Жас алхимиктің ерекше зерттеуі. Өзбекстан елінде өткен ғылыми жоба.

Нұрлан Бағлан – Ақтөбе қаласындағы «Білім»мектеп-гимназиясының 11-сынып түлегі, «Алтын белгі» иегері. Мектеп қабырғасында ғылымға деген сүйіспеншілігі оянған жас талант өз қолымен кристаллдарды өсіру арқылы Өзбекстанда өткен халықаралық ғылыми жобада өзінің ерекше зерттеуімен көзге түсті. Кристалл өсіру бойынша тың жаңалықтар ұсынған жас ғалым өз білімін халықаралық деңгейде дәлелдеп, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.Жаратылыстану бағытында бірнеше жобаларға қатысып, тәжірибелік жұмыстарда шыңдалған жас зерттеушінің бұл жолғы жұмысы ерекше құнды болды. Жас алхимиктің алдағы мақсаты – ғылым әлемінде одан әрі шыңдалып, үлкен жетістіктерге жету.

 

Бағлан, қандай пәннен немесе бағыттан ғылыми жұмыс қорғадыңыз?

– Мен физика пәнінен «Үй жағдайында кристалдарды өсіру» тақырыбында ғылыми жоба қорғадым. Толығырақ айтсам, табиғатта кездесетін әсем әрі жұмбақ кристалл тастарды ашудас, мыс купоросы, тұз және қанттан өз қолыммен жасап, өсірдім.

Бұған дейін пәндік-жобалық олимпиадаларға қатысып көрдіңіз бе?

– Әрине, бұл ғылыми жобаға дейін жаратылыстану бағытында ғылыми жобаларға қатысқанмын. Соның бірі биология пәнінен өз ауылымның жеріндегі емдік шөптерден дәрі жасау болатын. Осы жолы да қолдан әртүрлі кристалл өсірдім. Осындай практикалық тәжірибелермен айналысу мені қызықтырады.

Халықаралық ғылыми-практикалық конференция қалай өтті? Алғашқы қатысқан жарыстардан қандай ерекшелігі бар?

– Халықаралық ғылыми-практикалық конференция жоғары деңгейде өтті. Бұл конференция халықаралық көлемде өткендіктен, өз бақтарын сынаушылардың көптігімен ерекшеленеді. Бәрі бірінен озар жүйріктер.

Дайындық барысы қиын болды ма? Тәжірибе жасау барысында қандай қиындықтар кездесті?

– Дайындық барысы қиын әрі өте қызықты өтті. Тәжірибе барысында кристалдарым бүлініп, бүтін болып шыға қоймады. Кейін бірнеше сәтсіз тәжірибеден кейін мінсіз кристалдар өсе бастады. «Қиындықсыз жетістік жоқ» демекші, дайындық жолындағы әр қиындық түбінде өз нәтижесін берді.

Еңбегіңіздің нәтижесі қандай болды? Қазылар алқасы оны қалай бағалады?

– Жұмсаған көп күш пен уақыттың нәтижесінде өзінің жылтырлығымен, мөлдірлігімен, әдемілігімен ерекшеленетін кристалдар алдым. Қазылар алқасы еңбегімді жоғары бағалап, кристалдарыма қызыға қарады.

Ғылыми жұмысты қанша уақытта жаздыңыз? Жетекшіңіз кім болды?

– Ғылыми жұмысты жасауға 3-4 апта жұмсалды. Кейін практикалық тәжірибенің қорытындысын 1 аптада жазып бітірдім. Жетекшім физика пәнінің мұғалімі Әбишева Сара болды.

Сіз 11-сыныпты аяқтап отырсыз. Қандай мамандық таңдадыңыз?

– 11-сыныпты аяқтағаннан кейін жалпы медицина мамандығына түсуді жоспарлап отырмын. Алға қойған мақсатым – дәрігер болу және сол мақсатыма жететініме сенімдімін. Себебі, менің дәрігерлік мамандыққа сүйіспеншілігім мен ықыласым зор.

Қандай ЖОО-ға түсуді жоспарлап жүрсіз?

– Ақтөбе қаласындағы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетіне түсуді жоспарлаудамын.

Қазіргі жастардың, мектеп оқушыларының ғылымға деген қызығушылығын қалай оятуға болады?

– Бүгінгі күн ғылым мен техниканың шарықтап, жаңа ашылулардың белең алып жатқан кезеңі. Қазіргі таңда жастар, мектеп оқушылары жаңашылдыққа құштар. Жастардың ғылымға қызығушылығын арттыру үшін олардың талпыныстары мен ынталарын көтеру керек. Мектеп қабырғаларында мотивациялық дәрістер, кештер өткізілсе, оқушылардың өзіне деген сенімділіктері артады.

Әңгімеңізге рақмет! Болашақта елімізге үлес қосар мықты дәрігер, өз ісінің маманы шығатынына сенеміз!

 

Мадина Ізекенова

«Білім» мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы

Ақтөбе қаласы

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *