Жүсіп Баласағұн мұрасы

Қазақстан Республикасының бүгінгі дамуы барысында ұлттық бірегейлікті сақтау мен өткеннің құндылықтарын қайта жаңғырту ерекше сипатқа ие. Ал сол құндылықтар, тарихи тұлғалар есімімен, артынан қалдырған ізімен тығыз байланысты. Осының негізінде, Елбасымыз Н.Назарбаев өзінің «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында ұлы даланың ұлы есімдеріне аса мән берген: «Көпшіліктің санасында тарихи үдерістер, негізінен, тұлғаландыру сипатына ие болатыны белгілі. Көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтады» — деп, арнайы айтқан болатын.
Бүгінгі күнде тарихи тұлғалардың еліміздің мәдениетіне қосқан үлесін айқындап көрсету мәдениетіміздегі басты ерекшелік болып отыр. 
Жүсіп Хас Хажиб Баласағұни – ақын, ХІ ғасырдың аса көрнекті қайреткері, есімі күллі Шығыс елдеріне танымал болған данышпан-ойшыл. Ол көпшілікке тек дарынды ақын ғана емес, сондай-ақ Орта ғасырдың атақты ғалымы ретінде жақсы таныс болған. Табиғаттану, математика, астрономия, тарих ғылым салаларын, араб-парсы тілдерін жете меңгерген. Жетісу жеріндегі Баласағұн қаласында шамамен 1020 жылдары дүниеге келген. Жүсіптің көптеген ғылымдарды меңгеріп, білімді игеруіне ақын, өнерпаз әкесі ықпал еткен. Ол Қараханидтер мемлекетінің астанасы Баласағұн қаласында хан сарайында өлең айтып, күй шерткен. Кейін ол іске баласын да тартып, Жүсіп әкесімен бірге хан сарайында қызмет ете жүріп қоғамдық және жаратылыстану ғылымдарынан білім алады. Жалпы өмірі туралы мәліметтер аз сақталған.
Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» поэмасы – түркі халықтарының мәдени мұрасындағы көрнекті әдеби ескерткіштердің бірі. Көрнекті ойшылдың бұл энциклопедиялық шығармасы тек дидактикалық өлең ғана емес, сонымен қатар жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдардағы көптеген мәселелерді зерттейтін шығарма. Сондай-ақ жалпы философиялық, әлеуметтік, құқықтық, саяси, этикалық және эстетикалық мәселелер де «Құтты білікте» көрініс тапқан.
Поэма көптеген философиялық, ғылыми, әлеуметтік және этикалық мәселелерді қамтитын моральдық нұсқаулардан, яғни 6600 қос тармақтан, 72 тараудан тұрады. Кітап төрт биік ұғымға негізделген: әділеттілік, бақыт, ақыл, қанағат. Автор төрт ұғымның әрқайсысына ат қойып, оларды бір-бірімен айтысатын, әңгіме жүргізетін, бір-біріне сұрақ қоятын және оларға жауап беретін кейіпкерлерге айналдырады.
Еңбекте Жүсіп Баласағұн мынаны атап көрсетеді: адам жануарлардан ақыл мен білім сияқты қасиеттерімен ерекшеленеді, даналық, тәлім мен білім адамдардың құрметі мен құндылығының негізі болып табылады. Ойшыл білім мен ғылымға сүйене отырып, қоғамдық өмірді басқаруды жетілдіру мүмкіндігіне терең сенді. Жүсіп Баласағұнның бұл идеялары Фараби, Ибн Сина және Фирдоуси көзқарастарымен үндес болып келеді.Қызықты мәлімет, аталған еңбекке əр елде əр түрлі атау берілген екен. Ирандықтар Фирдoусидің «Шахнамасымен» қатар қойып, «Шахнамаи түркі» («Түркі Шахнамасы») деп атаса, Солтүстік Қытай адамдары «Адабул-мүлік» («Əкімдердің əдептілігі»), ал Оңтүстік Қытай жұрты «Айнкүл мамлакат» («Мемлекет тəртібі») деп атаған. Поэманы зерттеуші орыс ғалымдары да өз тілдеріне түрліше тәржімалаған: мəселен, В.В. Бартольд кітаптың атын орыс тіліне «Патшаларды ақылға шақыратын білім» («Знание, образующее царей»), С.Е.Малов – «Бақыт кітабы» («Книга счастья»), А.А. Валитова «Басқару туралы білім» («Наука об управлении») – деп аударған. Бұл атаулардың қайсысы болса да, ХІ ғасырда жазылған «Құтты білік» дастанының мемлекетті басқару ісінде бүгінгі күнде де – өзекті болып отырғанын көрсетеді.
Бұл кітап ежелгі жазба дерек көздерінің арасында маңызды орын алады, тәрбиенің үлгісі, мінез-құлық ережелері және педагогикалық тұрғыдан алғанда өте маңызды. Қай әлеуметтік-экономикалық формация үстемдік етсе де, адамдарда, олардың дәстүрлерінде, әдет-ғұрыптарында жалпы адамгершілік құндылықтар сақталады: «үлкендерді сыйлаңыз, ақылдылардан үйреніңіз, өз ойларыңызды дәл жеткізіңіз, өзіңізді ұстаңыз – сіз сыйластыққа қол жеткізесіз, егер олай болмаса, сіз адамдарды жек көресіз» – делінеді.
Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» еңбегі жалпы адамзаттық ұстанымдарды, адамгершілік қағидаларды зерттеген терең философиялық мұра және ежелгі түркі тіліндегі классикалық поэзияның тұңғыш шығармасы ретінде жаһандану дәуірінде де ұлттық құндылықтардың бірі болып табылады.

                                           Бақберген А.Б.

                                           Жетекшісі профессор м.а. Абдимомынов Н.Т.

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *