“Қасым Аманжолов поэзиясы және патриоттық тәрбие”

Кусаинова Айшагуль 

Қасым Аманжоловтың мәңгі өлмес шығармалары туған қазақ даласының о шеті мен бұ шетіне тарай жөнелгенде,оның құдіретті рухы мен өлеңдері қазағымның тамырларында әлдебір ыстық леп туғызып,қазақ өзінің сипатын қабылдай бастаған кезде,көк бөрінің ұрпақтырының ми түкпірлерінде пайда болып, соншама мерзім бойына есейіп,толысып,мән-мағынасы кеңейіп келген бір ұғым бар еді.Бұл ұғым жайдан-жай емес,бұл пайымдау кәдімгі туып,ержетіп,өсіп-өнетін адам тіршілігінің жолындай уақыт кешіп барып, танылатын түсінік екен.Қаншама жыл өткен соң өз иесін тапқан «Қасым Аманжолов – қазақтың ұлттық ақыны» деген ұғым айтылыпты.Осындай өзіне тән пішіні мен қолтаңбасы бар қазақтың ірі ақынының шығармашылығы  батыл ойлы,шыншыл әрі терең сырлы,дауылды поэзиялық туындыларынан тұрады.Ұлттық ақынымыздың әр жазылған поэзиясы-жанға дауа.Әр өлеңі,әр поэмасының түпкі ойы ұрпақтың сана-сезімін арттыру болғандықтан,ақын шығармашылығы тұңып тұрған тәлім-тәрбие.Әсіресе,өскелең ұрпақ бойына патриоттық тәрбиені сіңдіру үшін Қасым поэзиясының орны бөлек.

Қазақ халқы өз несібесінің қара қазанына жаңа ғана қалыңдап түсе бастаған қаймақты қырсық заманның қырсық қолы сыпыра жөнелген кезеңге кездесті.Қазан ішіндегі құт пен береке енді оңала бастап,құнарлы сүт көк шалапқа айнала бастаған тұста тағы да бір ұлы қырсық душар бола кеткені бар.Тек қазақ үшін емес,ол тіпті жалпы адамзатқа келген опат – соғыс еді.Сол бір қанды майдан кезінде Қасым өзінің жауынгерлік қызметін ойдағыдай атқарып,қаламы мен қағазын да ұмытпаған.Өзінің ішінде қайнап жатқан туған жерге деген ыстық сезімді қағаз бетіне түсіріп,өзінің артына өшпес мұра қалдырды.Осы ретте,ақынның “Туған елге хат” өлеңі Отанға деген сүйіспеншілік пен құрметтінің айқын бейнесін көрсетеді.
Кең далам, дастарқаным – атамекен,
Зейінді асқар тауым,көкірегі кең,
Лебіңмен оттай ыстық тартасың кеп,
Тіріліп іздегендей мені әкем.
Жалбыр тон жетім болып жүргенімде
Көтеріп,қаратып ең мені күнге,
Әкем де, анам да сен, туған елім,
Сен үшін ырысым да, қасіретім де, – деп жырлаған ақын.Бұл өлең жолдары арқылы ақын бойындағы өз туған жеріне деген ерекше ықыласын аңғару қиын емес.Басқасынан көрмеген жылулықты Қасым туған жерінен сезінген.

Өлең қазіргі таңдағы өте өзекті тақырыпты қамтиды.Заманның ағымы адамды өзімен жетелеу арқылы бірте-бірте біздің санамыздағы туған жерге деген ойды улауда.Жат елді пана көріп,өзге мекенге кетуге асығып жатқанымыз қаншама ?!Өмір өзінің тәттісінен дәм татқызғанымен,ертең басына іс түсіп,қиналған сәтінде сол өзің мен басқан жердің қадірін ұғынатын сәт міндетті түрде келері анық.Осы бір тұрғыдан Қасым Аманжоловтың туған елге арналған шығармалары өте құнды болып саналады.

Ұрпақ бойындағы туған өлкеге деген көзқарасты,ойды қалыптастыратын осындай туындылар.Ұлы ақынның жан тәнімен беріліп жазған шығармасы әр ұрпақтың санасында өз Отанына деген ыстық пейіл мен сүйіспеншілікті,намыс пен мақтанышты оятары сөзсіз.

 

1 комментарий

  1. Әдеби тілде жазылғаг өте тиянақты жұмыс екен.Эссе жазуға қажетті ақпараттарды алуға да болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *