Білім сапасын көтергіміз келсе… Қазақстан Үкіметі мен оқу-ағарту министрі назарына.  

Қазақстан Үкіметі мен оқу-ағарту министрі назарына.

Білім сапасын көтергіміз келсе…

          Құрметті халайық! Өзіміз зейнет жаста жүрсек те, кәсібіміз ұстаздық болғандықтан, бір құлағымыз қашанда мектеп жаққа түрулі жүретіні, сондай –ақ, әр жылғы ҰБТ-дағы жағдай бізді де қатты алаңдататыны белгілі еді. Кейінгі екі жылдағы тәжді індеттің әуре-сарсаңы мектептердегі оқыту үрдісіне де өте-мөте кедергі болғанын білеміз. Әйтсе де одан бүрынғы Білім Министрлерінің әр үш жылда ауысып, әрқайсысы мектеп бағдарламасына өз «жаңалығын» тықпалап, онсыз да оқушының азғана миын атала еткенінен хабардар болатынбыз. Мектеп оқушыларының Кеңестік кезеңде білімге құштарлығы өте жоғары болатын. Сондықтан да Кеңес ғалымдары мен инженерлері әлемдік рейтингте ең алдыңғы қатардан орын алатын. Балалардың оқу-білімге деген құштарлығы сап тиылып, төмен құлдырауы Ел егемендік алғаннан кейін басталды. Өйткені елді жайлаған берекесіздік жастарды да аяп қоймады. Көзін ашып көргені елдегі етек алған жемқорлық, парақорлық, ұрлық-қарлық, имансыздық көріністер болған балалар енді не істесін. Олар да көргенін істеп, үйренді. Нәтижеде кержалқау, жан ауыртпай оңай ақша тапқысы келетін, ұрлық-қарлықтан да жиіркенбейтін балалар көбейді. Болса да сабақ, кітап жайына қалды. Қолынан келсе ыртың-жыртың ішіп-жеу, көңіл көтергенді кәсіп етті. Ал мектептердің сен сабақ оқы-оқыма, кітап бетін ашпасаң да «үштік» қойып, сыныптан сыныпқа өткізіп, қолыңа аттестат ұстататынын тағы көрді. Ал, бұл кезде жоғарғы оқу орнындарында да жағдай мәз емес-ті. Ақшаң болса онда да оқуды қиналмай бітіріп, қаласаң Ғылым докторы, Академик те болып кетуің түк еместігіне көз жетті.

Міне біз ұзақ жылдар бойы балаларға осындай тәрбие бердік. Егемендік алған 30 жыл ішінде біздің қандай ұрпақ өсіргенімізді 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы анық көрсетті. Ешқандай елдік, адамшылық сана-сезімнен ада, тегін дүние үшін кім көрінгеннің соңынан ере беретін көрсоқыр ұрпақ өскенін бүкіл дүние жүзі көрді.  Ал біз бұған бүгін ғана «Аһ» ұрып, -Апырай, балалар неге бұлай болды? – деп іштей түңіліп, өкінген боламыз. Мұндай жағдайда оқушыларда қандай білім болсын. Мұғалімдер ренжісіе де айтайын, анау «Алтын белгіге» үміткерлер мен жүздік балдан ары өткендер ата-анасы арнайы репетитор жалдап оқытқан балалар.  Бүгінгі білім министрлері тек мектеп пен балабақшаларды, колледждер мен жоғарғы оқу орындарын жабдықтау, оқулық шығару, тағы басқа ұйымдастыру іс-шараларымен әуре болып, «оқушылардың білім сапасы неге төмен, бала неге кітап ұстағысы  келмейді, оқушы білімін қалай көтереміз» деген ең өзекті сұраққа әлі тұщымды жауап бермей келеді.

Міне, біздіңше, бар мәселе осында…Әңгіме, қазіргі нарық тілімен айтқанда, оқушы санасында оқу-білімге деген қажеттілік, соған сай қызықтырар  стимулдық ұстанымның жоқтығында. Оқушы оқу-білімнің неге қажет екенін бастауыш сыныптан бастап зерделеуі керек. Соны алуға ұмтылуы керек. Ал біздің білім беру жүйемізде сол қажеттілікті оқушыға сезіндіріп, оның ынта-жігерін ашатындай бірер стимулдық тетік бар ма? Ешқандай да… Қайта ақылға симайтын қатып қалған тәртіптер арқылы оқушыны білім алудан жирендіріп келеміз.  Мысалы: кітап бетін ашпайтын баланы «үштік» қойып сыныптан сыныпқа сүйретуде не мағна бар? Ол, жарайды, әлдебір физиологиялық кемістігі бар бір-екі бала болса бір сәрі, бірақ, біз бүгінгі ауыл мектептерінің бір өзінен табылатын 30-40 балаға не істей аламыз. Бала психологиясының өте нәзік екенін айта келіп, кез-келген жағымсыз қылық балаға тез жұққыш келетінін ескерсек, бүгінгі мектептерде кітап бетін ашпайтын әлгіндей балалардың қатары геометриялық прогресиялап өскенінің бір себебі осы екенін көреміз. Біздіңше бүгінгі оқу процесін артқа тартып жүрген міне осы балалар. Мұғалім бұл баланы өз сыныпында қалдырам десе, директор, «оны өзің жөндеп оқытпадың» дейді. Сол сияқты директордың өзі де жоғарыдан осындай ұрыс есітеді. Жұмыстың осындай қат кезінде кім жеп отырған нанынан айырылсын. Ақыры бәрі бірге ойласқандай балаға  «Аш құлағым, тыныш  құлақ» деп, жалған «үштік» қойып беріп, біз-баяғы қорлық қалыпқа қайта түседі. Ең жаманы, осының бәрі, мұғалім қауымын жастарға үлгі боларлық елдің, жердің қамын ойлайтын биік азаматтық тұлғадан жасқаншақ тым қарабайыр тобырға айналдырып бара жатқаны өкінішті.

Осы жерде нақты бір мысал келтірейін. Интернеттен өткен жылдарғы ҰБТ нәтижесін көрдім. Мәселен  2018 жылы еліміз бойынша 11-ші сыныпты 147 мынан астам оқушы бітірген. Соның 75 пайыздайы, яғни 102 мыңнан астам оқушы ҰБТ тапсыруға өтініш беріпті.  Әйтсе де бұл  балалардың 14 пайызы, яғни 14633 оқушы шектік деңгейге жете алмаған. Ал енді ойланып көрейік. Жалпы мектеп бітіруші балалардың 25 пайызы, яғни  45 мыңдай оқушы білім сенімсіздігіне байланысты ҰБТ- ға жіберілмеген. Ал ҰБТ- ға қатысқан балалардың 14 пайызы, яғни 14633 оқушы шектік деңгейге жете алмаған. Бұларды да білім деңгейін үлгермеген деп әлгі ҰБТ-ға жіберілмегендерге апарып қоссақ барлығы 39 пайыз, яғни 60 мыңға жуық бала мектеп бағдарламасын толык меңгермеген болып шығады. Бұл енді нағыз сорақы нәтиже емес пе?  Сонда бұл осыншама жас өмірін мектепте босқа өткізді деген сөз емес пе? Міне біз айтып отырған мектебіңіздің бүгінгі жағдайы.

