Ұлы құндылықтың қайталанбас біртуары – Айтбай Жұмағұл
Өнер атты ұлы құндылықты бойына дарытқан ұлы тұлға, ұлт жанашыры, мағынасы тереңде жатқан көркем сөздің иесі Айтбай Ботпайұлы Жұмағұлов өнегелі өмірі мен жас ұрпаққа берер тәлім тәрбиесі арқылы халқының сүйіктісіне айналған дара талант. Сарыарқаның кең төсінде өскен, кеңдік пен азаттықты сүйген өнер иесі әуезді ән, құлақ құрышын қандыратын ұлттық аспап домбырамен тартылатын күй мен жырға бар ғұмырын арнап келеді.
Айтыс өнерінен өзіндік орнын қалыптастырған, ақиқаттың ақ жалауын тік ұстаған, әр сөзіне шындықты тиек еткен ақын өз ісінің шебері, бүгінгі күнге дейін қаншама жүлденің иегері болған өресі биік әзиз жан. Жанына жыр жауһарды жақын тұтқан айтыскер ақынның киелі сөз бен сахананы биік ұстағанын, қарапайым болмысын сақтаған өр мінезі мен асыл өнерге деген құрметін елі қашанда мақтан тұтары анық. Қасиетті қара домбыраның үні мен әуелеген дауысын жүрегімен сезінген дара тұлғаның ұлы өнері біз үшін мәңгі айтылар тарих, ұмытылмас рухани мұра болары сөзсіз.
Айтыскер жайлы
Айтбай Ботпайұлы Жұмағұлов 1975 жылы желтоқсан айының 7 жұлдызында Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, Қарақұдық ауылында дүниеге келген. 1992 жылы Қарақұдық ауылында орналасқан Амангелді атындағы орта мектепті бітірген. 1995-1999 жылдары Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті филология факультетінің түлегі атанды. Еңбек жолын ұстаздық етумен бастаған айтыскер ақын Қарағанды қаласындағы Әлихан Бөкейхан атындағы №76 қазақ орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарған. 2001 жылдан қазіргі күнге дейін академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті филология факультетінің қазақ әдебиеті кафедрасында аға оқытушы болып қызмет етіп келеді. 2012 оқу жылынан бастап университет доценті атанды.
Ұлағатты ұстаз
Айтбай Ботпайұлы – 50 – ден аса ғылыми мақалалар мен 1 монографияның авторы. Доцент Жұмағұловтың зерттеулері қазақ әдебиетін насихаттауға қатысқан үздік еңбектер. Айтбай Жұмағұлов өшпес өнерімен қатар шәкірт тәрбиелеп отырған ұлағатты ұстаз. Айтыскер ақынның шәкірттері көбіне Халық ауыз әдебиеті мен Хандық дәуір әдебиеті бойынша дипломдық жұмыстарын қорғаған. 2012 жылы Айтбай Жұмағұловтың алғашқы әрі жалғыз «Қазақ әдебиетін дәуірлеу тарихы» атты ғылыми монографиясы жарық көрді.
Тағылымы биік өнері мен өмірі жайлы Айтбай Ботпайұлы Жұмағұловтың өзінен білсек. Айтыскер ақынмен жүйелі сұқбат.
1. Өнер жолына қалай келдіңіз?
Өнер менің бойыма ең алғаш отбасымнан дарыды. Әкем газет журналисті, тілші болды. Аталарым мен ағаларымның барлығы әубастан-ақ киелі өнерге қадам басып, халқының сүйіктісіне айналған ұлы тұлғалар. Мен сол кісілерден ілім алып, бар дарындарын жаным мен жүрегіме жақын еттім. Ең алғашқы өнер көрсеткен сахнам 1990-1991 жылдардағы бірінші Наурыз айындағы айтысқа досыммен бірге қатысуым болатын. Бұл халқымыздың енді ғана аяққа тұрып, өз егемендігін алып жатқан жылдары еді. Осы айтысқа қатысып 1 орынның иегері атандым. Міне осыдан бастап бірте-бірте айтыс өнеріне ене түстік.
2. Айтыс, ақындық болмаса қандай жолды таңдар едіңіз?
Адамға өнер атты ұлы құндылықты Алладан басқа ешкім бере алмайды. Айтыс пен ақындықтан басқа кәсібім жоғары оқу орнындағы шәкірт тәрбиелеп отырған ұстаздығым. Қандай маман иесі болса да, адам- адам болып қалуы керек. Өмірден өткенше адамдығыңды жоғалтпау сенің ең басты жеңісің болмақ. Кім болсам да елім мен болашақ жастарға пайдам тисе, бір ісіммен үлгі, өнеге бере алсам, соның өзі мен үшін бір мақтаныш.
3. Балаларыңыздың өз жолыңызды қуғанын қалар ма едіңіз?
Әрбір қазақтың баласы бесаспап болса нұр үстіне нұр болады. Жігітке жеті өнер де аз деген халқымыздың керемет сөзі бар. Балаларымның өнерпаз болғаны мен үшін бір үлкен қуаныш. Бұл жердегі мақсат белгілі бір дәрежеге жету емес, ең бастысы өнер деген асыл дүниенің қадірін түсініп, оны құрмет тұта білсе, бойындағыны халқына паш етіп, бағалай білсе міне, осы ең маңызды дүние. Балаларымның барлығы өнерлі. Әрқайсысы өз жолын дұрыс таңдап, сүйікті ісімен айналысса- менің әкелік парызымның орындалғаны.
4. Қазіргі айтыс пен бұрынғы айтыстың айырмашылығы бар ма?
Бұрынғы айтыстан қарағанда қазіргі айтыс күрделі кезеңге өткен үлкен жауапкершілік пен ерекше дайындықты қажет етеді. Бұрынғы айтыстың келбеті жеребе мен суырып салма ақындық өнердің сипатына айналса, қазіргі айтысқа алдын-ала дайындықпен, сөздері мен сахналық образын қалыптастырып бару әдетке айналған. Бұрынғы айтыс сахнасы көрерменге сол жерде айтылып, енді қайталанбайтынымен қызықтырақ болатын. Ал, қазір айтысты интернет желілері мен теледидардан кез-келген уақытта көруге болады. Екі кезеңдегі айтыс та өз арнасымен, алдыға қойған негізгі мақсатымен төл өнердің бір құрамасы болып отырған ақындықты дамытушы, ең бастысы халыққа ой түйгізіп, ел көңілінен шықса айтыс өнерінің өзгермей сол қалпында сақталуы деп ұғынамыз. Қазір айтысқа қызығатын жастар аз. Бұрын танымал болу үшін кемінде айтыскер ақын, әнші немесе белгілі бір өнерпаз болсаң жеткілікті болатын. Бүгінгі күні елге танылу үшін интернет желісі жетіп жатыр. Небір жаман қылықтармен де танылып кететіндер көбейді. Қазір танымал болу өте оңай. Сондықтан айтыс өнерінің әрі қарай дамуы біздің және келешек ұрпақтың қолында. Ұлттық өнеріміздің көрер жарығы әлі алда. Сол себепті, бұл құндылығымызды әрқашан биікке көтеріп, жоғалтпай құрмет тұту біз үшін үлкен парыз.
Бойындағы бар өнері арқылы еліне пайдасын тигізіп, дамуы мен өсуіне үлкен үлесін қосып жүрген айтыскер ақынның шығар биігі, алар асуы алдағы күннің еншісінде. Адамгершілік атты парасатты ұғымды жанына серік етіп, халқына деген ерекше құрметінен бір елі арылмаған айтыскер ақын, ұлағатты ұстаз Айтбай Жұмағұловтың өнері біз үшін қайталанбас мұра. Ғажап өнерден өзіне шабыт алатын біртуар азаматқа шығармашылық табыс тілей отырып, ұлы құндылықпен халқының сүйіктісіне айнала беруіне, өнер жолында әрқашан сәттілік серігіңіз болсын дегіміз келеді.