Мен сүйіп таңдаған журналистика
Тлеубердина Асем
Мамандық таңдау-әр адам өмірінде уақыт пен жауапкершілікті талап ететін маңызды қадамдардың бірі. Сол секілді мен де өмірімдегі маңызды қадамдардың бірін өзім сүйген журналистика саласын таңдаумен бастауды жөн көрдім. Журналистика-өз бойында бірнеше саланы біріктіре қамтитын, қызығы мен қиындығы қатар жүретін ғаламат мамандық түрі. Шыны керек, күллі халықты өзіне қаратып, тек өзіне сендіре отырып баурайтын бұл мамандық кез келген адамды өзіне еліктіре алады. Сол секілді бала кезден мені өзіне баурап алған журналистиканы өзімнің болашақ мамандығым ретінде таңдауым бекер емес.
Расыменде балалық шақтан бұл мамандықты сүйетін мен, журналистиканы қастерлі мамандық деп танимын. Менің журналистика мамандығына қызыға қарап, оны сенімді түрде таңдауыма бірнеше себептер түрткі болды.Атап айтсақ, соның бірі бұл саладағы мамандардың алғырлығы мен жан-жақты болуға құлшынысы. Бүгінгі күннің өзінде бұл сала қоғамның нақ келбетіне айналып отыр.Журналистика халыққа ақпарат беру арқылы қоғамның санасын қалыптастырып, ойын өзгертуге ықпалын тигізетін ақпарат құралы. Тілшілердің бүгінде қалам тербемеген саласы қалған жоқ. Бұл саланы таңдаушылар қашанда даму мен ізденіс үстінде болғандықтан, олардың өмірі қашанда түрлі жаңалықтарға толы. Мені де еліктіре әкеткені осы болды. Жүрегі тулап,әрдайым жаңашылдықты қалап тұратын мен үшін, бұл саланың сөзсіз тура келетіндігіне еш күмәнім болмады.Іздемпаздық,еңбекқорлық,жан-жақтылық пен түрлі саладан хабардар болу менің қолымнан келетініне кәміл сенімді болдым.Осылайша болашақта журналистика саласымен өмірімді байланыстыруға бел будым. Осы мамандықты таңдай отырып, халыққа сапалы ақпарат жеткізіп, қоғам мен БАҚ арасындағы алтын көпір болу алдағы бес-он жылда менің негізгі қызметіме айналатынына сөзсіз сенімдімін.Бұл салада тек мықтылар шыдап,ептілер шыңдала түседі.Осыған орай өз өмірімде шыңдала отырып, алғыр тілші болуды мақсат еттім.
Журналистика саласын таңдаушы адам ретінде, мен бұл мамандықтың болашақта да бүгінгідей маңызы зор болатынына сенімдімін.Халыққа ақпарат беруші бұрынғының газет-журналы да,қазіргі таңдағы бұқаралық ақпараттар жүйесі де осы журналистикаға тәуелді.Ақпарат көздерін анықтап, зерделеп, оны халыққа жеткізу тікелей журналисттер құзырында.Сол себепті де мен өзімнің болашақ мамандығымды оты өшпей, керісінше мәңгі лаулайтын сала ретінде танимын.Ал дәл осы өшпейтін оттың лаулай жанатын ұшқынына айналу менің басты арманым.
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718