Құмарлықтан құрбандыққа…
Сағыныш Бақытжанқызы
Құмарлықтан құрбандыққа…
Сөздері сан ұрпаққа сана болған Абайдың мағыналы шығармалары қазақ қоғамында құнын жоймай келе жатыр.Солардың бірі ретінде бүгінгі тақырыбымызға «Құмарланып шаттанба,Ойнап босқа күлуге»,-деген өлең жолдары дөп келетіндей.Абай айтқан осы құмарлық-қоғам дертіне айналуда.
Қамшының сабындай қысқа өмірдің қадір-қасиетін түсініп,жете ұғынғанмен,бағамдай білетін жандар өте аз.Бірі арақтың арбауына алданса,енді бірі құмар ойынның құрсауында қалып жатыр.Бір өкініштісі,оңай олжаға оңаламын деп,қалай құмартып қалғандарын сезбейтіндері де бар.Бұл-тоқшылық па әлде жоқшылық па? Осы тұста Абайдың: «Тамағы тоқтық,Жұмысы жоқтық,Аздырар адам баласын»,-деген өлең жолдары еріксіз еске түседі.Дәл осы құмар ойындарға қармалғандар отызында орда бұзып,қырығында қамал алып,елуді еңсеретін шақтарында жеңіл ақшаның буына мас болып,бір “ғажайыпты”күтіп жүргендер.Шәкәрім айтқан “мал табуды”-оңай жолмен ақша табу деп түсінген ер-азаматтарымыз бүгінгі күнде сауда орталықтарындағы ойын автоматтары мен букмекерлік кеңселерді жағалап жүр.Оған қоса,ғаламтордағы түрлі казино сайттарға тіркеліп,бәс тігетіндері де аз емес.Адал ризығын арамға айырбастағандар бүгінде осы ойынды кәсіп қылса керек.Үйден шықпай,жеңіл ақша табудың жолы осы деп өз көңілдерін өздері көншітуде.
Кез-келген жанның санасын санға соқтырып,опық жегізген бұл құмар ойындары,өкінішке орай,көптеген сұмдық жағдайларға әкеп соқтырып жатыр.Соның бірі-жалындап тұрған жастарымыздың құмар ойындарына кіріп кетіп,қарызға белшесінен батып,микроқаржылық ұйымдарды торуылдап жүруі.Одан қалса “отағасы асырайды”,-деп үміт еткен жарларының сенімін ақтамай,үй-жайын,бала-шағасын осы ойынға айырбастап,соңында ажырасқан жандар да жетіп артылады.Ең сорақысы- осылардың барлығынан құтыламын деп,өз-өздеріне қол жұмсағандар.Әрине,өз-өзіне қол жұмсау-ешқандай мәселенің шешімі емес.Бұл нәрсенің артында құмарлықтың тым шектен шығуы жатыр.Осы тұста «Адам баласы қандай жағдайға тап келсе де,оның әуестігі мен құмарлығы себеп болады»,-деп айтуға негіз бар.Қанша жерден осындай құмар ойындарға Заң шығарылып,қатаң тыйымдар салынып,көптеген букмекерлік кеңселер жабылып жатса да,бұл құмарлықтың құрбаны болған жандар көбеймесе,азаяр емес.Бұл мәселеге ел болып,жұрт болып тоқтау қоймасақ,ушығып кетуі әбден мүмкін.Сондықтан әрбір саналы жан,болашақ ұрпақты тәрбиелеп отырған ата-ана,өзімізді мұндай хәлге жеткізбейік,нәпсінің жетегінде кетпей,”Адам” деген ардақты атқа лайықты болып жүрейік! Нәпсінің құлы емес,Алланың сүйер құлы болайық!!!
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718