Бала тәрбиесі – болашақ тәрбиесі

Айтжанов Райымбек Алуадинов 

Қазіргі қоғамға жүктелген ең жауапты міндет – тәуелсіз мемлекетіміздің іргетасы, яғни жас ұрпақты адамгершілік қасиетке тәрбиелеу, сапалы  білім беру. Егер адам бойында адамгершілік құндылықтар болмаса, мұның орнын терең білім де толтыра алмайтынын өмір өзі дәлелдегендей. Жастар тәрбиесінің болашағы – оларды адамгершілік – рухани жағынан нағыз адам етіп қалыптастыруды талап етеді. Осы жағдайда нағыз толыққанды тұлғаға айналары сөзсіз. Бала тәрбиесіндегі басты мәселе – балалардың тұлға аралық қатынасын дәріптеу, айналасындағы өз құрбы – құрдастарымен, отбасы мүшелерімен қарым – қатынас жасай білу, ол үшін өзге адамдарды түсінуі, қабылдауы, әр адамның даралық ерекшелігін жасына, ұлтына қарамастан саналы  қабылдай білуі, өзіне сын көзбен қарап, өзінің көңіл – күйін, атқарған іс – әрекетінің есебін түсініп, істеген ісінің нәтижесіне өзіндік баға бере алғанда оның болашағы биікте болары сөзсіз. Бала мұғалім берген білімді игеріп қана қоймай, оны әрі қарай өзінің белсенді ой санасы, іс – әрекетімен сабақтастыра білгенде болашағы кемел болары сөзсіз.

Ұрпақ жалғастығымен адамзат баласы мың жылдар жасап келеді, сәт сайын өзгеріп, өрлей дамыған саналы тірлік жалғасуда.  Адамзат еншісіне ғана тиісті сол тірлік дамуының бағбаны – тәрбие. Тәрбие – аға буынның кейінгі ұрпаққа мирас етіп табыстар озық тәжірибесі, үлгі – өнегесі, әдет – ғұрып, рухани байлығы болса, халық педагогикасы – қазақ халқының сан ғасырдан бері атадан балаға қалдырған өлмес мұра.

Ұрпақ тәрбиесі – бұл болашақ тірегі. «Адамзат ұрпағымен мың жасайды», – дегендей ұрпақ тәрбиесі – қай кезде де халықтық мәселе болған. Бүгінде, мектеп оқушыларының түрлі тәртіпсіздікке жол бермеуде, үлкен мен кішінің жарасты сыйластығын қалыптастыруда, ағайын – туыстардың ауызбіршілігін орнықтыруда әкелердің ықпалы ыдырап, үлкендердің тыйым салмауы олардың тәрбиесіне балта шабуда. Бұрындары  әкелер ұлдарын қастарына ертіп ел аралайды екен.Онда барған үйлерінің ылғи көрегенді шаңырақ, ақылгөйі бар ақылдарды көрсетеді екен. Мұндағы негізгі мәселе: балаға өзге шаңырықтағы ұлағатты істерді көрсету болған екен. Ал, қазір көбіне көп әкелер емес…шешелер сөйлейтін жағдайларды да көріп жатырмыз. Тәрбие жетілген сайын, халық соғұрлым бақытты болатындығын адамзат тарихи дәлелдеген. «Тәрбие – халықтың ғасырлар бойы жинақтап, іріктеп алған озық тәрбиесі мен ізгі қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіру, дүние танымын, өмірге деген көзқарасын және соған сай мінез – құлқын қалыптастыру», – делінген тәлім – тәрбие тұжырымдамасында. Тәрбиенің ең маңызды түрінің бірі – ең алдымен өз халқын, өз Отаннын сүюден басталуы да ерекше.

Мұғалім мамандығы жасандылықты қаламайды, уақыт талабынан қалыс қалуға төзбейді. Балалар біздің болашағымыз. Ертеңіміз, болашағымыз өсіп келуде. Бізден жаңа қоғам ғана жасалып келе жатқан жоқ, жаңа адамда жасалып келеді. Ұстаз шәкіртін түсіне білу керек. Сену керек. Дос болу керек. Ұстаз болу – қиын, бірақ ардақты іс – шәкірт пен ұстаз арасында достық сезімнің берік болуы қажет. Бала жүрегіне жол таба білмеген мұғалім кейде оны өзіне қарсы қойып алады, бала ерке келеді.

Бала тәрбиесі – үлкен өнер. Әр балаға, әр түрлі тәсіл керек. Біреуіне ақыл айтсаң да жетеді, біреуне ақыл жүрмейді, мінез – құлқына қарай басқа амал табу керек.Бала жүрегі кішкентай ғана күй сандық, ол кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімдердің қолында әр кез сол кілт жүру керек.

Қорыта келсек, өмірін осы тәрбиелік қызметке арнаған адамды, өз өнерін, бойындағы барлық қасиеттерін дарытқысы келетін адамды нағыз ұстаз деп атауға болады. «Жаңа адамды тек жаңашыл ұстаз ғана тәрбиелей алады». Өнегелі адамды тек өнегелі ұстаз ғана тәрбиелей алады. Сонда ғана, жастар болашағының шоқтығы биік болмақ. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп қазақ данасы Абай атамыз айтқандай шаршамайық, құрметті ұстаздар.

 

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *