«ҰЛТ ЖАНАШЫРЫНА АЙНАЛҒАН «ТҮРМЕ БАЛАСЫ»
Тұрар Рысқұлов – жазушы, ұлт қайраткері, аты мәңгіге қалуы қажет нағыз ұлы тұлға, ұлт жанашыры. Осындай еңбегі сінген ұлы адамның туылғанына биыл 130 жыл толмақшы. Ал сіз, Т. Рысқұловтың «Түрме баласынан» қалай «Ұлт қайраткеріне» айналғанын білесіз бе?..
Оңтүстіктің баурайында, яғни Жетісу облысының Шығыс Талғар болысында дүниеге келген бала Тұрардың тағдыры оңай бастала қоймады. Үкіметтің өткір ұшы мен озбырлығы ең алдымен Тұрарға ғана емес, әкесі Рысқұлға да тиеді. Ол кісі XIX ғасырдың 80 жылдары озбырлыққа шыдамай қоныс аударып, әділетсіздіктің куәсі болып, 1904 жылы бір болысты өлтіріп, түрмеге отырады. Өш алушылардың кері әсері баласына тимесін деген ниетпен әкесі баласын жанына алып алады. Сөйтіп, балалық шағының бір бөлігін әкесімен бірге өткеріп, түрмеде жүрген бала Тұрар «Түрме баласы» атанады.
Қара қамаудың өзінде жай жатпай, түрме үйлерін сыпырып, бастықтың атын айдап, орыс тілін меңгеріп алады. Әкесі 10 жылға сотталғаннан кейін, Тұрар нағашыларының қолына барып, «Қырғызбаев» деген тегімен жасырынып жүруге мәжбүр болады. Себебі, сол бір заманның талабы сондай еді, сотталған жау баласы екенің белгілі болса, дамымақ түгілі, оқудың өзі қиынға соғатын еді.
Кейін, Меркідегі орыс – түземдік бастауыш мектебінде білім алады. Алайда ол мектептер миссионерлік бағытты ұстанатын еді. Білімге деген табандылықтың арқасында Тұрар Рысқұлов бау – бақша өсіруші мамандығын бітіріп алады. Зеректігінің, ақылдылығының нәтижесінде Самара қаласындағы училищеге жолдама алады. Бірақ, мынаны қарасаңызшы ?! Училище директоры «Қазақ – көшпелі, жер өңдеуді оқудың қажеті жоқ.» деп қабылдаудан бастартады. Былай қарасақ, биікке қарай ұмтылған құстың ұшам деген жерінен қанатын кескен сәтпен тең. Бұндай әділетсіздікке Тұрар бір рет қана ұшырамайды, бірақ талпынып, мойымаған сәттері де аз емес. Бойында қайсарлық дарыған Тұрар бәрібір берілмей, қалаған оқу орны — Ташкенттегі мұғалімдер семинариясына түсіп, білім алады.
Тұрар өмір сүрген заман қазақ халқы үшін қиын қыстау кезеңдердің бірі болғаны анық. Әсіресе, ХХ ғасырдың басынан бері болып келе жатқан оқиғалар.. Т. Рысқұлов төңкерістен кейін, 1917 жылы жетекшілігімен «Қазақ жастарының революциялық одағы» құрылады. Нағыз ұлт жанашыры ашаршылыққа ұшыраған халықты ажалдан құтқарып қалуға, орыс пен қазақтың арасындағы қарым – қатынасты реттеуге, кеңестерге халық өкілдерін көптеп тартуға күш жұмсайды, контрибуция ретінде тартып алынған қазақтардың мал – мүлкін қайтарып бергізуге жұмыс жасайды. Онымен қатар, Т. Рысқұлов жетекшілігімен қоғамдық тамақтандыру ұйымдастырылып, 20 мың адамға дейінгі халық тамақтандырылады. Әулиеата қаласының 52 орыс капиталисіне ашаршылыққа ұшыраған халық пайдасына 3 миллион сом салық төлеттіреді. Міне, нағыз ұлтқа жанашыр, қайсарлық пен батырлық мінезі қанында дарыған нағыз қазақтың көрінісі – осындай болмақ.
Оған қоса, Голощекиннің «Кіші Қазанына» ашық түрде қарсылық танытып, нақты ұсыныстарымен бөліскен де Т. Рұсқылов еді. Алайда билік басы үшін бұл тиімсіз және өздеріне жаттанды ұлтшылдықтың көрінісі болып қала беретін еді. Ал 1924 жылы ол Моңғолияның өкілетті өкілі болып, Республиканың аяғына нық тұруына атсалысқан бірден – бір тұлға. Ол Моңғолия астанасының атын Уланбатор деп қоюды да ұсынған еді.
Оқып отқандарыңыздай, оның «түрме баласы» атануы жай ғана тағдырына жазылған оқиға еді. Бұл атау да, болған жайт та оның жақсы адам болуына, бойында тараған қасиетіне де кедергі келтіре алмады. Т.Рысқұлов небәрі 44 жыл ішінде мызғымас еңбектің арқасында биік белестерге жете алды. Бар өмірін халқының бейбіт өмірі мен қамын ойлаумен өткізген Тұрар атамыз нағыз келешек ұрпақ үшін үлгі, өнеге болуы тиіс. Ол өзі де, отбасы да 30 жылдардағы жаппай қуғын – сүргіннің құрбаны болды. Әрине, өкінішті.. Алайда бұл тұлғаның аты өшпейтіні анық. Себебі, ол әрбір қазақ жанында, қанында.. Мен қазақ ұлтының болашағы, жас буыны осындай тұлғалардың ұрпағы болғанымды мақтан етемін, дәріптеймін.
Обайдуллина Елдара
Ұлытау облысы, Ұлытау ауданы
№1 тірек мектебінің 11 сынып оқушысы
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718