ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ҚҰРМЕТ, ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ БАҒАЛАУ БАЛАБАҚШАДАН.

БАЙЖІГІТОВА МАНАТ ҚАЛДЫБАЙҚЫЗЫ

 

ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ҚҰРМЕТ, ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫМЫЗДЫ БАҒАЛАУ БАЛАБАҚШАДАН.

Қазақ сыныбында оқитын баламның сынып жиналысына бардым. Жиналыс басынан аяғына дейін орыс тілінде өтті. Қоңырау кезінде сыныптың оқушылары бір-бірімен орысша шүлдірлеп тұр. Осы мәселені аулада кішкентай қызымның бірге ойнайтын құрбыларының ата-аналарымен талқыладым.

Бір қыздың әжесі: «Бүгінде барлығы аулада орысша сөйлеседі, үйде орысша сөйлейміз, теледидарда ақпарат орысша. Қазақ тілін үйренсін деп немеремді арнайы қазақ балабақшасына бергіздім», -деді.

Көрші ата-ананың бірі: Балам тамақ ішіп болып орнынан тұрып бара жатқан әкесіне: «Әке, тамақ ішіп болған соң, асқа бата беру керек қой! Біз балабақшада күнде тамақ ішіп болғанда, ас қайырамыз»,- деп таң қалдырмасы бар ма… Әкесі «Батаны қалай береді?»- дегенде, балам екі алақанын жайып, бата айтып, ас қайырды. Содан бері ас ішіп болғанша ешкім орнынан тұрып кетпей, барлық отбасы мүшелеріміз тамақтанып болған соң ас қайырып, дастарханнан бірге тұратын болдық»,- деді.

Тағы бірде кішкентай қызым баратын Астана қаласындағы Әсемгүл балабақшасының қазақ тілі пәнінің мұғалімі Назерке Құрбанәліқызының ортаңғы топқа қазақ тілі мен әдебиеті пәні сабағының куәсі болдым. Сабақ балалармен шаттық шеңберін құрып сәлемдесуден басталды. Негізгі бөлім сурет арқылы түсіндіріліп, балалармен сұрақ-жауап арқылы «Менің бөлмем» атты тақырып ашылды. Сергіту сәтінде «Ұзын құлақ сұр қоян» тақпағына сергіту жаттығулары жасалды. «Менің бөлмем» тақырыбындағы түссіз суретті түрлі-түсті қарындашпен бояп, қорытынды бөлімде әр баланың сабаққа қатысуы мен суреттерді кім қалай бояғанына оң баға берілді. Ұстаздың біліктілігі арқасында айналдырған бір сабақта бар болғаны үш жастағы бала қаншама ақпарат алды, тіл дамыту, жаңа сөздер жаттау орын алды, қимыл-қозғалыс, саусақ, тірек-қимыл жаттығулары жасалды, суретті бояу кезінде бала түстердің қазақша атауларын ажыратып үйренді. Сергіту сәтінде қимыл қозғалыс, тірек қимыл жаттығуларын орындап қана қоймай, «қоян» деген аңның атауын, оның төлі қазақ тілінде «көжек» деп аталатынын білді. Бүлдіршіндер сұрақтарға жауап ретінде өз бөлмесіндегі қуыршақтары, мүлік атаулары, тіпті пердесінің түсі мен қандай мультперсонаждың суреті бар екендігіне дейін жарыса айтып жатты. Әр бала өз жауабына, қимыл жаттығуды қалай жасағанына, суретті бояғанына мұғалімнен мақтау естіп, сабақ позитивті эмоцияға толы болды, яғни балалардың өзін-өзі бағалау деңгейі жоғарылады. Бала бір ғана сабақтан жаңа білім мен дағдыларды үйренді, олардың физикалық қана емес, шығармашылық және интеллектуалды қабілеттері дамыды.

Осы оқиғаларды салыстыра келе, ана тілімізге құрмет пен ұмытылып бара жатқан ұлттық, отбасылық құндылықтарымызды бағалау балабақшадан басталатынына көзім жетті. Тіпті мектеп жасына дейінгі бала арқылы ата-ананы тәрбиелеу де балабақшаның қолында екен.

Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың Жетінші қарасөзінде айтылған «Жас бала …не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейтін жан құмарлығына толы, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген кезеңінде», оның қоғам мүшесі ретінде енді ғана қалыптасып келе жатқан  шағында, балабақша қабырғасында алған тәрбиесі мен ортаны тануы, дұрыс таным қалыптасуы – болашағымыздың жарқын келбеті. Балабақшаның негізгі міндеті: «Сол қуат жетпеген, ми толмаған ессіз бала күндегі «бұл немене, ол немене?» деп, бір нәрсені сұрап білсем екен дегенде, ұйқы, тамақ та есімізден шығып кететұғын құмарымызды» тыйып тастамай» (Абай 7-қара сөз), мектеп табалдырығын аттаған кезеңде қажетті дағдыларын қалыптастыруға үлкен үлес қосу, Яғни Абай айтқандай «ержеткен соң, ақыл кіргенде, орнын тауып ізденіп, кісісін тауып сұранып, ғылым тапқандардың жолына салуға» (Абай 7-қара сөз) ықпал ету – балабақшаның қолынан келетін құдіреті.

 

 

 

 

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *