Алтын алма, дұға ал!
Қазіргі таңда мыңдаған мотиваторлардың сабағына жазылып, дәрістерінен дәптер толтырып жүрген ағайын аз емес. Ол сабақтардың белгілі бір деңгейде пайдасы бар шығар. Бірақ көбісі шариғатымызға жат, табиғатымызға қайшы болып жа- тады. Пайдасыз ілімнің жолына түсіп уақытын да, бақытын да жоғалтқандар қаншама. Адамзатты адастырмайтын асыл дінімізден дүниенің де, ақыреттің де бақытын табасыз. Бір ғана қабыл болған дұға екі өміріңізді игілікке толтыруы мүмкін. Тіпті Раббымыздың өзі бізді дұға жасауға құлшындырады. Алла Тағала Бақара сүресінде: «Ал, қашан құлдарым сенен Мен туралы сұраса, күмәнсіз, Мен өте жақынмын. Қашан Менен тілесе, сұраушының тілегіне жауап беремін», – дейді. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендердің Раббыларың – Ұялшақ және Жомарт. Ол өзіне қол жайып сұраған құлының қолын бос қайтаруға ұялады» деген. Бұл ғажап сөздер дұға жасауға ерінетін пенденің ұятын оятса керек. Тағы бір хадисте: «Алла Тағала құлының Өзінен сұрағанын жақсы көреді, керісінше сұрамағаны үшін ашуланады» делінген. Дұға жасаушыға осындай ұлы сөздерден асқан мотивация бар ма?! Аяқ киімнің бауына дейін сұрауға рұқсат беріп, «құлым қолын жайып сұраса, бос қайтаруға ұяламын» деген Кең, Жомарт Алла Тағала – әрдайым уәдесінде тұрушы. Анығында, Оның күш-қуаты барлық нәрсеге толық жетеді. Ол бізді бір тамшы судан жаратып, көркем бейнемен үйлестірді, білім, қуат, ризық-несібе, түрлі қабілет берді. Алла шеше алмайтын қиындық жоқ! Оның мейірімі мен жарылқауы барлық нәрсені қамтиды. Бір дұғаңыз қабыл болса, бүкіл өміріңізді өзгертуге себеп болуы мүмкін. Бабаларымыз дұғаны алтыннан, батаны байлықтан жоғары қойған. «Атаңнан бота қалғанша, бата қалсын», «Алтын алма, дұға ал» деген нақылдар сөзіме дәлел болмақ.
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718