Қазақ фольклорындағы тәрбие
Қазір жас ұрпақты жан-жақты дамыған парасатты адам етіп қалыптастыру, оның бойында ұлттық сананы орнықтыру, өзін қоршаған дүниедегі, табиғат, адам өміріндегі, əдебиет пен өнердегі тұрмыстағы, салт-дəстүрдегі сұлулықты, жақсы мен жаманды ажырата білуге тəрбиелеу маңызды. Осыған орай, қазақ фольклорын оқыту барысында ата-бабаларымыздың салт-дəстүрлерін, əдет-ғұрпын, əдеби, мəдени бай қазынасын баланың зердесіне орнықтырып, парасатты, эстетикалық талғамы жоғары азамат eтіп тəрбиелеп өсіру қазақ әдебиеті мұғалімдерінің міндеті.
Эстетикалық талғам эстетикалық тәрбие арқылы қалыптасады. Ал эстетикалық тәрбие дегеніміз – қоршаған дүниенің, өнердің сұлулығын баланың көру және сұлулыққа талпыну қабілетін дамыту мақсатымен оның жеке басына ықпал етуге бағытталған, жүйелі үрдіс. Балаларды өнер құралдарымен тәрбиелеу – көркемдік тәрбие пәнін құрайды. Эстетикалық сезім дегеніміз – өмірдегі, көркем өнердегі әсемдікті қабылдаудан туатын эстетикалық нәр алу, толқу, рахаттану. Ол адам табиғатына ғана тән жоғарғы сезім.
Қазақ фольклоры – жас ұрпаққа дəстүрлі дүниетанымды түсінуге мүмкіндік беретін халық даналығының қайнар көзі. Ол – өмір сүрудің мəні мен мазмұнын, ұлттың тарихи тағдырын, болмысын, дүниетанымын айқындайтын өшпес мұра. Халық ауыз əдебиеті жанрларын тəрбие құралы ретінде пайдаланып балаларды ақылдылыққа, парасаттылыққа, адамгершілікке баулап жауыздық пен күресіп жеңе білуді уағыздаған, əділдікті үйрету маңызды.
«Фольклордың қай туындысын алсақ та ғибрат айтарлық, жөн-жоба мен үлгі-өнеге көрсетерлік қасиеті мол. Мұның бəрі де халық пікірі, келешек ұрпақты тəрбиелеудің эстетикалық құралы деп тануды қажет етеді. Өйткені, көркемдіктен лəззат алу, əсемдік пен сұлулықты ардақтау, озық мəдениетке бастап, жамандықтан жирендіріп отыру- халықтың талап-талғамының жемісі, сыншылдық көзқарасының нышандары»,- деп ғалым Т.Кəкішов фольклор жанрларының жастар тəрбиесіндегі маңызын ашып көрсетеді. Ел арасында кең тараған, қазақ фольклорының құнды жәдігерлері болып табылатын батырлық жырлар, ғашықтық жырлар, тарихи жырларда жастарға үлгі болар біріздендірілетін бас қаһармандар жетерлік. Атап айтқанда, батырлар жыры бойынша «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Қамбар батыр», «Ер Тарғын», «Ер Төстік», ғашықтық жырлар бойынша «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек пен Төлеген», «Ләйлі-Мәжнүн», «Қалқаман-Мамыр», «Айман-Шолпан», тарихи жырлар бойынша «Едіге батыр», «Ер Сайын», «Шора батыр», «Арқалық батыр», «Досан батыр» туралы жыр-дастандар бүгінгі таңда өзінің көркемдік қуатын да, тәрбиелік мәнін де, эстетикалық идеалын да жойған жоқ.
Ұлттық құндылық мәселесі сөз болғанда халықтың сан ғасырлар бойы жинақтаған алтын көмбесі – халық ауыз әдебиетіне тоқталмай өту мүмкін емес. Өйткені «сөз қадірін – өз қадірім» деп ұққан ата-бабамыз тілі мен діліне, ұрпақ тәрбиесіне қатысты көрген-түйгендерін, насихат-өнегесін халық ауыз әдебиеті арқылы мирас етіп отырған. Аты айтып тұрғандай, халық ауыз әдебиетінің алтын сандығы атадан балаға ауызша жеткізіліп, асыл мұраның қасиетті кілті жатқа айту арқылы табыс етіліп келді. Бертін келе, ел ішіндегі көкірек көзі ашық сауатты азаматтар бұл көмбені хатқа түсіріп, ғасырлар қойнауында жасырынып қалмаудың жаңаша жолын тапты. Қазіргі электронды ақпарат алудың жолдары кеңейіп, кітап оқу жағы кенжелеп отырған заманда «ел қазынасы – ескі сөзімізді» замана көшімен бірге алып жүру үшін том-том кітап шығару жеткіліксіз. Бүгінгі фольклортанушылардың алдында құнды мұраларымызды жастардың санасына сіңіртудің жаңаша жолдарын табу міндеттері тұр.
Қазақ фольклорының құнды мұраларын насихаттау халқымыздың қоршаған әлемдегі заттар мен табиғи, әлеуметтік құбылыстар туралы наным-түсінігін бүгінгі ұрпақ жатсынбай қабылдауына септігін тигізеді деген сенімдеміз.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1 Нұрмұхаметова Р. Мектеп жасына дейінгі балаларға қазақ фольклоры арқылы эстетикалық тəрбие беру. Пед.ғыл.кан.дисс.,Алматы,2003 ж.,28,94 б.
2.Ұзақбаева С.А. Балаларға эстетикалық тәрбие берудегі халық дәстүрі. ‒ Алматы, 1990 ж.
- Қаратаев М. Əдебиет жəне эстетика. Алматы, 1970ж.
- Алмаханова Х. Жас өспірімдерге эстетикалық тәрбие. Әдітемелік нұсқау. – Алматы, 1990.
4.Ұзақбаева С.А. Эстетикалық тәрбие негіздері.13 Дәріс. ‒ Алматы, 1991.
Кəкішов Т. Қазақ əдебиетінің сынының тарихы. Алматы, 1994 ж.,448 б.
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718