Ұрпақ тәрбиесі – ел мұраты

Талипова Алия Сапаровна

Елбасымыз  Н.Ә. Назарбаевтың жолдауында  айтылған: «Болашақта өркениетті дамыған елдердің қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет. Қазақстанды дамыған 50 елдің қатарына жеткізетін, терезесін тең ететін-білім»-деген салиқалы сөзін іске асырудың түп қазығы мектепке дейінгі бала тәрбиесімен айналысатын балабақша мекемесінен бастау алатыны талас тудырмасы анық. Бұл орайда балабақша ұстаздары, тәрбиешілері жаңа талап тұрғысынан танылып, заман талабына сай еңбек етуге құлшыныс танытуда. Сәбидің таным көкжиегін кеңейтуде өлшеусіқ үлес қосып жатыр деп айтуға толық негіз бар.   Еңселі елордамыз Астана төрінде шаңырақ көтерген №53 «Мерей» балабақшасы саусақпен санарлық уақыт аралығында жасөспірімдерге білім мен тәрбие берудің қара шаңырағына айналды. Дәл осылай екпін түсіре айтуымыздың да өзіндік себебі бар.

Мәселен,  балабақшада мектепке дейінгі балалардың денсаулығын нығайту және  жан-жақты дамытуға жіті көңіл бөлінген. Сонымен қатар бүлдіршіндердің интеллектуалдық және жеке тұлғалық қасиеттерін дамытып, бойындағы талантын ашып, қарым-қатынас жасаудың мәдениетін үйретуде де біраз тыңғылықты жұмыстар жүргізіліп келеді. Сондай-ақ баланың ана тілінде сөйлеуі, туған тілімен тыныстауы негіздерін қалыптастыру бүгінгі күннің көкейкесті мәселесі ретінде басты назарға алынған. «Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал, оқуды, ізденуді тоқтатуымен оның мұғалімдігі де жойылады»-деп көрнекті орыс ағартушысы, ғалым К.Ушинский айтқандай балабақша ұстаздары, тәрбиешілері үнемі ізденіс үстінде жүріп, төгілген ақ маңдай терінің арқасында тәрбие, білім сапасы еселеп өсіп, жаңаша сипат алып келеді.  Ұлттық рухтағы тәрбие мен білім беру жүйесі қоғамымыздың әлеуметтік ілгерілеуінде жетекші роль атқаратынын жете сезінген балабақша ұжымы жеткіншектердің сауаттылығын арттырып, қабілетін жетілдіруге аса ден қоюда. Педагогикалық технологиялардың жаңа үлгісін таңдап, тәлім-тәрбие үдерісін тың бастамаларға негіздеп, тақырыптарын мазмұнды да мәнді өткізіп, өз міндеттерін ойдағыдай атқарып келеді. Балабақшамызда өз кәсібін, баларды шексіз сүйетін, ұстаздық борышын жоғары деңгейде атқаратын мамандар көптеп топтастырылған. Осындай жанқиярлық еңбектің арқасында саналы ұрпақ тәрбиелеуге атсалысып жатырмыз.

Тағы бір тілге тиек ете кетерлік тұсы-салауатты өмір салтын қалыптастыру да жақсы жолға қойылған. Бұл орайда таңертеңгілік денешынықтыру жаттығулары жасалып,әртүрлі емдеу шаралары жүргізіледі. Соған орай әр топта «Денсаулық» бұрышы ашылып, спорт ойынына қажетті құралдармен толықтырылып, материалдық техникамен жабдықталған. Денсаулық пен білім саласы бойынша картотекалар жасалынып, топтар арасында спорттық ойын-саық шаралары жиі өткізіліп тұрады. Айталық, «Әкем, анам және мен» атты спорттық бәсеке сайысы ата-аналардың көңілінен шығып, бүгінде балабақшамыздың дәстүріне айналды. Оның сыртында семинарлар, педагогикалық кеңестер тұрақты өткізіліп тұрады.

Балабақшада интерактивті технологияны қолдану  арқылы тәрбиеші мен бала арасында екі жақты байланыс орналуда. Тәрбиеші өзінің көздеген мақсатына тиімді жолмен жетсе, бала тұлға болып  қалыптасу жолындағы негізгі қасиеттерді бойына қалыптыстырады.  Сондықтан да, интерактивтік тақтамен  жұмыс жасау балалардың белсенділігін, ақыл-ойын  дамытады, белгілі бір бағытқа жұмылдырады.

Сонымен қатар балабақша ұжымы тек қана бүлдіршіндердің білім аясын кеңейтіп қана қоймай олардың  шығармашылық қабілетін жетілдіруді де қолға алып, театрлық қойылымдар қою арқылы талантын шыңдауға да күш жұмсап келеді. Ертегілерді сахналап, жағымсыз мінез-құлықтардан арылуға тәрбиелеудің де жетістігі басым екені анықталды. Осы негізде көркем образдарды бейнелеуге арналған  ертегі кейіпкерлері қуыршақтар пайдаланылып отырады. Балалардың актердік шеберлігін шыңдау үшін «Көркем әдебиет» бөлімі арқылы балалар театрының бірнеше түрі жиі қойылып тұрады.

Жалпы  «Мерей» балабақшасында жоспарға сай ұжым мамандарының білім деңгейін, тәжірибесін дамыту ненгізінде түрлі кеңестер, әдістемелік сағаттар өткізіліп тұрады. «Балалардың әртүрлі тәсілдер арқылы тілін дамыту», «Ертегілерді сахналау кезінде балалардың образға енуі», «Баланың мектепке психологиялық дайындығы» , «Балабақшада жаңа технологияларды қолдану», «Экологиялық тәрбие беруде жобалау әдісін тиімді қолдану»т.б. толып жатқан семинарлар игі бастамаларға септігін тигізетіні анық.

Иә, баланы тәрбиелеп, оқытып, оны үлкен өмірге дайындау оңай шаруа емес. Ауызбен айтуға жеңіл болғанымен, оқу инемен құдық қазғандай қаншалықты қиын болса, бала тәрбиесі одан да қиын жол. Ендеше, ұрпақ тәрбиесіне өзіндік үлесін қосып келе жатқан, «Мерей» балабақшасы ұжымының да еңбегі бағалауға, әрі мақтауға тұрарлық дер едім.

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *