарды бойына дарыту – ол оңай шаруа емес.
Тәрбиеші – суретші, әртіс, әдебиетші, ақылшы, дос және бала жанын бағамдар психолог. Елдің ертеңі мен ұлт болашағын жан – жақты тұлға ретінде қалыптастыруда мектепке дейінгі мекемелерге де үлкен жүк артып отыр.
Педагог К. Д. Ушинскийдің егер педагогика адамды жан – жақты тәрбиелегісі келсе, оны жан – жақты білуі керек деген терең мағыналы сөзін жадыма сақтай отырып, білімімді тереңдетіп, ізденуді мақсат еттім. Тәрбиеші баланы жан тәнімен сүюі керек. Алдымен рухани қуат беруі қажет. Мейірімділік, шыдамдылық, кешіре білу, баламен тең жағдайда сырласу, оның мүмкіндіктеріне сену, ойын әрқашан құлақ қоя тыңдау тәрізді қасиеттері арқылы ғана мен өз мәртебемді көтере аламын. Балаға үнемі қолдау көрсету – менің ізгі ұстанымым.
Балалар әдебиетінің атасы Ы. Алтынсарин «балалармен қысқа, ашуланбай, байсалды сөйлесу, мағыналы сөздермен түсіндіру керек» деп кеңес береді. Ал сәби жүрегіне қонымды жауап беру үшін, мен күнделікті оқу іс – әрекеттерді шынайы, жақсы, қызықты өткізуге тырысамын. Әр оқу іс – әрекетінің сәтті шығуы бірінші кезекте, әрине, тәрбиешілер қауымына – өзімізге байланысты.
Менің педагогикалық ұстанымым – кішкентай бүлдіршіндерге сапалы білім мен саналы тәрбие беру. Болашақта тәрбиеленушілерімнен Қазақстан елінің жарқын да белсенді балалары болады деген үлкен үміт күтемін.