Қазіргі сынып жетекші қандай болуы керек?
Шобанов Асылхан Манарбекович
Тәртіп көрген адам бала күнінде,
Өнерімен қуандырыр түбінде
(Ж. Баласағұн)
Тәрбиенің негізгі мақсаты – дені сау, ұлттық сана – сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар – ожданы мол, еңбекқор, іскер, бойында басқа да жақсы қасиеттер қалыптасқан ұрпақ тәрбиелеу. Сол себепті сынып жетекшісінің бала тәрбиесінде алатын орны зор.
Мектептегі білім мен тәрбие – егіз ұғымдар. Мектепті білім тірегі десек, ұстаз-оның жүрегі . Мұғалім жас ұрпақтың жан-жақты терең білім алуымен қатар саналы да тәрбиелі, зерделілік деңгейі жоғары болуы үшін тер төгіп, еңбек етеді. Өз тәжірибемнен байқағаным, сынып жетекшіден үлкен жауапкершілік талап етіледі.
Оқушы идеалы, адами қасиетті бойға дарытушы, рухани тәрбие беріп, мәдениетке шақырушы. Қатігездікке, құқық бұзушылыққа қарсы тұруға, өз тәртіптерін, істерін бағалай білу бағытында «Лаңкестік қоғамға төнген қауіп» атты тәрбие сағаты өткізілді. Сынып оқушылары бір үйдің баласындай тату болу керектігін санасына құйдым. Нәтижесінде сыныпта «Бірі бәрі үшін, бәрі бірі үшін» принципі қалыптасты. Кезекті ашық сабақтарымды өз сыныбыма өткізу дәстүрге айналды. Мақсатым- оларды топ алдында қысылмай еркін сөйлеуге қалыптастыру, білімін молайту, іздендіру, шығармашылық қабілетін ояту. Әрбір сабақта психологиялық тренинг арқылы оқушылардың қызығушылығын дамыта отырып, тәрбие беру.
Мектепте «Ұстаз-Бала-Ата-ана» секілді үштік одақ орнап қоймай, сонымен қатар балалар бойындағы жақсылы- жаманды қасиеттерін байқап, дер кезінде қателігін түзеуге тырыстық.
Тәрбиенің бағыттары көп. Соның ішінде патриоттық тәрбиеге көп көңіл бөлемін. Осы төңіректе «Өз елінің тарихын білесің бе?», «Тәуелсіздік-елімнің ерлік жол» атты пікірталастар оздырылды.
Пікірталастың оқушы өмірі үшін , сынып жетекшісіне баланың ішкі жан- дүниесін зерттеп, білу үшін де көп пайдасы бар. Оқушылардың ойын ауызша да, жазбаша да, сурет салу арқылы да жарыққа шығартып, ситуациялық жағдаяттарды, өмірдегі таза шындықты көрсету арқылы олардың жүрегіндегі ақ пен қараны айыра білу, еңбекқорлыққа баулу, адамгершілік ізгі қасиеттерді бойға жиып, қатігездіктен аулақ болуға шақырады. 8 сыныпта «Мен-қоғамның бөлшегімін» тақырыбында пікірталасты ұйымдастырдым. Мақсатым – сыныптағы әрбір оқушының өзін – өзі тануына, сын көзбен қарай білуіне жол ашу; өзін тәрбиелеуші ортадағы адамдарға құрметпен қарауға, айтылған ақыл – кеңестерді ыждағаттылықпен тыңдап, жеке адам боп қалыптасуына мүмкіндік туғызу болатын. Оқушыларға ойланатындай 4 түрлі сұрақтар қойдым.
1) Абай айтқан бес асыл қасиеті ( талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым) өз бойыңнан табыла ма, ойланып көрдің бе? 2) Ата- ана алдындағы парыз деген не? 3) Өзіңді қоршаған ортада, -өзіңді қалай ұстайсың? 4) Жеке тұлғаларда қандай адам жаныңа жақын немесе кімге еліктейсің? Жазбаша түрде пікірлерін оқығанымда, сыныптың ой- санасының қалай қалыптасқанын , өмірге деген көзқарасының қандай екенін байқап дер кезінде бағыт беруге болатынын байқадым. Кейбіреуі өмірде жақсы адамдарға еліктесе, тағы біреулері ата- ана алдындағы парызын түсінетіндігі, ең асыл адам деп танып,өскесін бар жақсылықты жасайтындығын туған өлкесін қорғайтынын жазған.
Ендігі менің басты арманым – қанат қағып ұядан ұшқан шәкірттерімнің өмірде қателеспей, сүйікті мамандығының иесі атанып, Отанына, еліне, ата- анасына адал қызмет етер саналы азамат, азаматша атанса. Қай ортада жүрсе де , өнегелі тәрбиемен өскендігін таныта алса, ұрпағына үлгі болса дегім келеді.