СӨЗДІК ЖҰМЫСТАҒЫ БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІНІҢ ЖӘНЕ ХАЛЫҚ АУЫЗ ӘДЕБИЕТІНІҢ РӨЛІ

Түгелбай Қазына Даниярқызы

Аннотация: Бұл мақалада сөздік жұмыстағы балалар әдебиетінің және халық ауыз әдебиетінің рөлі жайында жан – жақты жазылған.Оқушылардың тілін дамыту және ойын тереңдету барысында сөздік жұмыстың маңыздылығы дәріптеліп, оны сәтті жүзеге асырудың тетіктері көрсетілген. Балалар әдебиеті мен халық ауыз әдебиетінің ерекшеліктері жөнінде сөз қозғалып, өскелең ұрпақ бойына сіңіру жолдары жазылған.

Кілт сөздер: сөздік жұмыс, балалар, әдебиет, халық, ауыз әдебиеті, оқушылар

Сөздік жұмыстың – оқушылардың ойы орамды, тілі таза болуы барысында маңызы зор. Балалар жаңа сөзбен танысу барысында оның мән – мағынасына мән беріп, терең талдау жасайды. Бұрын таныс емес сөзді пайдаланып сөйлем құрайды, мәтін жазып, өз әңгімелерін ортаға салады. Бұл оқушылардың айтылым, тыңдалым, жазылым дағдыларының бәрінің дамуына түрткі болып, тілдің тазалығын сақтауға негіз болмақ. Сондықтан, сөздік жұмысты сәтті ұйымдастыра білу – өзінің жақсы нәтижесін бермек.

Адамдар айтайын деген ойын бір – біріне ауызша да, жазбаша түрде де жеткізе алады, орфография немесе емле, дұрыс жазу қағидаларын белгілейді. Ал дұрыс жазу нормаларының көздейтін негізгі мақсаты – айтылмақ ойды жазба түрде дәл, айқын жеткізіп беру. Әдетте жазу жалпыға ортақ болғандықтан, оның ережелері де көпшілікке бірдей болып, қалың жұртшылықтың пайдалануына арналады. Сондықтан емле ережелері әрі ортақ, әрі тұрақты болуға тиіс.[1, 4 б.]

Әрине, сөздікпен жұмыс жасау барысында балалар әдебиетінің және халық ауыз әдебиетінің рөлі орасаң зор. Шығарма төл тарихтан сыр шертіп, қазақ халқының өзіне тән ерекшелігін көмкеріп тұратындығын ескерсек, ал оның құрамындағы оқушылар үшін таңсық сөздер білімнің көкжиегін кеңейтіп, тілдік қорды молайтуға септігін тигізеді.

Балалар әдебиеті – қоғам қажеттілігінен өрбіген әдебиеттің маңызды бір арнасы. Оның туу, қалыптасу, өркендеу тарихын жалпы қазақ әдебиеті тарихынан бөліп қарауға болмайды. «Балалар әдебиеті қоғамда балалар субмәдениетінің дамуын қамтамасыз ететін социомәдени кұбылыстардың бірі» болғандықтан да балалар әдебиетінің жас ұрпақ тәрбиесіндегі орны айрықша. Баланы қоғамның толыққанды мүшесі, дүниетанымы кең, заманына лайық жан жақты білімді, адамгершілігі мол тұлға етіп тәрбиелеу жолында балалар әдебиетінің баға жетпес құрал екендігін ұмытпаған жөн. 

Әдебиеттегі көркем шығарманың тілі балаларға мейлінше жақын, барынша түсінікті дүние болғандықтан, олардың ой – санасының дамуына да айтарлықтай ықпал етеді. Сол арқылы балалар айнала қоршаған ортаны барлай алады, табиғаттың сиқырлы сырларын сезіне біледі, халықтың әдемілік, әдептілік жайлы ұғымдарын бойына сіңіреді, ұлттық салт – дәстүр, әдет – ғұрып туралы түсінік алады. Мұның өзі баланың дара тұлға ретінде дамуына қажетті көркемдік, ізгілік қасиеттерді бойына жинауда халықтың рухани мұрасының құндылығын қуаттайды.

Қазақ әдебиеті энциклопедиясында: «Қазақ балалар фольклоры – ауыз әдебиетіндегі балалар тәрбиесіне арналған халықтық педагогиканың өмір тәжірибесінен алынған шығармалар жиынтығы. Қазақ балалар фольклоры балалардың психологиясына, олардың жас ерекшелігіне қарай қалыптасып, оларды адамгершілік, ізгілік қасиеттерге тәрбиелейтін ең сенімді құрал болып келді. Негізгі салалары – бесік жыры, жаңылтпаш, жұмбақ, өтірік өлең, мақал – мәтел, ертегі, аңыз – әңгіме, батырлық жырлар», – деген анықтама берілген. [2, 382 б.]

Бұлардың бәрі сөздік жұмыстың жемісті жүргізілуіне әсер етіп, оқушылардың тілдік қорын молайтып, өз ойын еркін жеткізуге, мүдірмей сөйлеуге, көркем жазуға машықтандырады. Сол себепті, балалар әдебиетінің және халық ауыз әдебиетінің сөздік жұмыс жасау барысында маңызы өте зор.

Әрбір оқушы көркем әдеби шығарманы оқи отыра, есте сақтау қабілеттері артып, тілдік қоры молайып, есте сақтау қабілеттері қалыптасып, тәрбиенің озық үлгілерін бойға жинайды.

Жалпы, оқу мен тәрбие егіз ұғым екенін ескерсек, әр шығармада терең мән – мағына жатқандығын да ұмытпағанымыз жөн. Әсіресе,сөздік жұмысты жан – жақты жетілдіре отыра, жақсылыққа қарай ойысуына жол ашып, тағылымды тәрбиені бойларына сіңіруге тиіспіз.Оны сөздерді пайдаланып, тәрбиеге негізделген тақырып аясында мәтін құрастыру арқылы қол жеткізуге болады.

«Тәрбиесіз берілген білім – адамзатты қас жауы» деп, атақты ғұлама ғалым айтқандай, мәтіндерден мән – мағына іздеп, оның маңызын өскелең ұрпақ бойына сіңіру көркем шығармалар арқылы сәтті жүзеге асатыны белгілі. Олай болса, ұрпақ тәрбиелеу барысында мүлт кетпегеніміз жөн.

Халқымыздың ұлы тұлғалары Шоқан, Абайлардың балалық шақтарында халық ауыз әдебиетімен сусындап өскендері мәлім. Осы ұлы адамдардың сана сезімінің, арман – қиялының ерте оянуына әдебиеттің түрткі болғаны анық. [3, 7 б.]

Ал, халық ауыз әдебиетінде сөздікпен жұмыс жасауға қолайлы көптеген сөздер жиынтығы бар. Әсіресе, көнерген, байырғы сөздерді өскелең ұрпақ бойына дарыту, таныстыру үздіксіз жүргізілуі қажет.

Жетілген әдепті тұлғаны тәрбиелеу халық тәрбиесінің, ең басты мақсаты болып табылады. Жетілген тұлғаның әдебі халықтың рухани мәдениетінің бір көрсеткіші десе болады, өйткені мұнда ер бала мен қыз баланың, ересек ұлдар мен қыздардың мінез қылықтарын, рухани ойларын, әдептілік бағдарын, тұлғаның қоршаған ортамен қарым – қатынасын қалыптастыруға ықпал ететін ойлар көрініс алады. [4, 242 б.]

Халық әдеп пен әділеттілік тәрбиесінің мақсаты ретінде халықтың рухани әдеп мәдениетінің байлығын бүгінгі қоғам талабына сай жүйеге келтіру балалардың оқу – тәрбие үдерісінде тәртібін дұрыс жолға қоюда септігін тигізеді. Әр халықтың жетілген тұлға туралы сипаттамалары бірін – бірі толықтырады, онда жалпы адамға тән ойлар айқындалған және халықтың үйлесімді бірлікте берілген ой – пікірлері ұсынылды. Мәселен, Орта Азия халқы үшін адамға тән үш парыз белгілі – жақсы ой, жақсы сөз және жақсы іс әрекет. Аталған парызды қазақ халқының жұмбақтарының шешімі толықтырады: дүниеде 3 жылдамдық бар – ақыл, ой және арман. Мұнда философиялық ұғым көрініс алған ой дегеніміз біреудің ойы, рухани ойы. Осы сөздің мағынасымен адамға тән қасиеттер байланысты: «ұқыпты адам,жұбату, шын пікір, жауыздық ниет, қатты күйзелу, қайғыру, мұңаю» – бұл сөздер тілде тұрақты тіркес ретінде қолданылады. Ақыл: ақылды болу, саналы болу. Арман: ашық арман. Сонымен, егер адамда армандау, шын пікір айта білу, уақытты және адамдарды түсіне білу, ақылды және парасаттылық қасиеттер қалыптасқан болса, онда ол халқының арасында сый мен құрметке ие болады. Біз оған нақты баға беру мақсатында көне заманнан келе жатқан өсиеттер мен дәстүрлі сөздерде көрсетілген әдептілік кодекс ережелерін жүйеге келтіреміз. [5].

Ұлттық тәрбиенің қайнар көзі қазақ халық педагогикасы мен дәстүрлеріне қайта оралу ғана емес, ол – қоғамдық өмір талабынан туындаған қажеттілік, мәдениеттің әлеуметтік – тұрмыстық дәстүрлі түрлерін танып – білу, оның рухани бастауына терең бойлау, туған елінің, ұлтының өзіндік ерекшелігін аялап, сақтауға үйрету.

Халық философиясы қоғамдық құбылыстардың әртүрлі заңдылықтарын, оның ішінде жас ұрпақ тәрбиесін де ой елегінен өткізіп белгілі бір тұғырдан баға беруге меңзейді. Олай болатыны тәрбиенің түрлері, негізгі қағидалары халық дүниетанымымен, көзқарасымен айқындалып, сонан туындап отырады. Мәселен, бағзы заманғы адамдардың түсініктерінде сол кездегі танымдарының да табы бар екендігі зиялы қауым арасында талас туғызбаған. Бұларға қоса, қалыптасып келе жатқан қоғамдық қатынастарды жақтау немесе заңдастыру тәрбие үрдісінің алдындағы негізгі міндеттерінің бірі. Осы істерге халықтық педагогиканың да тікелей қатысы бар. Себебі, тәлімсіз – тәрбиесіз, бір жүйеге түскен адамгершілік өлшемсіз қоғамдық қатынастардың да жете дамуы мүмкін емес. [6, 7 б.]

Қазіргі кезде Қазақстан Республикасы еліміздің интеллектуалдық потенциалын дамыту, адамдық ресурстардың сапасын, яғни халықаралық деңгейде бәсекеге төтеп бере алатын жастарды қалыптастыру міндетін алға қойып отыр. Алға қойылған мақсатқа жетудің бірден – бір жолы – жастардың ғылыми және көркем әдебиетке деген қызығушылығын арттыру, өз елінің тарихына, салт – дәстүріне деген сүйіспеншілік сезімін тіл арқылы жетілдіру.

Тілдің тазалығы қашан да ең өзекті мәселелер қатарынан түскен емес. Қанша ғасыр өтсе де, ұлтқа тән ерекшелік өз бояуын сақтап, жаңғыра бермек. Оны балалар әдебиеті арқылы дәріптеу, халық ауыз әдебиетінің тамаша үлгілері арқылы шебер жеткізу ұлт ұландарын ұлылыққа бастап, шебер сөйлеуге, терең ойлануға мүмкіндік бермек.

Осы орайда ұстаз шеберлігі, оның ұшқырлығы өзінің айшықты үлесін қосатыны анық. Сауатты маманнан дәріс алған шәкірттер шығармашылықтың шыңына көтеріліп өз ойын еркін жеткізе алатын, сөзі мығым тұлғаларға айналары анық. Олай болса, оқушыларды сөздік жұмысқа баулудың маңызы зор. Балаларға базарлық ұсынған авторлардың туындыларымен терең таныстырып, қаншама уақыт бойы ауыздан ауызға тарап, халықтың тамаша үніне айналған ауыз әдебиетімен сусындату өз ұлтын шексіз сүйетін перзенттер қатарын одан әрі арттыра сөзсіз.

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Көптомдық шығармалар жинағы [Мәтін] / Р. Сыздықова ; [жауап. ред. О. Жұбаева] .Алматы : Ел-шежіре, 2018 .– 2000 дана . 
2. Қазақ әдебиеті. Энциклопедия. – Алматы: Қазақстан даму институты, 1999. – 750 б.
3. Мектептің бастауыш сатысында қазақ халық ауыз әдебиеті үлгілерін оқыту әдістемесі [Мәтін] : оқу құралы / Ізғұттынова Рабиға Отарбайқызы … – Алматы, 2017. – 168 бет . 
4. Ө. А. Жолдасбековтың 85 жылдығына арналған “Қазіргі білім беру: әдістеме, технология, сапа” атты І халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция материалдары. – Талдықорған : [б. ж.], 2016. – 445 б.
5. Айналбеков Ж. Әдеп тәрбиесіне дайындаудың негізгі кезеңдері //Қазақстан мектебі. – 2015. №7. –Б 19-21.

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *