Кафедраның үлкен жетістігі
Суйеуова Набат Базархановна
Есенов университеті, Ақтау
2023-2024 оқу жылы «Машина жасау және көлік» кафедрасы үшін табысты, жемісті оқу жылы болды. Кафедра ұжымының ұйымшылдығы, ауызбіршілігі тағы да жетістіктермен дәлелденді.
Атап кетсек, биылғы оқу жылында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, Қазақстандық жоғары оқу орындарының (ЖОО) 2023 жылғы білім беру бағдарламаларына (БББ) тәуелсіз сараптама жүргізіп, рейтингін жариялады. Осы шараға 2000-нан астам БББ ұсынылды, оның ішінде 81 393 түлек талданды, 200-дей салалық сарапшылар қатысты. 97 ЖОО бойынша 2 мыңнан астам сараптама жасалды.
«Атамекен» ҰКП рейтинг мақсаты – ЖОО мен жұмыс берушілер арасындағы қарым-қатынасты нығайту, нарық сапасына сай маман даярлауды жоғарлату. Рейтинг әдістемесі ЖОО-мен, сарапшылармен ашық талқылау нәтижесінде қабылданады, жетілдіріліп отырады.
Атаулы рейтинг 19 критерий бойынша бағаланды, атап айтқанда негізгілері:
- түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі;
- түлектердің орташа жалақысы;
- білім беру бағдарламасын аккредиттеу;
- оқытушылар құрамының сапасы;
- білім беру бағдарламаларының өзектілігі.
Осы критерийлер 3 блокқа біріктірілген:
– түлектердің мансаптық перспективалары;
– БББ сапасы;
– білімалушылардың жетістіктері.
Yessenov University бойынша сапасы сарапқа салынған рейтингте 33 білім беру бағдарламасы бақ сынаған болатын. Сараптама қорытындысы бойынша «Атамекен-2023» рейтингісінде ТОП-3-ке университетіміздің БББ-лары жоғары деп бағаланды, оның ішінде «Машина жасау» БББ 2 орынға ие болды.
Өткен 2022 жылмен салыстырғанда ТОП-10 білім беру бағдарламасына Yessenov University 9 бағдарламасы кірген болса, 2023 жылы ТОП-10-ға университетіміздің 14 білім беру бағдарламасы енген. Бұл университетіміз үшін үлкен жетістік, жоғары көрсеткіш деп білеміз. Сондай-ақ, өткен жылмен салыстырғанда 8 білім беру бағдарламасы өз позицияларын әлдеқайда жақсартқан, ілгерлеу бар.
Осындай жетістіктерге үлес қосқан Есенов университетінің «Машинажасау және көлік» кафедрасы ұжымының еңбектеріне табыс тілеймін. Алдағы уақытта да осындай жағымды жаңалықтарымыз көп болғай!