Шынтуайтына келгенде, қиюы қашқан бұл мәселені тек оқу министрлігі ғана шешеді. Нарық қатынастарын негізге ала отырып, білім беру жүйесін қайта құрмай болмайды. Біздіңше балалардың оқуға деген ынтасын стимулдық көтерудің бір жолы, ол, Білім министрлігі «9-шы сыныптан соң 10-11 -ші сыныпқа мектепте тек 4 пен 5-ке оқығандар ғана өтеді» деген бұйрық шығаршыншы. Сонда ата-ана да, бала да соған қарай іс қылады. Ата-ана баласының оқуын бастауыш сыныптан бастап қадағалайды. Бала да егерде сабақты жақсы оқымаса 9-шыдан әрі оқуға жол жоқ екенін іштей болса да сезінеді. Тіпті үлгерімі нашар, тәртібі нашар балаларды өз сыныпында қалдырсақ та біз еш нәрсе ұтылмас едік. Қайта «мен қатарымнан неге қалдым» деген бала іштей намыстанып тез есейе түсер еді. Баласы үшін ата-ананың да жауапкершілігі арта түсер еді.

Сондай-ақ, біз жоғарғы 10-11 сыныптарға сабақты тек жақсы оқитындарды жіберсек, оларды тәртіпсіз, сабақ оқымайтындардан ажыратып, толыққанды білім алуға нақты алғышарт жасар едік. Бүгінде, бұл сыныптарда да мұғалімнің жарты өмірі осындай дым білмейтіндермен  алысып босқа өтіп жатқанын ойлау керек. Болашақ ел тұтқасын ұстайтын инженер, агроном, ғалымдар міне осы 10-11 ді жақсы бітіргендерден шығар еді. Жоғарғы оқу орындарына да оқуға тек білімді жастар барып, ондағы бүгінгідей сан түрлі жат әдеттерге жол берілмес еді.

Сондықтан мен Қазақстан Оқу-ағарту министрлігінен мектеп оқушысының білім сапасын көтеру бағыты бойынша терең реформа өткізуін сұрар едім. Менің Ұсынысым;  10-11 сыныптарға тек 9-шы сыныпты «4 пен 5-ке» бітіргендер ғана өтеді деген бұйрық шығарылса екен. Сонда біз бүгінгі жастардың оқу-білімге деген ынтасын көтеріп, мектептегі бала білімінің сапасын көтеруде үлкен бір маңызды бетбұрысқа жол ашқан болар едік. Және ештеңе де жоғалтпаған болар едік. Ал білімі «4 -5 ке» жете алмаған балаларды оларға түк қажетсіз  дифференциал-интегралдармен басын қатырмай техникалық училище мен колледждерде оқытып, екі жылда толыққанды бір кәсіп беріп шығарғанымыз дұрыс болар еді.  Мәселен  Европадағы ең өркениеті озық елдердегі жастар өміріне назар салсақ, ондағы жастардың 70-80 пайызы училище-колледждерде оқып мамандық алғанды қанағат етеді екен де, жоғарғы оқу орнына жастардың тек 20-25 пайызы барады екен. Сонда да бүкіл елдердің алды болса алды, көштен қалып жатқан олар жоқ. Ал біз жүрміз әліде сол балаларды өбектеп. Баланы қанша өбектеп, қанша жағдайын жасасақ, ол бала соншалықты шолжаң, кержалқау болып өсетіні қаперімізге келер емес. Сондықтан, 9-шыны үштікке бітіргендер үшін арнайы фермер, механизатор, тігінші, дәнекерші т. б. кәсіптік курстар ұйымдастырумен қатар, бұл курстарда негізгі кәсіби сабақпен бірге бизнес әліппесі, құқықтану, спорт сықылды қосымша үш-төрт пән оқытылғаны анағұрлым тиімді болар еді.

Сондай –ақ, осы ретте айта кететін өте бір маңызды мәселе, мектеп мұғалімдері өз санаты бойынша әр бес жылда аудандық білім басқармасына барып аттестациялық комиссиядан өтіп келеді. Оның бірі өз біліміне сай санат алса, ал бірі  көке-жәкемен білігін нығайтып келеді. Бұл жерде де көбіне-көп мәселені ақша шешетін көрінеді.  Қысқаша айтқанда қазіргі мектептегі сапасыз мұғалімнің көптеп жүруінің бір сыры осы. Ал маған мынадай ой келеді. Неге біз ол комиссияны осы өз мектебімізде құрмасқа. Мәселен, оптимизм мен ар-ұятты серік етіп, жоғарғы педагогикалық моральмен жұмыс істеп жүрген 30-40 мұғалім әр мектептен де табылады. Егер көпшілік қадір тұтатын, білікті, тәжибелі, 9-10 ұстаздан осындай комиссия құрылып (бастауышта -5, жоғарғы сыныптарда 9 ұстаздан), олар  жыл бойына мұғалімдердің сабағына қатысып, оның нәтижесін тоқсан сайын қортындылап, талқыға сап, ал жыл соңында әр ұстаздың біліктілік санатын анықтап беріп отырса, және келесі жылы ол ұстаз тек осы санат бойынша жалақы алса, меніңше мектептерде жанды қозғалыс басталар еді. Бұрынғы бұдан бес жыл бұрын комиссиядан өткенбіз деген ұзын арқау кең тұсау жәйіне қап, мұғалімдер өз сабағын күнделікті жақсартуға ұмтылар еді. Өйткені материалдық игілікті нақты бүгінгі еңбегіне қарай бөлісу кім кімді де қызықтырмай қоймас еді. Меніңше ұстаздарды іс-әрекетке, ізденіске итермелеудің ең ұтымды жолы осы. Нарық талабы да осы. Бізге енді кешегі күнмен емес, бұгінгі күнмен өмір сүретін шақ жетті.

Рас, Президентіміз Қ.Тоқаевтің басшылығымен соңғы жылдары техникалық және ауылшаруашылық мамандықтарына гранттар көп бөлу сықылды алғы шарттар жасалуда. Бірақ бүгінгі жастар проблемасындағы ахуал мектеп жүйесінде де түбегейлі реформа жүргізуге апармай қоймайды. Тек бұл ретте мемлекет сан емес, сапа жағын еске тұтып, нағыз кәсіби мамандық беру жағын қолға алса, біз жастар проблемасын біршама жеңілдеткен болар едік. Ол үшін, әрине, Оқу-ағарту министрлігінің  жастарға қәсіптік білім беруде жанжақты қарастырған нақты іс-жоспары болуы керек.

Осылай біз балаларды өз қабілеті мен біліміне қарай  мектеп қабырғасында-ақ бөле отырып,, өмірге ерте бейімделуге  үйретер едік. Төменгі сыныптан-ақ өз келешегі үшін өзі күресе алатын ізденімпаз, еңбекқор азамат болып өсуіне жағдай жасар едік. Тек сонда ғана -бала дәл бүгінгідей он біріншіні бітіргенше босқа салақтап жүрмейді.

Міне бүгінгі мен айтпақ болған жалпы ой осы. Бүгінгі бала тәрбиесі, ауыл мектебінің хәл-жайы дегенде ең негізгі деген жәйттерді еске салдым. Келешек білімді жастарды тәрбиелеудің бірден бір кілті де осы жәйттерді шешуде. Оларды және бір түйіндеп шығар болсақ:

1.Мектептердің оқу-материалдық базасын нығайту.

2.Мектепке нарық ұстанымдарын ендіру. 9-шы сыныптан соң, 10-11 сыныпқа тоғызыншыны тек « 4 пен 5-ке» бітіргендерді ғана өткізу. Мұғалімдерді аттестацилауды тек өз мектебінде жүргізу.

3.Теледидар, баспасөз қызметін бала тәрбиесіне бағыттау, Ғылым мен техниканы насихаттау,

4.Жоғарғы оқу орындарында коммерцияны  қысқартып, гранттарды көбейту. Қабылдау емтихандарының әділ өтуін қадағалау.

5.Білім заңын тәрбиелік тұрғыдан жетілдіру.

 

 

Бердалы Рысбеков. Зейнеткер ұстаз. Қзақстан жазушылар одағының мұшесі. Келес ауданының құрметті азаматы.

 

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *