Мен журналист болсам
«Мен журналист болсам…»
Журналист-қоғам мен көгілдір экран арасындағы алтын көпір.Жан-жақты дамыған әмбебап тұлға.Халық жанашыры,өзі үшін ғана емес,өзге үшін де жаралған патриот тұлға деп білемін.Журналист-өз ұлтының жауынгері,миллиондардың қорғанышы.
«Адам жан дүниесінің қалауына сай келетін салада табысқа жетеді. Сондықтан мамандықты таңдағанда немен айналысқан қызықты, немен айналысқанда жан рақатына бөленесіз, соған назар аударған жөн» дейді. Соған орай, әр адамның өз болмысына сай бала кезден армандаған арманы болады. Менің арманым – болашақта журналист болу. Бала күнімнен сөйлеуге, адамдармен тез тіл табысуға жақын болдым. Шабытым оянған шақта шығарма, өлең жазуға құштарлығым болатын. Теледидардан жаңалықтарды көріп, жүргізуші-дикторлардың дауыс ырғағына, сөйлеу мәнеріне мән беріп, тәнті болатынмын. Мектепте өткізілетін ақын-жазушылардың өлеңдерін мәнерлеп оқу сайысына қатысып , айтылған сын-пікірлерге бой ұсынып, сөйлеу мәнерімді жақсартуға тырысатынмын. Түрлі іс-шараларды жүргізуге мүмкіндік беріп, маған сондай үлкен жауапкершілікті қажет ететін істі тапсырғанына қуанып, көпшіліктің алдына шығып, қорықпай, дұрыс сөйлеу мәнерін үйренуді бастадым. Өзімнің бойымдағы қасиеттеріме назар аударып, болашақта журналист болғым келетінімді түсіндім. Бірақ, журналистер тек қана халық алдында сөйлей алатын адамдар ғана емес, әр сөзіне, әр ойына жауап бере алатын , ұлтының болашағы үшін күресетін батыл жандар. Қоғамға пайдасы тиетін, әрдайым ізденісте жүретін, шығармашыл, еңбекқор жандар. Нағыз журналист халықпен бірге тыныстап, миллиондаған адамдардың танымын, талғамын бағалай отырып, мүддесін қорғап, мұңын жоқтайды. Журналист – өз ұлтының жауынгері, миллиондардың қорғанышы.Менің ойымша, екінің бірі журналист бола алмайды. Себебі бұл – аса қауіпті мамандықтардың бірі болып табылады. Журналистиканың ең бір ауыр болатыны, оның артында сөз тұрады. Ал басқа пәле тілден. Бір ауыз сөздің өзінде-адамның, қоғамның тағдыры тұрады. Бұндай үлкен жауапкершілікті өз бойына алу, аса батылдықты қажет етеді. Соған қарамастан , халық үшін еңбек еткім келеді. «Адам мен саясат арасындағы алтын көпір іспетті. Таразының басын тең ұстай алар тұлға, ол – журналист» – дейді. Расында да, журналистердің басты мақсаты – халық пен үкімет арасындағы билікті сақтап қалу болып табылады. Қазақстанда бірлік, ынтымақ, тыныштық, бейбіт өмір сүру арқылы тәуелсіздігіміздің іргесін мықтап келе жатсақ, ол ең әуелі журналистердің еңбегінің нәтижесі. Қоғамдық сананы бір мүддеге тоғыстырып отырған, мемлекеттік идеологияны әр санаға сіңіріп отырған журналистер. Мен де сондай батыл жандарға қарап бой түзеп, болашақта өз еліме адал қызмет еткім келеді. Жақсы журналист жақсылықты көреді, көргенін жазады, шындықты айтып, алған ақпаратты мемлекеттік мүдде үшін жаратады. Астарына үңілсек, ол жан-жақты мамандық иесі.Ғасырлар тоғысындағы Қазақстан – еңбектеп жүрген жас сәбидей. Оны аяғына тұрғызып, нық басқызатын, болашаққа қадам жасататын – біз. «Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады». Сондықтан , «Қазақстан» деген бәйтеректің тамырын тереңге тартып, Қазақстан қыранының дүние жүзі көгінде шарықтай ұшуы – әрқайсымыздың қолымызда. Біздер үшін халқымыздың төл тарихы сондай қымбат, қастерлі бола береді. Оған қылаудай көлеңке түсірмей, келер ұрпаққа жеткізу – барша қазақстандықтардың төл парызы. Соған байланысты болашақта қазақ халқының тарихы, қастерлі тілі жайлы өзімнің ерекше тележобам болса деймін. Біз білмейтін көптеген сырларды ашып, еліміздің кең байтақ кереметтерін халқыма көрсеткім келеді. Саяси өмірдің жаңалықтарын халық тілімен жеткізгім келеді. Журналист болу арқылы қастерлі тіліміздің бар асыл маржанын сақтап, ұлтым үшін, елім үшін еңбек еткім келеді. Cебебі, тілінен айырылған ұлт – тарихынан, түп-тамырынан айырылған ұлт.Мен еліміздің дамуына, өркендеуіне өз үлесімді қосқым келеді. Сол үшін журналист болғым келеді. Ал өз ісінің нағыз маманы атану екінің бірінің еншісіне бұйырмаған. Ол үшін ең алдымен мамандығыңызға деген махаббат керек. Махаббатпен істелген жұмыс қана нәтиже бермек. Екінші сөзбен айтқанда, мамандығыңыз сіздің сүйікті ісіңізге айналуы қажет. Бұл жағдайда адам жұмысқа ерекше құлшыныспен кірісіп, жұмысынан ләззат алады.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, мен қоғамға керекті, елімізге еңбегі сіңер, атқарған жұмысымен үлгі болар, нағыз кәсіби маман атанғым келеді. Мен осы мамандықты игеру мақсатында аянбай еңбек етуге дайынмын. Қазақ журналистикасын одан да биік деңгейге көтеріп, журналистика мамандығының хас шебері атанғым келеді. Бұл кәсіптің бүкіл қыр – сырын игеріп, тереңінде жатқан асыл маржандарын теріп, білікті маман иесі болғым келеді. Өз елімнің жауынгері болғым келеді.
Қашанда халықпен бірге болып, оның жоғын жоқтап, жырын жырлайтын, ақиқаттың астарына үңіліп, қашанда әділдікті жақтайтын нағыз журналист болуды армандаймын. Ал адамдардың игілігіне тиетін жақсы іспен айналысатынымды ойласам, бұл әлемге менің керек екенімді түсінемін. Сондықтан да, журналист мамандығын таңдап отырмын.