Қазақстан Республикасының Конституциясы

Қазақстан Республикасының Конституциясы — Қазақстанның ата заңы. Ағымдағы Конституция 1995 жылғы 30 тамызда жалпыхалықтық референдум негізінде қабылданды және 5 қыркүйек күні өз күшіне енді. Конституция 9 тараудан, 99 баптан тұрады.

Конституция мемлекеттік құрылыстың құқықтық негізін қалыптастырушы құжат болып табылады. Ол мемлекеттілік тетік, қоғамдық, саяси институттар ретінде қызметтің негізі боларлық принциптерін орнықтырды, адам мен азаматтың конституциялық мәртебесін белгіледі, экономикалық құрылыстың негіздерін айқындады. Бұл тәуелсіз Қазақстанның қабылдаған екінші конституциясы. Алдыңғы конституция 1993 жылғы 28 қаңтарда қабылданған болатын.

Тарихы

Қазақ АКСР Конституциясы 1926 жыл

Алғашқы Қазақстан Конституциясы 1926 жылы 18 ақпанда КСРО құрылғаннан кейін 1925 жылғы РСФСР Конституциясы ескеріле отырып, ҚазАКСР Орталық Атқару Комитетінің қауылысымен түпкілікті редакцияда қабылданды, өйткені бұл кезде Қазақстан РСФСР-дың бір бөлігі еді. Бұл Негізгі заң басқару нысанын, мемлекеттік құрылысты, саяси режимді, мемлекеттік билік органдарының құрылымын, атқарушы-өкім беруші органдарын бекітті. Сайлау құқығының, бюджеттік құқықтың негізгі бастаулары белгіленді. Осы Конституцияға сәйкес Қазақстан РСФСР құрамындағы толық құқықты республика болып танылды.

Қазақ КСР Конституциясы 1937 жыл

1937 жылдың 26 наурызында Кеңестердің Бүкілқазақстандық Төтенше Х Съезінде қабылданған Қазақ КСР Конституциясы 11 бөлім мен 125 баптан тұрды. Ол жерде «КСРО Конституциясының 14-бабынан тыс Қазақ КСР өзінің егемендік құқықтарын толық сақтай отырып, мемлекеттік билікті өздігінен жүзеге асырады» делінген. 1937 жылдың Конституциясында экономикалық, саяси қорғаныс салалары бойынша өзара ықпалдастықты іске асыру мақсатында басқа да тең құқылы республикалармен еркін түрде одақтасуға құқылығы (13-бап), Қазақ КСР келісімінсіз территориясын өзгертуге тыйым салу (16-бап), жоғарғы республикалық және мемлекеттік биліктің жергілікті органдары қалыптастыратын, заңнаманы жүзеге асыру, мемлекеттік және қоғамдық тәртіпті және де азаматтар құқығын, салық салу т.б. мәселелерді қорғау бойынша республика саясатын жүргізу құқықтары бекітілген (19-бап).
Сонымен қатар, сот пен прокуратура жүйесі қамтылған. Халық соттары аудан азаматтарының тарапынан құпия сайлау жолымен жалпы, тікелей және тең сайлау құқығы негізінде сайланып, сот ісін жүргізу қазақ тілінде, ал басқа ұлт өкілдері шоғырланған аудандарда олардың ана тілдерінде жүргізілуі тиіс болған (83-90-баптар).
1937 жылдың Конституциясында азаматтардың негізгі құқықтары мен міндеттері анықталған: еңбек етуге құқылығы (96-бап), демалысқа құқылығы (97-бап), қартаю, ауру болу және еңбекке қабілетсіз болып қалу жағдайларында материалды қамтамасыз етілуге құқылығы (98-бап), денсаулық сақтау, сөз, баспасөз, жиын, митинг, көше шерулері мен демонстрацияларға еркіндік берілуі кепілдігі, тұлғаға, тұрғын-жайға, азаматтардың хат жазысу арқылы жеке хат алысуға дербес құқықтары, шетел азаматтарына саяси баспана беру құқығы.

Қазақ КСР Конституциясы 1978 жыл

ІХ шақырылған республика Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс VII сессиясында 1978 жылы 20 сәуірде қабылданған Қазақ КСР Конституциясы кіріспеден, 10 бөлім, 19 тарау және 173 баптан тұрады. Конституцияға сәйкес, бүкіл өкімет билігі жұмысшы, шаруа және еңбек интеллигенциясы таптарына жататын халықтың қолында болды.

Қазақстан Республикасының Конституциясы 1993 жыл

Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда ХІІ шақырылған Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің ІХ сессиясында қабылданды. Ол кіріспеден, 4 бөлім, 21 тарау және 131 баптан тұрады.
Конституция Қазақстан мемлекеттік егемендігін алған сәттен бергі көптеген құқықтық нормаларды:

  • халықтық егемендік
  • мемлекет тәуелсіздігі
  • билікті бөлісу принципі
  • қазақ тілін мемлекеттік деп тану
  • Президентті мемлекет басшысы деп тану
  • сот органдарын — Жоғарғы, Конституциялық және Жоғары Арбитраждық соттар және басқаларды қамтыды.

1993 жылғы Конституция негізіне парламенттік республика моделі алынды.

Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жыл

Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда қабылданды.

1995 жылы 30 тамызда республикада бүкілхалықтық референдум өтті, нәтижесінде Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды. Дауыс беру еліміздің қалалары мен ауылдарындағы 10253 сайлау учаскелерінде жүрді. Бұл Конституцияның 1993 жылғы Конституциядан айырмашылығы оның мазмұнының сапасында еді. Жаңа Конституцияға алғаш рет азаматтың құқығына қатысты ғана емес, адам дүниеге келген сәттен одан ажырамас құқықтарына да қатысты нормалар енді. Ол бойынша Қазақстан Республикасының Президенті саяси жүйенің басты тұлғасы болып табылады, билік тармақтарынан жоғары тұрады. Бұл президенттік басқару жүйесіндегі мемлекетке сай келеді. Парламент туралы конституциялық бөлім өзгерістерге ұшырады.

1995 жылы желтоқсанда екі палаталы (жоғарғы палата — Сенат, төменгі палата — Мәжіліс) Парламентке сайлау өткізілді.

Конституция құрылымы

  • I бөлім. Жалпы ережелер
  • II бөлім. Адам және азамат
  • III бөлім. Президент
  • IV бөлім. Парламент
  • V бөлім. Үкімет
  • VI бөлім. Конституциялық сот
  • VII бөлім. Соттар және сот төрелігі. Прокуратура. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл
  • VIII бөлім. Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару
  • IX Бөлім. Қорытынды және өтпелі ережелер

Өзгертулер мен түзетулер

1998 жыл

Конституцияның 19 бабына түзету енгізілді. Президенттікке кандидаттың жас шегі 40-қа дейін көтеріліп, 65 жасқа дейінгі шектеу алынып тасталды. Президент бес жыл емес, жеті жыл мерзімге сайланады деген өзгеріс енді. Мәжіліс депутаттарының саны 67-ден 77-ге дейін артты.

2007 жыл

Қазақстанның елордасы Астана қаласы деп түзетілді. Өлім жазасы адамдардың қаза болуымен байланысты террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ соғыс уақытында ерекше ауыр қылмыстар жасағаны үшін ең ауыр жаза ретінде заңмен белгіленді. Президент енді жеті жыл емес, бес жыл мерзімге сайланатын болды. Сондай-ақ, мемлекет басшысы Қазақстанда кемiнде 15 жыл емес, соңғы 15 жыл бойы тұруы керектігі айқындалды.  Бiр адам қатарынан екi реттен артық президент болып сайланбайтыны, бірақ бұл шектеу ҚР Тұңғыш Президентіне қолданылмайтыны жазылды. Республика Президентi өз өкiлеттiгiн жүзеге асыру кезеңiнде саяси партиядағы қызметiн тоқтата тұрады деген тармақ алынып тасталды.

2011 жыл

41-бап “Президенттің кезектен тыс сайлауы президент шешімімен тағайындалады және конституциялық заңда белгіленген тәртіп пен мерзімде өткізіледі” деген тармақпен толықтырылды.

2017 жыл

Президенттің бірқатар өкілеттігі биліктің басқа тармақтарына берілді. Азаматтықтан айыруға террористік қылмыстар жасағаны, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өмірлік маңызы бар мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтіргені үшін соттың шешімімен ғана жол берілетіні жазылды.

2019 жыл

19 наурызда Нұрсұлтан Назарбаев мерзімінен бұрын президенттік өкілеттігін тоқтататынын мәлімдеді. 20 наурызда ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант беріп, уақытша президент болды. Сол күні ол ел астанасына Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беруді ұсынып, парламент жедел түрде Астана атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерту туралы заң жобасын қабылдады.

2022 жылғы 8 маусым

5 маусымда өткен жалпыұлттық референдум нәтижесінде Конституцияның 33 бабына 56 өзгеріс енгізілді. Соның ішінде:

  • Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі екені атап өтілді
  • Президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметші, квазимемлекеттік сектор субъектісі басшылары лауазымдарын атқаруға және Президент өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияда болуына тыйым салынды
  • Мемлекеттік хатшы лауазымы жойылып, орнына мемлекеттік кеңесші лауазымы құрылды
  • Конституциялық сот қайта құрылды
  • Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті Жоғары аудиторлық палата болып құрылды
  • Өлім жазасына тыйым салынды
  • Мәжілістің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша құрылады
  • Мәжіліс депутаттары 107-ден 98-ге қысқарды
  • Сенаттағы президенттік квота қысқарды, мәжілістегі ҚХА квотасы жойылды
  • Мажоритарлық жүйе депутатты сайлаушылардың қалауы бойынша шақыртып алуға мүмкіндік береді
  • Тұңғыш президенттің ерекше рөлі мен артықшылықтары туралы ережелер алып тасталды
2022 жылғы 17 қыркүйек

Қазақстанның елордасына бұрынғы Астана атауы қайтарылуына байланысты өзгерістер енгізілді.

https://kk.wikipedia.org/

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *