Тірі тарихтың соңғы көздері

          Әрбір қариямыз бүгінгі біздің күніміздің тууына себепші. Оларды құрмет тұту мен қастерлеу біздің парызымыз. Себебі, басымыздың еркіндігі, сөзіміздің еркіндігі осы кісілердің арқасы деп білемін. Еліміз бен жеріміздің егемендігін алып беріп, ашық аспан силап отырған ол біздің қарттарымыз. Бастарынан қанша қиын қыстау күндер өтседе, қан мен тердің нәтижесі ретінде бізге бүгінгі еркіндікті сыйлады. Сондықтан бүгінгі күні халқымыз өткеннен қалған тарихи өнегені, отансүйгіштікті, ұлтына деген махаббатты жоғалтпай, әрі қарай жастардың патриоттық сезіміне енгізуге ерекше көңіл бөлуі керек деп ойлаймын. 

      Өткенге көз жүгіртетін болсақ, мұңға батамыз. Дегенмен де, Қазақстанды Ресейдің отарлауы – 1731 жылы Кіші Жүз ханы Әбілқайырдың Ресейге қосылуынан басталды . Бұл процесс 130 жылдан аса уақытқа созылды. 1985 жылы наурызда Горбачев билікке келгеннен кейін жарияланған жаңа реформалар көбіне сөз күйінде ғана қалды. Коммунистік партия жетекшілігіндегі советтік республикалар одағы 1991 жылы біржолата күйрегенге дейін адамға қарсы басып-жаныштаушы репрессиялық әрекетінен танбады. Оған дәлел, 1986 жылы болған желтоқсан оқиғасы. Желтоқсан оқиғасы- тәуелсіздік негізі, егемендік үшін күрес. Бұл көтерілістің басталуына ең үлкен себеп болған, 1986 жылғы 16 желтоқсанда Алматыда өткен коммунистік партияның жедел жиынында Қазақстанды 24 жылдан астам уақыт басқарған Дінмұхаммед Қонаев қызметінен түсіріліп, орнына Қазақстанда бұрын-соңды болмаған Геннадий Колбин тағайындалды. Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы ауыстырылғанына наразы болған бірнеше мың адам – студент және жұмысшы қазақ жастары 17 желтоқсанда Алматының орталық алаңына жиналды. Совет билігі наразылықты күшпен басу туралы шешім қабылдап, 18 желтоқсанда бейбіт шеруге шыққандарды ұрып-соғып таратып, жаппай қамап, жауапқа тартады, жүзден астам адам сотталады. Қазақ ғалымы Шоқан Уәлихановтың: «Халықтың кемеліне келіп, өркендеп өсуі үшін ең алдымен, азаттық пен білім қажет» дегендей, азаттықты арман етіп, Отан үшін жанын қиған қазақ жастары, бүгін біздің ата-бабаларымыз. Бірі айтылса, бірі айтылмас қанша батыр ардагерлеріміз бар. Уақыт ешкімге қарамай зымырап өтуде, өкініштісі қазір ардагерлеріміздің көбісі өмірден өткен.

      Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білген қазақ халқы болғандықтан, қазір біз ардагерлерімізді  көзіміздің қарасындай сақтаудамыз. “Кәрілік деген — шаршаудан гөрі, демалуға көп уақыт кететін кезең” дегендей, қазір еліміздің әрбір қаласында ардагердер үйі, белсенді ұзақ өмір орталықтары бар.

“Әдепсіз бала,

Ауыздықсыз атпен тең.

Ақылды қария,

Жазып қойған хатпен тең” – деген мақалмен мен толықтай келісемін. Себебі өзім қарияларымызға көзі тірісінде ерліктері үшін алғыс айту мақсатында және қал жағдайларын біліп, қолдан келгенше көмек көрсету мақсатында қаламыздың ардагерлер үйіне барып тұрамын. Тарих осы кісілердің арқасында болғандықтан, олар өмірлік тәжірибелеріне сүйене отырып, ата салтын, еңбек даңқын, рухани құндылықтарымызды, дәстүр мұраларымызды, отансүйгіштік және елжандылық қасиеттерді жас буынның бойына дарытуға атсалысады. Себебі қариялар үшін бөтен бала жоқ, барлығын өз ұрпағы деп санайды.

       Тобықтай бір түйін жасасақ, ата-бабаларымыз найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалған қасиетті жерімізді ардақтап, қорғау әрбіріміздің парызымыз. Себебі бәлкім тірі тарихтың көзін көрген біз соңғы ұрпақ болармыз. Осындай асыл адамдармен бір дәуірде өмір сүріп жатқанымыз біз үшін үлкен мәртебе. Еліміздің күннен күнге көркейіп, дамуына негіз салғандары үшін тағзым ету біздің міндеттеріміздің бірі деп санаймын. Бұл біздің  ең аз дегенде қолдан келетініміз. Қазақилығымызды жоғалтып алмайық.  Үлгілі отбасылардың өнегесін алып, өсіп-өнген ел мақтанар, қызыға қарар әулет болуға талпынайық.

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *