Ақшасыз әлем мүмкін бе?

Баетова Жансая Кайратовна

         Ауа мен тамақ адам үшін қаншалықты қажет болса, бүгінгі таңда ақша да адамзат үшін соншалықты қажет дүние. Жайлы, әдемі өмірге үйренген адамдар  ақшасыз өмірдің мәнін көрмейді де. Олар үшін ақша теңдесі жоқ күш. Ал ашқаның иісін алыстан ғана сезетіндер үшін ақша тек қолдың кірі ғана.

       Ақшаның маңыздылығы мен оны қалай жарату керегі жайлы көптеген кітаптар басылып жатыр. Есі кірген есті адам ғана ақшасын оңды солды шашпай, оны жинап,керегіне жаратады, болашағына сақтайды. Ақшаның пайдасы да, зияны да қатар жүреді. Ол әрине адамға және адамның ниетіне байланысты. Ақшаның қалыңдығына иланбайтын жан, маңдай терімен тапқан қыруар қаражатын мұқтаж жандар беріп, қайырымдылыққа жұмсайды. Ақшаны өмірінің мәніне айналдырмайды.

Ақшаға мас болған адам еш уақытта өзін ақшасыз елестете алмай, өте сараң келеді. Өйткені, біз кімнің ақшасы көп соның билігі күшті деген заманда өмір сүріп жатырмыз. Ақшаның көмегімен талай жандар қолымен жасаған істерін мойнымен көтеруден құтылып кетіп жатыр. Сен көк тиыны жоқ бишара болсаң сені адам қатарына қоспайды да.

Ақша үшiн бүкiл қоғам жұмыс iстейдi, ол бiреулердi бақытты тұрмысқа кеңелтсе, ал бiреулердi қайғылы оқиғаға ұшыратады. Бүкіл қоғамның қызмет етуге ынталандыратын негізгі құрал ақша болып табылады. Олай болса, ақшасыз әлем мүмкін бе? Неге адамдар осыншама ақшаға құмар келеді?

Кең көлемде қарайтын болсақ, ақша барлық тіршілікті ұстап тұр десек те болады. Еліміздің капиталы мен жағдайы, халықтың тұрмыс-тіршілігі барлығы қаражатқа келіп тіреледі.Себебі ақша барлық өндірістік қатынастардың маңызды буыны есептеледі. Егер тауар айналыста шектеулі уақыт аралығында пайдаланылса, онда ақшаның мәні соншалықты маңызды, бұл сала қаржысыз өмір сүре алмайды.

Менің ойымша, бүгінгі қоғам ақшаның мәнін түсінетін, оны дұрыс қолдана алатын азаматтарды тәрбиелеуі тиіс. Себебі ақшасыз әлем деген болмайды.

Ақша деген қоғамның ажырамас бөлігі. Ақша деген ертеңгі күніңе нық сеніммен қарау. Ақша деген таңғы қоңыраудың жағымсыз үнінен оянып, кезекті күніңе сенімсіздікпен қарамау және де адам толы автобуспен қысылып , өзің сүймейтін жұмысқа бармау. Ол кредит, ипотека деп жақындарыңның жағасынан алмау. Ақша – уақыт, ақша – мүмкіндік. Ақша деген адамзат екі жарым миллион жыл бойы жеткен жетістіктерін көру, сезіну, қолмен ұстай алу. Ақша деген кеудеңді кере дем алу. Ата-анаң пенсияға шықса да әлі күнге дейін жұмыс жасап жатқанына төзбеу. Біреудің алдына барып жалынбау, отбасымды қалай асыраймын деп уайым кешпеу. Ақша қанша жасқа келсең де білім алудан бас тартпау. Ақша – білім, ақша – саяхат. Ақша ол өз- өзіңді дамыту. Жасың қырық, елу келгенде өмірдің мәні не екен деп түн ішінде шошып оянбау. Ақша деген бұл сенімділік, біреу сенің сеніміңді ақтай алмағаны үшін оған ашуланбау. Ақшамен өз уақытында туылмаған данышпанмын деп өзіңді алдамау және қолыңнан еш нәрсе келмегені үшін мемлекетті кінәләмай, барынша елің, жерің үшін қызмет ету. Ақша ол мақсат. Ақша ол бала армандарыңның орындалуы. Жас кезіңде тиын-тебен таба алмай жүрген сәтте өмірдің рахатын көре алмадым деп өз-өзіңді жазғырмау. Ақша- сенің еңбегіңнің жемісі, жеткен жетістіктеріңнің көрсеткіші, төрт құбылаңның тең болуы. Егер адам баласына бұл ғұмыр екі рет берілетін болса, бәрі бір басты құндылықтардың бірі болып ақша қалар еді.

Ақша өмірдің маңызы емес, бірақ барлық маңыздылар соған тәуелді. Ю.З.Рыбников айтпақшы: «Көп ақша ұйқы қашырады, аз ақша өмір сүруге мүмкіндік бермейді». Баланың жастайынан ақша табуға деген қабілетін дамыту қажет. Оны ақша үшін емес, жетістікке жету үшін еңбектенуге баулып өсіру керек. Ең алдымен рухани бай болған адам ғана материалдық байлыққа ие болады. Жастар бойына сенімділік пен ыждағаттылық ұялата отырып, материалдық және рухани құндылықтарды бойына сіңірген, бәсекеге қабілетті, ойы ашық тұлға тәрбиелеу бүгінгі таңда ең өзекті мәлесе.

 

 

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *