XХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы қазақстандағы мектептердің дамуы: дәстүр және жаңашылдығы
Болатхан Қастер
магистрант
Түйін. Мақалада XX ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстандағы жалпыға білім беретін мектептердің қалыптасуы мен дамуы қарастырылады. Мемлекеттік білім беру жүйесі халыққа білім берудің біртұтас жүйесін құруға бағытталды. 1930 жылдары Қазақстанда сауатсыздықты жою аяқталып, жалпыға бірдей бастауыш білім беру енгізілді. ХХ ғасырдың 20-30-шы жылдарындағы қазақ қоғамындағы білім беру жүйесін зерттеу Қазақстандағы білім беру тарихы мен қазіргі заманын түсіну үшін өзекті және маңызды болып табылады.
Кілт сөздер. мектеп, оқу-ағарту, білім беру жүйесі, сауатсыздықты жою.
РАЗВИТИЕ ШКОЛЫ В КАЗАХСТАНЕ В 20-30-Е ГОДЫ XX ВЕКА: ТРАДИЦИИ И МОДЕРНИЗАЦИИ
Аннотация. В статье рассматривается становление и развитие общеобразовательной школы в Казахстане в 20-30-е годы ХХ века. Государственная система образования была направлена на создание единой системы народного образования. В 1930-е годы в Казахстане была завершена ликвидация неграмотности и введено всеобщее начальное образование. Исследование системы образования в казахском обществе 20-30-х годов XX века актуально и важно для понимания истории и современности образования в Казахстане.
Ключевые слова. школа, образование, система образования, ликвидация неграмотности.
ХХ ғасырдың басында Қазақстанда білім беруді дамыту жолында өте үлкен қиындықтар болды. Республикада білімді адамдардың саны салыстырмалы түрде аз болды. Өңірде белсенді мәдени саясатты жүргізу үшін қажетті материалдық-техникалық база жетіспеді. Сонымен қатар, осы жылдарда елдегі білім беру жүйесінде елеулі өзгерістер болды. Осы кезеңде білім беруді халық арасында, әсіресе қазақтар арасында тарату бойынша мемлекеттік саясат жүргізілді. Бұл өзгерістерді зерттеу олардың мақсаттарын, әдістерін және нәтижелерін анықтауға көмектеседі.
Қазақстанда ХХ ғасырдың 20 жылдары жоғары білімді, сауатты мамандар өте тапшы болды. Сауаттандыру жұмысы республиканың барлық аудандарында төтенше комиссиялардың құрылуымен басталды. Ұлт зиялылары төтенге комиссияның жұмысына атсалысып, білім беру ісіне тартылуы тиіс азаматарды есепке алу, мұғалім мамандарын даярлау жұмыстарын ұйымдастыру, мектеп және қысқа мерзімді курс жұмыстарының дұрыс жүруіне көңіл бөлді. Сауат ашу курстарында тек оқу мен жазу ғана емес, ұлт зиялылары азаматтарға пайдалы болатын бухгалтерлік есеп сияқты пәндердің оқытылуына қол жеткізді. Ұлт зиялылары халық ағарту жұмыстарын республиканың орталық аудандары мен ірі қалаларында ғана емес, жергілікті жерлерде де белсенді жүргізді.
ХХ ғасырдың 20-шы жылдары ағарту саласында түрлі өзекті мәселелер болды. Мұғалімдер мен оқулықтардың жетіспеушілігі ерекше байқалған еді. 1920 жылдың маусым айында құрылған Сібір халыққа білім беру бөлімінің «татар-қазақ» секциясының құжаттарында мектеп үшін мұғалімдердің жетіспей жатқандығы айтылады. Оқулық тапшылығын шешу үшін секция әр мектептерді татар тіліндегі оқулықтармен қамтамасыз ете бастады. Ағарту саласының осы екі күрделі мәселесі ұлт зиялыларының халыққа білім беру бағытындағы қызметтеріне негіз болды. Ахмет Байтұрсынұлы ұлт зиялыларының ағарту саласындағы қызметін 1920 жылдың 1 қарашасынан бастап жүйелі түрде ұйымдастыра бастады[1, 38 б.].
Осы уақытта Кеңес Одағында индустрияландыру және ұжымдастыру жүргізілді, бұл Қазақстандағы білім беруді дамыту ерекшеліктеріне әсер етті. 20-30 жылдардағы білім беру жүйесінің маңызды компоненттерінің бірі ересектер арасындағы сауатсыздықты жою болды. 1921 жылы Қазақстан Үкіметі сауатсыздықты жою жөніндегі орталық төтенше комиссия (Қазграмчека) құрды, онда ересек тұрғындар әліпби грамотасын игерген пункттерді ұйымдастыру бойынша барлық жұмысты басқарды. 1921 жылдан 1927 жылға дейін бұл тармақтарда 200 мыңға жуық адам, 1929 жылы 150 мың адам, ал 1930 жылы 500 мыңға жуық адам оқытылды.
1920 жылы қазан айында Қазақ АССР-ның оқу халық комиссариаты құрылып, оның төрағасы болып А.Байтұрсынов тағайындалады. 1921-ші жылғы ақпанда Бүкілқазақстандық оқу ағарту қызметкерлерінің конференциясы шақырылды. Онда бірыңғай мектеп жүйесін құру, кәсіптік-техникалық білім беру, мектептердегі саяси-тәрбие жұмыстары, балаларды қорғау, тағы да басқа мәселелер қамтылды. Конференция қабылдаған жарлықта жаңа қоғамда бала тәрбиелеу ісінде отбасының рөлі кемиді, алдағы жерде оларды балалар үйі мен коммуна мектептерінде тәрбиелеуіміз керек, таптық қоғамның жойылуымен қоса мектептегі сабақтық-сыныптық жүйе де жойылуы тиіс, өйткені баланы еркін тәрбиелеу қажет, оқытудың сыныптық жұмысын лабораториялық-сабақтық, бригадалық әдіспен ауыстыру керектігі жөнінде теріс көзқарас етек алды [2, 286 б.].
1922-23 жылдары құрылған Академиялық орталық арқылы ұлт мектептерін төл оқулықтармен, бағдарламалармен қамтамасыз етуде біраз шаралар іске асырылды. Осы орталық физика, грамматика, алгебра, педагогика, мектеп гигиенасы тағы басқа оқу құралдарын жазуға қазақ зиялыларын ұйымдастыра білді. Мектептерді әдістемелік жағынан қамтамасыз етуде біршама жұмыстар атқарылды. Республикада, әсіресе қазақ мектептерінде халықтық білім берудің дамуына осы кезеңде қазақ ағартушы ғалымдары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, жазушылар мен ақындардың үлесі зор болды [3, 98 б.]. 1921 жылы Семейде А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлының «Есеп құралы», «Оқу құралы», «Тіл құралы» оқулықтары басылып шықты. Мемлекеттік баспада жаңа оқулықтар жасау үшін редакция алқасы құрылып, оны жазуға Ә.Бөкейхан («География»), М.Жұмабай («Қазақстан тарихы», «Педагогика»), Ж.Аймауытов («Дидактика»), Б.Омаров («Алгебра»), Алгебраның қазақ тіліндегі алғашқы мектеп оқулығының құрастырушысы Қаныш Сәтбаев және басқа да халық зиялыларының белгілі өкілдері қатысты. 1927-28 оқу жылдарында қазақ мектептері үшін жалпы таралымы 575 мың дана 30-дан астам оқулық басылып шықты [4, 320 б.].
Елдегі ауыр әлеуметтік-шаруашылық жағдайына қарамастан өлкеде бірте-бірте мектептер саны көбейді. Мәселен, 1920-1921 оқу жылында Қазақстанда 2410 мектеп болды. Бұл көрсеткіш 1914-1915 жылмен салыстырғанда төрт жүздей артық еді, өйткені осы кезде барлығы 2011 мектеп білім берді. Сәйкесінше оқушылар саны да артты. Егер 1914-1915 оқу жылы 105239 оқушы білім алса, 1920-1921 оқу жылында 144002 бала оқыды, яғни оқушылар саны 35 мыңдай адамға көбейген.
Мектептердегі білім беру деңгейі әлі де нашар еді. Балалар мен мұғалімдерге арналған оқулықтар мен оқу құралдары тапшы болды. Әсіресе қазақ мектептерінде оқулықтар жетіспеді. Сондықтан да Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы бастаған Алаш зиялылары сауатты деген ел азаматтарын қазақ мектептері үшін оқулықтар жазуға шақырды. Балалар үйіндегі материалдық-техникалық жағдай сын көтермейтін, онда тіпті ауыстыратын киімдер мен төсек-орындар жетіспейтін. Ауылдық елді мекендер уезд және губерния орталықтарынан шалғайда орналасты. Қазақ мектептерінде әліппе оқулықтарының өзі де жетіспеді. Жоғары білімі бар білікті педагогтер өте аз еді. Мысалы, 1924 жылы Ақмола уезінде жоғары білімі бар бірде-бір қазақ болған жоқ.
Білім беру жүйесіне ауыр соққы 1929 жылы қазақ тілінің араб графикасынан латын графикасына көшуі болды. ХХ ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынұлы ұсынысымен қазақ фонетикасының ерекшеліктері ескеріліп, араб графикасына негізделген «төте жазу» жасалынды. 1929–1940 жылдар аралығында латын графикасына негізделген әліпби жазу жүйесі енгізіліп, 1940 жылдан ол кирилл графикасымен ауыстырылды .
Мектеп ісіне әліпбидің өзгертілуі үлкен қиындықтар туғызды. Азаматтарды қайта оқытуға даярлау курстары үлгермей жатты. 1930 жылы тамызда көшпелі халық тұратын мекендерде жалпыға бірдей міндетті бастауыш оқу енгізілді. Алайда осы жылдары етек алған аштық мектептердің кеңінен ашылуына кедергі жасады. 1941 жылы республикада 7,5 мың мектеп жұмыс істеді, соның ішінде 5,1 мың бастауыш мектеп. Онда 1 миллионға жуық әртүрлі жастағы балалар оқыды. Жалпыға міндетті оқуға жататын мектеп жасындағы балалардың 98,9%-ы оқумен қамтылды [5, 12 б.].
Кеңес Одағының жаңа экономикалық саясатқа көшуі білім беру саласында біршама ілгері жылжуға әкелді. Бұл денсаулық және тазалық шарттарына сәйкес келетін мектеп үйлерінің салына бастауынан көрінді. Дегенмен де әлі болса ауылдарда мектеп үйжайлары болмады. Ауыл мектептері бір бөлмеден тұратын жертөлелерде орналасты. Екі бөлмелі мектептер бар болатын болса, оның бір бөлмесінде үй қожасы отбасымен тұрды. Осындай қиындықтар мен кемшіліктерге қарамастан ауылдық жерлердегі мектептердің саны артты. Мектеп үйлері шикі кірпіштен, ағаштан салынды. Жаңа өкіметтің күш салуына қарамастан білім беру саласы қаржы және материалдық ресурстарға аса зәру болды.
А. Байтұрсынов 1923 жылы «ашылатын мектептерге бөлінген ақша 2616 мұғалімдер мен кітапханашылардың жалақысына ғана жетеді. Балаларды оқумен толық қамту үшін 20 мыңнан аса мұғалім керек» екенін айтты. Ол халықты, губаткомдарды, болыстық және ауылдық биліктерді мектептерді өздері ашуға, оларды ұстауға өз қаражаттарын жұмсауға және аса кедей отбасындағы балаларды тегін оқытуды қарастыруға шақырды. Шалғай және халық сирек қоныстанған елді мекендерде интернаттар және мектеп бөлімдерін ашуды ұсынды [6, 25 б.].
1927 жылы бірыңғай еңбек мектептері ашылып, білім беру жүйесінің орталықтандырылуы жүзеге асырыла бастады. Алайда мектеп ісін ұйымдастыруда шешілмеген мәселелер аз еместін. Себебі жаңа типті мектептер үшін қазақ оқытушылары жетіспеді, ұлт тіліндегі окулықтар, бағдарламалар да өте аз болумен бірге мектеп үйлері де жетіспеді. Барларының өзі талапқа сай келмейтін. Мектептер үшін ұлттық мамандар даярлау – күн тәртібіндегі ең өзекті мәселе болды. Біртіндеп бұл мамандар тапшылығын шешуде алғашқы қадамдар жасалды.
1920-шы жылдардың басында 1930-ға жуық мектеп оқулықтары басылып, көп таралымға ие болды. 1925 жылы мұғалімдерге арналған ғылыми әдістемелік журналдар: «Жаңа мектеп», «Темірқазық», «Сана», «Абай» журналдары жарық көреді. Басылым беттерінде озат мұғалімдер мен қазақ ғалымдарының әдістемелік мақалалары жарық көріп, олар оқыту, тәрбиелеу ісіне біршама септігін тигізді. Осы кезеңнің басты жетістіктерінің бірі жаппай міндетті бастауыш білімді жүзеге асыру шаралары болғандығы белгілі. Мәселен, 1930-1931 оқу жылында 450 мыңнан астам мектеп жасындағы балаларды, оның ішінде жасы асып кеткен 100-мыңдай шәкірттерді оқуға тарту-ағарту саласындағы аса маңызды жетістіктердің бірі болды. Елде кітап бастыру ісі едәуір жолға қойылды. Егер өткен ғасырдың аяғында бізде не бары 70-тің аржақ-бержағында ғана кітап басылса, 1917-1930 жылдар арасында 200-ден аса кітап жарық көрді. Бұлардың көпшілігі қазақтың сол кездегі заман тақырыбына жазған дастан, поэма, жыр, әңгіме, романдары іспеттес туындылары еді.
Республика орта арнаулы кәсіптік білімі бар кадрларға аса мұқтаж болды. Осыған байланысты 1920 жылдың басында техникалық мектептер ашыла бастады. Бірінші болып педагогикалық техникумдар ашылды. Осы жылдары ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, денсаулық сақтау органдарының мамандарын даярлау бойынша 11 техникум жұмыс істеді.
1927-1928 оқу жылында республикада не бәрі қазақ орта мектебі болды: Ташкент пен Орынборда үлгілі-тәжірибе мектептері және Қызылордада тоғызжылдық мектеп. 1920-1921 оқу жылында Орынборда ашылған коммуна түріндегі үлгілі-тәжірибе мектебі өлкелік қазақ мектебі болды. Ол РСФСР Халық ағарту комиссариаты үлгілі-тәжірибе мекемелер жүйесіне кірді және Қазақстандағы ең ірісі болды. Мектепте 1923-1924 оқу жылында 383 адам оқып, оның 350-і интернатта орналасты. Оқушылардың қатарында 47 қыз бала бар еді. Қазақ АССР ХАК-ның нұсқауларын басшылыққа ала отырып, бұл мектеп жергілікті жағдайларда қолданылатын оқу бағдарламалары, педагогикалық және әдістемелік ұсыныстар дайындады. Өзінің қызмет барысында мектеп РСФСР Хак-ның ұсынған үздік оқу материалдарынпайдаланды. Бұлардан өзге даярлық бөлімдері бар жұмысшы факультеттері жұмыс іседі. Жоғары оқу орындарына түсетін оқушыларды толық жеткізу үшін екі жылдық даярлық бөлімдері онан әрі жұмыс істеді, бұл бөлімдерге жеті жылдық білімі бар қазақ жастары қабылданды.
Кеңес өкіметі жылдарында Қазақстанда жоғары оқу орындарының жүйесі дами бастады [7, с 69-73]. 1926 жылы Ташкент жоғары педагогикалық институтында қазақ факультеті құрылды. 1928 жылы факультет Алматыға ауыстырылып, Қазақ мемлекеттік университеті болып өзгертілді. Екі жылдан кейін ол Қазақ педагогикалық институты болып өзгертіліп, 1935 жылы Абай Құнанбаевтың есімін алды. 1929 жылы Алматыда мал дәрігерлік институты, 1930 жылы ауылшаруашылық институты ашылды. 1934 жылы астанада екі жаңа жоғары оқу орны – тау-кен металлургия институты мен атындағы Қазақ мемлекеттік университеті ашылды. С.Киров (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті). 1931 жылы Алматыда республикадағы алғашқы медициналық институт ашылды. Орал, Семей, Ақтөбе, Петропавл, Шымкент, Қостанай қалаларында педагогикалық ашылды. 1930 жылдары сырттай оқыту жүйесі дами бастады
ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы білім беру жүйесін төмендегідей хронология бойынша қарастыруға болады [8]:
– 1920 жылы қазанда Қазақ АКСР-нің ХАК-ы құрылып, А.Байтұрсынов халық комиссары болды.
– 1921 жылы ақпанның он сезігінде Бүкілқазақстандық оқу-ағарту конференциясы шақырылды. Онда балаларды қорғау, бірыңғай мектеп жүйесін құру, кәсіптік-тех. білім беру, саяси тәрбие ісі, оқу-тәрбие жұмысына байланысты, т.б. мәселелер қаралды.
– 1922-23 жылдары ұлт мектептерін төл оқулықпен, бағдарламамен қамтамасыз етуде біраз шаралар іске асырылды, қазақ тілінде 14 оқулық шығарылды.
– 1920-30 жылдары еліміздегі білім беру мектептерінің оқу базасын күшейтуге мемлекет тарапынан орасан мол қаржы жұмсалды. 367 мектеп жаңадан салынып, 361-і күрделі жөндеуден өткізілді.
– 1927-28 жылдары республикада үш-ақ орта мектеп (Ташкент, Орынбор, Қызылорда) болды. Оқушылардың көбі 7 жылдық мектепті бітірісімен техникумдар мен ФЗО-ларға кетіп жатты.
– 1929 жылы республиканың ежелден ғылым, әдебиет, мәдениет тілі болып келген араб әліпбиінен латыншаға көшуі оқу-ағарту ісінің дамуына үлкен соққы болып тиді. Араб әліпбиімен шыққан мәдени бай мұралардың көбі отқа өртелді.
– 1940 жылы латын әліпбиінен кириллицаға көшу елдегі ағарту ісін тағы көп жылға шегеріп тастады.
– 1937 жылы қазақ бастауыш мектептерінің саны 537-ден 1190-ға, орта мектептер 11-ден 48-ге, орталау мектептер 143-тен 237-ге жетті.
Қорытынды. XX ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстандағы оқу-ағарту ісі революциялық жолмен қайта құрудың кеңес өкіметі орнатылғаннан кейін бірден қолға алынғандығы және осы бағытта бірқатар аса маңызды құжаттардың қабылданғандығына көз жеткізілді. Білім беру діннен ажыратылып, зайырлы оқу-ағарту жұмыстары сауатсыздықты жою, жаңа мектеп ашу шаралары жүргізілді. Алайда мектепке керекті үй-жайына, оқу жабдықтары мен құралдарына, мұғалімдерге және басқарушы мамандарға тапшылық анық байқалды. Әсіресе қазақ мектептері мұғалімдерге аса зәру болды. Осы орын алған олқылықтарды толтыру бағытында бірқатар өкімдер мен нұсқаулар шығарылд [9, 58 б.].
ХХ ғасырдың 20-30-шы жылдары енгізіле бастаған зайырлы білім беру жүйесінің сәтті жүзеге асуы ұлт зиялыларының қызметімен тығыз байланысты болды. Жаңа білім бағдарламасына сай енгізілген пәндердің оқулықтарын жазған ұлт зиялылары ғылыми терминдерді қазақшалау ісіне үлкен үлес қосты. Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мақсатында жүргізілген жұмыстар барысында нақты іс жүзінде шаралар атқарылды.
Ұлт зиялыларының ағарту жүйесінің дамуына қосқан үлесі нәтижесінде бірқатар оң өзгерістер байқалды. Заман талабына сай келетін мектептердің саны артты. Жалпы орта білімді жалпыға бірдей міндеттеу қаулысына сай жүйелі түрде оқыту ісін жүзеге асырды. Ағарту халық комиссариатының білім беру бағдарламаларына сай оқулықтар жазып, мұғалімдер үшін көмекші құралдарды жарыққа шығарды. Кітапхана мен архив ісі, баспасөз қызметінің жүйеленуіне жағдай жасады. Зайырлы білім беру мен ағарту жүйесіне негізделген оқулықтар шығару арқылы тиімді оқытудың теориялық-методологиялық негіздері қалыптасты.
Ұлт зиялыларына қарсы бағытталған саясиқуғын сүргін саясаты Халыққа білім беру ісінің дамуына кері әсер етіп, ұлт мүдденің ескерілмеуіне алып келді. ХХ ғасырдың 20-30 жж. аралығында Республикадағы Халыққа білім беру ісінің қалыптасып, дамуындағы ұлт зиялыларының қызметі алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстардың негізіне айналды.
Ағарту халық комиссариатының табанды қызметінің арқасында мектеп және оларда оқтын оқушылар саны көбейді. Бастауыш, орта мектептермен қатар дайындық курстары, мектеп-коммуналары, фабрика-зауыт училищелері, ағарту институттары ашылды. Ауыл мектептерін мектеп жасындағы балалармен қамту баяу болса да жүргізілді. Өлке басшылары мектептерге қажетті мұғалімдерді дайындап, ғимараттар салып, қаржы бөліп, оқулықтарды басып шығарып, қолдан келген шаралардың барлығын жасады. Нәтижесінде тұрғындар арасында сауатсыздар саны біршама азайып, мектепке тарту көрсеткіші артты .
Осы кезеңдегі оқу-ағартуда орын алған кемшіліктерді жоюдың тәсілдерін және тәжірибесін зерделеу ХХІ ғасырдың бірінші ширегіндегі білім беруді заманауи талаптарға бейімдеуде пайдалану қоғамның дамуы үшін ұтымды болары даусыз.
Пайдаланылған әдебиеттер
- Мұхатова О.Х. Қазақстан 1920-жылдардағы оқу-ағарту тарихы // Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің хабаршысы.Тарих ғылымдары. Философия. Дінтану. № 2(135)/2021
- Кеңестік білім беру жүйесінің қалыптасуы // Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. Бес томдық. 4-т. Алматы: «Атамұра», 2010. 386-390 бб
- Қайпбаева А.Т., Мұхатова О.Х., Әбікей А.М., Нұрмұхамбетов А.А., Алтынбек Х. Қазақстандағы оқу-ағарту жүйесі: тарихы мен тағылымы (1920–1930 жылдар) Ұжымдық монография.]. / – Алматы: «Мадияр» ЖК, 2022. – 352 бет.
- Нұрмұхамбетов А.А., Хумарзах А. Ағарту жүйесіндегі ұлт зиялыларының ұстанымы // Қазақстандағы оқу-ағарту жүйесі: тарихы мен тағылымы (1920-1930 жылдар). – Алматы: Мадияр, 2022. – 320 б.
- Туменова С.М., Чакенова Б.А. Государственная система образования в Казахстане в 20-30 годах XX века // Актуальные проблемы гуманитарных и естественных наук. – Алматы, 2014.
- Малдыбаев Б. Қазақстандағы жоғары, орта дәрежелі мектептер. Қызылорда: Қазмембас, 1926. 40 б.
- Моргунов К.А. Развитие системы казахских образовательных учреждений в Оренбуржье (1918-1991 г.г.) // Евразийское ожерелье. Альманах общественного института истории народов Оренбуржья имени Мусы Джалиля. Вып. 11. Оренбург, изд-во ОГПУ, 2011. С. 69-73.
- Система образования в казахском обществе в 20-30 годы ХХ века // https://e-history.kz/ru/news/show/32352 (Дата обращения:26.01.2021)
- Мухатова О.Х., Қайпбаева А.Т. 1920-30 жж. білім жүйесінің тарихи деректері. // Хабаршы ҚазҰУ. Тарих сериясы. – 2022. – № 3(106). – 54-65 бб.