Тәрбиеші-бала бойына білім нәрін себетін басты тұлға

Абдрасилова Кульзада Қылышбекқызы

Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саясы бағыты атты Қазақстан халқына жолдауында «Балапан» бағдарламасының мерзімі 2020 жылға дейін ұзартылғаны баршаңызға мәлім. Бұл бағдарламаның маңызы мен мәні еліміздің жарқын болашағы жас ұрпаққа күнделікті тәрбие мен білім беретін тәрбиешілер қауымына да үлкен міндет жүктейді.

Біздің басты қызметіміз баланы тәрбиелеу. Шағын орталықтағы бала тәрбиесі-бұл жалпы тәрбиенің ең басты бөлігі. Ата-ана және отбасы мүшелері жас нәресте дүниеге келген күннен бастап, оның өміріне қамқорлық жасап, болашағын жоспарлайды және саналы азамат болып өсуі үшін қажет жағдай жасайды. Біз шағын орталыққа келген баланың тәрбиесіндегі кемшін қалған тұстарын жетістіріп, оны дене және ой еңбегіне үйретуге, күн тәртібін дұрыс реттеуге, салауатты өмір сүруге баулимыз, адал болуға тәрбиелеп, жақсылықты үйретуге, жамандықтан жиренуге үйрету арқылы бойында жастайынан мәдени құндылықтар мен адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға тырысамыз. Отбасы-бұл баланың өмір сүру ортасы.

Жеке адамның бойындағы ар-ұяты, ақыл-ойы, адамгершілігі, басқа адамдармен қарым-қатынаста болуы, мәдениеттілікке тәрбиелеуде отбасы алғашқы қадам. Отбасының басты қазығы. Алтын тіреу діңгегі-бала. Ата мен ана-бала тәрбиесінің қамқоршысы, өнегесі.

Ата-асқар тау,

Ана-бауырындағы бұлақ,

Бала жағасындағы құрақ,-деп ата-ана мен баланы табиғаттың тамаша құбылыстарына теңеген халық мақалы өте орынды айтылған. Өйткені отбасындағы ең басты тұлға-ана. Сол үшін ата-аналармен қатар тәрбиешінің жұмысы-шағын орталықта әр балаға қолайлы жағдай жасау, тәрбие мәселесінде еркіндік беру. Демек, бала нәзік, ал бала тәрбиесі одан да нәзік. Ол жан-жақты ойлауды, жанашырлықты, ізденімпаздықты қажет етеді. Бала тәрбиесі жас шыбық тәрізді, қалай исең, солай қарай иіледі. «Адамды адам ғана тәрбиелей алады»-деген қағида кімге болса да басшы болуы тиіс.

Өз қара басым бала тәрбиелеуде өзімді ұстамды, төзімді болуға тәрбиеледім. Өйткені әр балаға жеке тұлға ретінде қарау керек. Балалармен балаша ойнап, бала сияқты ойланып, психолог болу қажет. Тәрбие жұмыстарында, оқу үдерісінде баланың көңіл-күйіне, жан дүниесін түсінуге әрекет жасау керек. Тәрбиеші өзін жинақты, тіл байлығы күшті, мәдениетті тұлға ретінде көрсете білсе, бала да шағын орталықта жақсы тәлім-тәрбие алады. Шағын орталықтағы бала-ойын баласы. Сол үшін тәрбиеші балаға үйретер санамақтарды, ойындарды, тақпақтарды, ертегілерді жатқа білуі қажет. Неғұрлым балаға зейін қойып, оның мәселесін тыңдасаң, соғырлым бала саған жақын болады. Балаларды жаман, жақсы деп бөлуге болмайды. Әр баланың көрінбейтін бір өнері болады, тек соны тәрбиеші уақытында көріп, сыртқа көрсете білуі керек. Тәрбиеші деген сөз-алдымен баланы тәрбиелейтін адам, сосын білім беретін ұстаз. Мен бұл жағдайды былай көрсеткім келеді.

 

 

Тәрбиеші

 

 

 

 

Баланың                            баланың                      үлгі тұтар                       Баланың

екінші                                 досы                            тұлға                             көмекшісі

ата-анасы

 

М.Монтессори педагогикасының түсіндіруінше баланың туғаннан азамат болғанға дейін барлық өмірі оның еркіндігі мен дербестігінің дамуы болып табылады. Бұл технологияның ерекшелігі оқытудың бірыңғай бағдарламасы болмайды, әркім табиғат берген даму жолымен жүреді. Шағын орталықта сабақ болмайды, әр күн жалпы жиыннан басталады және жиыннан кейін әркім өз еркімен қалаған жұмысымен айналысады. Әр баланың іс-әрекеті өз еңбегіне қарай үлкендермен бағаланады. Мұндағы басты мәселе, бала өз-өзін бағалайды. Балалар, әртүрлі жастағы топ болып жұмыс жасайды, мысалы 2 жастағы баланың қасында 4 жасар бала жұмыс жасай алады. Олар бір-біріне кедергі келтірмейді, керісінше бір-біріне көмектеседі.

Осы орайда тәрбиешінің басшылыққа алатын негізгі ұстанымдары:

– Тәлім-тәрбие ұсынылған ойындарды меңгерту, оның бала зердесіне әсер етуі, қабылдауы, есте сақтауы.

– Тәрбиеші мен баланың арасындағы педагогикалық әдеп пен ынтымақтастықтың сақталуы.

– Балаларға берілетін тапсырманың шектен тыс ауыр болмауы.

– Ойын тәсілдерінің тиімділігі іс-әрекеті жүйелі, мазмұн сабақтастығын сақтай отырып, бірнеше компоненттерін құру.

– Тәрбие жұмыстарының баланың денсаулығын нығайтуға әсер ететіндей болуы шарт.

Мен тәрбиеші маман ретінде балаларға ұйымдастырылған оқу іс-әрекетін ойын түрінде өткізуге талпынамын. Өйткені, ойын барысында бала өзіне қойылған рөлді үлкен жауапкершілікпен қабылдайды, өздерін бір уақыт ересектер санатына қосады.

Мектепке дейінгі педагогтар балаларды эмоционалды жайлы жағдайын қамтамасыз етуге бағытталған әдістер мен формаларды өз жұмысында қолдануы қажет.

Концепцияда көрсетілген талаптарға сай жаңа формациялы тәрбиешілерді қалыптастыру қажет.

Жаңа формациялы тәрбиешілерді қалыптастырудың негізгі мақсаты:

– жеке тұлғаның қажеттіліктерін қалыптастыру;

– жеке тұлғаны жан-жақты дамыту;

– тәрбиешінің жеке тұлғалық қабілеттерін ашуға мүмкіндік тұғызу;

– тәрбиешінің кәсіби құзыреттілігін дамыту;

-тәрбиешінің біліктілігін арттыру;

Біздің басты мақсатымыз-баланы даму әлеміне енгізу болса, басты бағытымыз-баланың денсаулығын сақтау, нығайту оларды жан-жақты дамуына жағдай жасау. Бағдарламаларды тиімді қолдану арқылы балалардың ерік-жігерінің қалыптасуына өз бетінше ізденуіне, жеке тұлға ретінде дамуына, қалыптасуына басты назар аударып келеміз.

Тәрбиеші-жай ғана мамандық емес. Ол адам бағдарын жасаушы, келешек ұрпақтың сәулетшісі. Бұл сөздің астарында тәрбиеші мамандығының үлкен жауапкершілік иесі екендігін айқындап тұр. Шағын орталық жұмысы жауапты әрі қызықты. Жауаптылығы сол-Отанның лайықты тұлғаларын қалыптастыруда ең алғаш темірқазық болатын-мектепке дейінгі мекеме. Қызықтылығы сол-жас бүлдіршіндермен араласып, олардың тәтті қиялынан туындайтын әр сөзді, олардың балаң көңілімен ұштасып шығатын әр іс-қимылын күнделікті көзбен көрудің өзі ғанибет.

«Жол таңдауда жалтаңдауға болмайды» дегендей, әу баста ұлтымыздың тәуелсіз еліміздің ертеңі боларлық бүлдіршіндерді тәрбиелеу жолын таңдағаныма еш өкінбеймін. Керісінше, ауыртпалығы мен жауаптылығы мол осы кәсіпті таңдау арқылы қоғамдық дамуға өлшеусіз үлес қосып келе жатқанымызды мақтан етемін. Адам баласының өмірінде болуға тиіс бақыттың бірі не десек, ол-өз қалауыңмен таңдаған кәсіп-мамандығыңа деген ынтызарлық, әрі ыстық ықылас дер едім. Өз еңбегіне жан-тәнімен берілген, қоғамдық ортадағы жауапкершілікті тереңнен салмақтай алған, бір сөзбен айтқанда, өмірдің мәні адал, әрі мағыналы, жемісті әрі нәтижелі еңбекте жатқандығын түбегейлі түйсіне алған әр адам биікке бастар жолдың қадірін салмақтай біледі. Қалаған ісіңе ғашықтық пейілмен қарай білсең, өмірден өз орнынды тапқандығың! «Кәсібің-нәсібің»-дейді қазақ даналығы. Шын жүрекпен қалаған кәсіп арқылы ғана және жемісті еңбек арқылы өмірлік нәсібеңді, абырой-беделіңді, қоғам алдындағы құметіңді еселей аласың.

Ал, тәрбиеші болу-айтуға ғана оңай шаруа болғанымен, бұл мамандықтың қоғам үшін қаншалықты маңызы барлығын сол кәсіпті таңдағандар, осы жолда еңбек етіп жүрген жандар жақсы түсінеді.

Көрнекті тұлға Ахмет Байтұрсынұлы: «Балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайдан болсын» деген екен. Шағын орталық тәрбиешілері қай кезеңде болсын ертеңгі елім деп еңірейтін ұрпақты тәрбиелеуге тер төгуде. Бұл жолда үлкен ізденіс, парасат қажет. Ендеше, тәрбиешінің әр күні ізденіспен, ертеңгі азаматты қалыптастыру жауапкершілігімен ұштасып жатады.

Тәуелсіз жас ұрпағын лайықты түрде тәрбиелеу-біздерге артылған аса жоғары міндет. Осы міндетті орындау үшін әрбір тәрбиеші жанын салады. Ендеше, олардың әрқайсысының еңбегі қашанда құрметке лайық деп білемін.

Қиындығы мен қызығы, ауыртпалығы мен жауапкершілігі қатар жүретін осы еңбектің жолындағы педагогикалық ұстанымым-үнемі жаңалыққа ұмтылып, алдыңға қатардан көріну және алдымыздағы әр тәрбиеленушілеріміздің бойынан жылт еткен жақсылықты, талап пен талантты тауып, бұлақтың көзін ашу, биікке жетелеу, сондай ізденістер арқылы биік мақсаттарды орындау. Тәрбиеші болу-әр балаға екінші ана болуға парапар еңбек. Анадай мейірім мен қамқорлық таныту, аялы сөздермен ілтипат білдіріп, ізгіліктерге бағыттау біздің күнделікті еңбегімізде өріліп жатыр. Сондықтан да бұл іс екінің бірінің қолынан келе бермейді. Өйткені, бұл-бала жанын тереңнен сезінетін, өз ісін жан-жақты білетін, бүлдіршіндерді жан-тәнімен сүйе алатын, оларды бағалай білетін нағыз маманның қолынан ғана келетін іс дер едім.

Ел ертеңі де, болашақтың базары да, келешектің кемеңгерлері де-бүлдіршіндер емес пе? Олай болса, келешегіміз келісті, болашағымыз жарқын болсын!

 

 

 

 

Пайдаланған әдебиеттер.

  1. «Бала мен балабақша» журналы №5,2014
  2. Отбасы және балабақша журналы №6,2014
  3. М.Монтессори әдістемесі. Шымкент, 2015
  4. «Бала мен балабақша» журналы №3,2015

 

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *