“Тәуелсіздік тәңірден келген тәтті сый”

Мұратқан Ақерке Бақбердіқызы

Тәуелсіздік. Үйлесім. Үндестік.

Қазақ- азат халық. Көк тәңіріне табынған, даланың еркін ұлы. Орыс империясының бұғауында өткен тәуелділік, ұлттың сағын сындырып, бетке ұстар ел азаматтарының әдейі ұйымдастырылған саясат құрбаны болуына әкелді. Осылайша ұлттық рух күйреу алдында қазақ тілінің жойылуы жақын тұрғанда халықтың авангарды болып саналатын қазақ жастарының желтоқсан көтерілісі азаттыққа түрткі болды.

       Тәуелсіздік қан төгіссіз еш уақытта орын алмаған. Қазіргі ҚР-ның азаттығы ұлттың өрімдей ұл-қыздарының ержүрек батылдығы мен қайтпас қайсарлығының арқасында орныққандығы бүгінгі күні тарихшылардың деректері арқылы дәйектелген ақиқат. Ұлттық рух Республика шегарасының бекуі мен КСРО деп аталатын алып империяның құрсауынан құтылып, дербес ел болып,өз идеологиямызды бекіту негізінде көтерілді.    

    Қазір біз өз ана тілімізде еркін сөйлейтін ұлттық мектептерімізде сүйіспеншілікпен білім алатын,өз Отанымызды халықаралық аренада мақтанышпен көрсете алатын дәрежедеміз. Дербестіктің орнығуына әрине ел ағалары, қоғам қайраткерлері, саяси лидерлардың үрейі ұшан теңіз. Конституциялық жолмен реттелетін құқықтық зайырлы мемлекет болуымызға қазақ оқымыстыларының жалпы зиялы қауымның қосқан үлесі зор. Дегенмен, азаттықты аңсаған халықтың тәуелсіздігінің алғы шарты Желтоқсан көтерілісінен бастау алады. Көмпістік пен құлдық психологияға қарсы тұрып, ұлттық намысты көрсете білген қазақ жастары тарихи маңызды кезеңнің өшпес белгісі.

     Мен қазір сол желтоқсан оқиғасының ерлері Қайрат аға, Ляззат апаларымды мақтан тұтамын. Олардың жігерлі қадамын көзсіз ерлік деп емес, саналы әрекет деп қабылдаймын. Әр қазақ баласының намысты, өр, шыншыл, батыл болып өсуін қалаймын. Өр Махамбеттің рухы, қахарман Бауыржанның өнегесі достарымның бойынан табылса екен деймін. Азаматтарымыз аналарын аялап, қарындастарына қамқор болып, інілеріне ағалық ақылымен жол көрсете білсе, қазақ еркіндігінің мәңгілікке жалғасар жолы сол болар! Себебі, тәуелсіздік мен үшін сыртқы жаулардан қорғану емес, өз ұлтыңның ішіндегі өзара татулық, сыйластық, достық, ізгі қатынас. Ұлы Абай айтқандай адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,өз қазақ бірін-бірі құрметтегенде, өзгелердің бізді мойындауы орнығады. Себебі, қазақ халқында “Жақыныңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін” деген нақыл бар.

   Тәуелсіздік ұлы сый дейтін болсақ, оның тұғырын берік етер мызғымас күш ішкі бірлігімізде алауыздықтан ағайынгершілікке, дүрдараздықтан бірлікке, рушылдықтан тұтастыққа қарай жылжу арқылы біз ынтымағымызды арттырамыз. Мәселен, қазіргі кезде қазақтың ішкі жауы жүзге бөліну. Сырттан келген қандастарымызды оралман санап,місе тұтпау. Материалды игілік дәрежесіне қарай тапқа бөліну. Және де тілдік ерекшеліктерге байланысты орыс тілді қазақтар мен қазақ тілді қазақтар.

   Әр заманда адамдардың ойлау дәрежесіне қарай өзінің тұрмыс тіршілігін құрайды. Дегенмен, “Тұрмысты сана билейді” деген тәмсіл адамдарды босбелбеулікке әкеледі. Адам баласына берілген ұлы нығмет-білім. Тәңірден түскен кәміл білімді меңгеру арқылы адам өзінің ой-санасын реттеп, өмірін мәнді етеді. Мұндай адамдардың рухы еркін, арманы асқақ, ойы азат. Тәуелсіздік көп жағдайда жалпы елдік факты ретінде түсіндіріледі. Ал енді оны әр жеке тұлға деңгейінде қарастырар болсақ, мызғымас азаттықтың іргетасы қаланған болар еді. Себебі, кеңістікті макрокосм, ал адам микрокосм концепциясы аясында талданғанда бұл қағиданы түсінуге жол ашылады. Сондықтан, бүкіл әлемнің бейбітшілігін тілегеннен гөрі, әркім өз әлемінің бейбітшілігіне қол жеткізсе, нағыз еркіндік шеңберіндегі тәуелсіздік орнығатыны анық. Ол үшін ең басты қажеттілік шынайылық-көлгірсімеу.

  Пандемия адамдарды бетпердеге үйретті. Бұл әрине медициналық аспект. Ал енді әлеуметтік бетперде ше ? Көзге көрінбейтін, екі жүзділіктің көрінісі адамды табиғи болмысынан алшақтады, ал ол өз кезегінде жанды құрсаулап еркіндіктен айырады. Содан адамда ішкі қақтығыс пайда болады, бұл өзіңмен өзің күресу деген сөз. Демек, жеке әлем бейбітшілігі-үндестік, үйлесім, жан тыныштығы. Ал, егер әр адам өзін осылай мақсатты түрде тәрбиелеп еркіндікке, азаттыққа, тәуелсіздікке ұмтылса, оған қарап айналасыда бой түзейді. Шындығында қазір ой жарыстыратын заман. Ішкі әлеуетті өсіру рухани еркіндіктен бастау алады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан-2050”Стратегиясында “Рухы еркін халық қана ұлы істерді атқара алады”деген болатын. Осы тұрғыдан қарастырғанда тәуелсіздік геосаяси жағдайдан бұрын, ұлттық психологиялық факторы ма деп ойлаймын. Әрине, басқа мемлекеттермен тереземіз тең болуы үшін елдің экономикалық жағдайына аса назар аударуымыз қажет. Дегенмен, әлеуметтік факторды үнемі назарда ұстаған жөн. Себебі, ғылым мен техниканың қарыштап дамуына байланысты өмірімізге жасанды интеллект қарқынды түрде еніп келеді;таяу болашақта жаппай робатизация, машиналар, гаджеттер индустриясы дамыған кезде, адам өзінің тәңірлік болмысын сақтап қалу үшін екі бастаманы жетілдіре түсуі шарт:ақиқат(шынайылық) және махаббат (мейірім)

  Адам болмысындағы еркіндік қауым, ел, әлеумет тәуелсіздігіне ұласады. Ал ол өз кезегінде ғаламдық өркениеттің шыңына жетелейді.

  Тәуелсіздіктің тәтті дәмін азат елдің ұрпағы-мына біз білеміз ! Ал, бізге дейінгі аға-буын өкілдері оның қасіретін, азабын тартудай тартты. Ұлт психологиясында ынжықтық, батылсыздық, аярлық сынды келеңсіз көріністер бодандықтың салдары еді. Ал, қазір тәуелсіз елдің балалары еркін, ашық, көңілді. Себебі, өз елімізде ешкімнен ешқандай қысым көрместен, еркін өсіп, бейбіт жолмен дамып келеміз. Ғаламдық жаңарулар заманында әлемнің қай түкпірінде білім аламын десекте, қандай тілді меңгеріп, қандай кәсіпті таңдаймыз десекте, бізге еш шектеу жоқ. Елімізді өркендету жолында Абайша айтқанда “Сенде бір кірпіш дүниеге, кетігін тапта бар, қалан” идеясын ұстанып, Отанымызға қызмет етеміз.

  Менің ұғымымда Отан-отбасынан басталады. Сондықтан, әуелі өзімнің білімімді толықтырып, мықты кәсіп иесі болуым керек. Сонан соң, ата-анаммен, бауырларыммен аса тату болып, оларға қамқорлық жасап, үнемі тығыз байланыста болуым тиіс. Сондай-ақ, өзімнің жүрген ортамды адал еңбегіммен, мейірімді қатынасыммен, жақсылыққа қарай өзгертуге ат салысуым қажет. Егер, біздің әр қайсымыз осылайша бақытты да, табысты өмір сүретін болсақ, еліміз өркендейді. Сонда ғана тәуелсіздігіміз тұғырлы болмақ. Мен қазақ жерінде қазақ болып туылғаныма шүкіршілік етемін. Тілімді сүйемін, елімді құрметтеймін, Отанымды жақсы көремін. Ұлы Даланың мәңгілік елінің өмірлік ұланымын.      

  Тәуелсіздік туы толассыз желбірей берсін !

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *