Санжар Асфендиаровтың туғанына 135 жыл
Сайлан Болат
Айберген Майра
Санжар Сейітжафарұлы Асфендиаров 20 қазанда 1889 жылы дүниеге келіп – 25 ақпан 1938 жылы өмірден өткен) – көрнекті мемлекет және қоғамдық-саяси қайраткер, ірі ғалым, шығыстанушы тарихшы, Қазақстанның жоғары білім және академиялық ғылым жүйесінің ұйымдастырушысы, алғашқы қазақ дипломды әскери дәрігерлерінің бірі, тұңғыш қазақ профессоры, Қазақстанның тарих ғылымының негізін қалаушылардың бірі, “Қазақстан тарихы” атты іргелі ғылыми еңбектің авторы, публицист. Мусбюро құрамында Түркістан республикасының саяси егемендігі үшін күреске қатысты, Бұхара, Түркістан және Қазақстандағы ашаршылық пен эпидетке қарсы күрестің белсенді қатысушысы және ұйымдастырушысы, КСРО ҒА Қазақстандық базасының негізін қалаушылардың бірі және бірінші басшыларының бірі, Бірінші дүниежүзілік және азаматтық соғыстарға қатысушы, 1924 жылы Ұлттық-мемлекеттік межелеу кезеңінде қазақ жерлерін біріктіруді жақтады.
Оның ата-анасы Сейітжафар мен анасы Гуляндам Әбілқайыр мен Абылайдан шыққан қазақ хандарының екі ірі әулетіне жататын. Санжардың әкесі Айшуақ ханның шөбересі, ал анасы Саржан Қасымовтың Ұлы Қошқарбайдың қызы болған. 1770 жылы қарашада Екатерина II атына жазған хатында Нұралы ханның айтуынша, Санжардың әкесінің арғы атасы, Айшуақ ханның тұңғыш баласы – Суйік Әли Сұлтан Амударияның оң жағалауын мекендеген қарақалпақ ханы болған.
Сейітжафардың өзі мойындағандай, ол әкесі Асфендиардың үлгісімен балаларына озық білім беруге ұмтылды. Осы мақсатта ол оларды Түркістан өлкесінің жетекші оқу орындарына – ұлдарын Ташкент училищесіне, ал қыздарын Ташкент қыздар гимназиясына оқуға орналастырды. Оның үшінші ұлы Санжар да 1898 жылы мектеп жасына жеткенде әкесінің Ташкент нақты училищесінің директоры А.Кедровтың атына жазбаша өтініші бойынша бірінші дайындық сыныбына қабылданды. Бұл оқу орны тыңдаушыларды жаратылыстану пәндері курсына оқытып, оларды Ресейдің техникалық университеттеріне түсуге дайындады. Тағдырдың жазуымен Сейітжафардың төрт ұлының тек Санжары ғана толық курстан өтіп, 1907 жылы мектепті бітірді.
1914 жылы тамызда Санжар 5-ші Түркістан атқыштар полкының аға дәрігері қызметінде І дүние жүзілік соғыстың Шығыс майданына аттандырылады. Осы майданда 1914 жылдың қыркүйек-желтоқсан айларында орын алған ұрыстарда Санжар жараланған және науқас болған сарбаздарға медициналық көмек көрсетумен айналысты. 1914 жылы желтоқсанда жоғары әскери басшылықтың өрескел қателіктерді жіберу салдарынан 5-ші Түркістан атқыштар полкы Лодзь (қазіргі Польшаның ірі қалаларының бірі, ол уақытта Шығыс Пруссия территориясында орналасқан) неміс қоршауына түсіп, басына ауыр жарақат алған Санжар жау тұтқынына түседі. Неміс тұтқынында Санжар патша үкіметі тағдырдың тәлкегіне тастаған мыңдаған жауынгерлердің қатаң тағдырына ортақтасып, күрделі санитарлық жағдайларда иммитацияланған лазареттерде медициналық қызметпен шұғылданып, Торн, Кутно, Александровка концентрационды лагерьлерінде бір жылға жуық уақыт өткізеді. 1915 жылдың аяғында Қызыл Кресттің тұтқындармен алмасу бағытында жүргізген қажырлы еңбегінің көмегімен, Балтық теңізі арқылы алдымен Щвеция, сосын темір жол арқылы Санкт-Санкт-Петербургқа қайтып оралады.
Ақпан революциясынан кейін Санжар Сейітжафарұлы Термездегі жөне Бұхарадағы Кеңестердің жұмысына қатысады. Ташкент облыстық, ал онан кейін жұмысшылар мен жауынгерлердің округтік Кеңесіне сайланады. Ташкентте ол мұсылман жұмысшы депутаттарының алғашқы Кеңесінің ұйымына мүше болады. Каспий жағалауы майданындағы соғысқа қатысқан. 1917 жылы Бұхардағы мұсылман қозғалысына белсене араласты. Сол жылғы қараша айында Түркістан автономиясын жариялаған Мұсылман депутаттарының төтенше съезіне қатысты. 1918-19 жылы Асфендиаров аштықпен күрес жөніндегі төтенше комиссиясының Сырдария облысы бөлімшесін басқарды. 1919 жылы Асфендияров — денсаулық сақтау халық комиссары, 1920 жылы Түркістан АКСР көгеріс су шаруашылығының халық комиссары болып тағайындалады. Сол жылы қыркүйекте Т.Рысқұловтың шақыруымен Ташкентке келіп, Түркістан АКСР-інің Денсаулық сақтау халкомы, жер халкомы, Денсаулық сақтау халкомы, Түркістан Компартиясы ОК-нің хатшысы қызметтерін атқарды. Ұлттық-аумақтық межелу тұсында (1924–25 жылы ) Ортаазиялық Федерация құру идеясын ұстанды. 1924–25 жылы Қазақ АКСР-інің Өзбек АКСР-і үкіметі жанындағы өкілеті, 1925–28 жылы Мәскеуде – БОАК-нің Төралқа мүшесі, хатшысының (А. Енукидзенің) орынбасары, МГУ-дің профессор Н Нариманов атындағы Шығыстану институтының директоры болды. 1928 жылдан бастап ол Қазақстанда еңбек етті: Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті болып қайта құрылған Қазақ мемлекеттік университеттінің алғашқы ректоры (1928 – 31), Қазақ АКСР-і Денсаулық сақтау халкомы, Алматы медецина институтының ұйымдастырушысы және тұңғыш ректоры (1931 – 33) қызметтерін атқарды. С.Асфендиаров осы институтта жалпы химия, биология, физика пәндерімен бірге анатомия, қалыпты физиология, ішкі аурулар, гистология, микробиология, фармакология, биологиялық-химия, гигиена бөлімдерін және хирург кафедралар ашты. Асфендиаров жұқпалы аурулармен күреске, аурулар мен індеттердің алдын алу шараларына, халыққа ақысыз дәрігерлік көмек көрсету жұмыстарын жолға қоюға көп еңбек сіңірді. Халық арасында жиі кездесетін туберкулез, шешек, оба, сүзек, тері ауруларына қарсы медицина көмек ісін ұйымдастырды. Орта дәрежелі оқу орындарында, қысқа мерзімді арнаулы курстарда әртүрлі буындағы медицина мамандарын көптеп даярлауға күш салды.
Асфендияровтың қызметі әрқашанда Қазақстандағы және Орта Азиядағы әлеуметтік-экономикалық және мәдени өзгерістермен байланысты болды. Басқарушы қызметкер бола жүріп, ол тұрмыс ерекшеліктерін, Шығыс халықтарының тарихы мен мәдениеті мөселесі жөнінде жақсы білетін еді.
Санжар Сейітжафарұлы Қазақстан тарихының күрделі мәселелерін зерттеген белгілі ғылым болды. Қазақ ұлттық мәдениет ғылыми-зертуғанинститутының тарих секторының меңгерушісі, КСРО ғылым академиясының Қазақстандық базасы, кейін оның бөлімшесі орынбасары (1933 – 37) қызметтерін атқарды. Асфендиаровтың Ресейдің Қазақстанды жаулап алуы жөнінде ашық айтылған, отаршылдықты әшкерелеген тарихи шығармаларын оқуға тыйым салынды. Санжар Асфендиаров – жалған жаламен ату жазасына кесілді. Жұбайы Рабиға да ҚарЛАГ-та 5 жыл айдауда болды. Санжар Асфендиаров 1958 жылы 26 мамырда ақталды. 1990 жылы Алматы медицина институтына Санжар Асфендиаров есімі берілді.
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718