Қазақ зиялыларының шежіретану саласына қосқан үлесі
ҚАЗАҚ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ ШЕЖІРЕТАНУ САЛАСЫНА ҚОСҚАН ҮЛЕСІ
Кәлім М.С.
Ғылыми жетекші:Абикенова Г.Е
Бүгінгі қалыптасқан қазақ елі үшін оның өткені мен бүгіні туралы білу аса маңызды. Ұлттық рух пен сананы, әсіресе жастардың бойына рухани құндылықтарды сіңіру, тәуелсіз елдің жарқын болашақ ұрпақтары ретінде тәрбиелеу қажеттігін ескеру керекпіз. Осы орайда қазақ елінің тарихы үшін аса маңызды болып келетін шежіре мен оның шығу тарихын білу жас ұрпақ үшін маңызды. Қазақ халқына тән жеті атасы туралы білу, оны жадында ұстай отырып, салауатты ұрпақ әкелудегі қан тазалығына үңілу сынды мәселелерді білуі атадан келе жатқан үрдіс болып бабылады. Әр бір халық өзінің өсіп-өрбуін ұрпақтан ұрпаққа ұластырып, кейінгі буынға жеткізіп отыратын шежіре тарқату салты мəдениетті елдердің бəрінде де бар. Қазақ атамыз «Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер, өзін ғана білген ұл, құлағы мен жағын жер» деп халық айтқандай, қазақ жұрты түп тегін білуге ежелден-ақ көңіл бөлді. Деректері жұрт жадында жақсы жатталып қалуы үшін шежірені олар өлеңге айналдырып, жыр түрінде қалдыруының да үлкен мəні болды [1].
Жалпы шежіретану саласының зерттелуі ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап қолға алына бастағаны белгілілі. Десек те шежіретану ғылымына аса ыждаһаттылықпен үңіліп, оның маңызына тоқталған қазақ зиялылары болып табылады. Шежіре тарихына байланысты зерттеу жүргізген қазақ зиялылары ұлт пен мемлекет үшін және оның тарихи дамуы үшін шежіренің аса маңызды екендігін ұғына білді. Негізінен қазақ елінің шежіресі туралы мәліметтерді алғаш қағазға түсірген орыс оқымыстылары болды. Алайда олар сол тұстағы Патшалық үкіметтің тікелей нұсқауымен, қарғыз- қайсақтар туралы толық мәлімет алу мақсатында жинақтағаны да мәлім. Алайда олар жинаған сол тұсағы мәліметтер қазақ тарихы үшін маңызды екенін де естен шығармау керекпіз. Қазақ елінің алғашқы шежіресіне қалам тартқан Мұхаммед Дулати мен Қадырғали Жалайыридың еңбектері болды. Бірақ оның мазмұны жазу-сызуы кеш қабылдаған жұртқа жетпеді. Сол себепті шежірелер ауызша айтылып, ұрпақтан ұрпаққа жетті. Ал қазақ шежіресін толыққанды хатқа түсірген — Шоқан Уəлиханов, Шəкəрім Құдайбердіұлы, Мұхамеджан Тынышбаев, Əлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мəшһүр Жүсіп Көпеев, Мұстафа Шоқай және т.б. боолды. Мәселен, Шоқан Уəлиханов өзінің «Қазақ шежіресі» атты мақаласында қазақтардың этнографиясына байланысты мәліметтерді топтастырып өтті. Ш.Уəлиханов ортағасырлық деректерді пайдалана отырып, қазақ ру-тайпаларының шежіресін, ежелгі тарихын, жүздерге бөлінуін талдаған. Мысалы: өз шығармасында былай деп жазады: «Қазақтар үш жүзге бөлінеді: Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз (орыстар Большая Орда, Средняя Орда, Младшая Орда деп атайды). Ұлы жүзді төрт негізгі рулар одағы құрайды: дулат, жалайыр, албан, суан; барлығы біртұтас ортақ атаумен өздерін үйсін деп атайды. Үйсіндер ерте кезде осы төрт ру одағы құрамындағы қуатты тайпа болған. Ертедегі үйсіндердің көпшілігі ұйғырлар мен жоңғарлардың ұлыстарына сіңеді де, қалғаны дулат руының құрамында, сары үйсіндер деп аталады. Орта жүз қазақтарын құрайтын рулар: арғын, қыпшақ, қоңырат, найман; осы жүзге кейініректен келіп қосылған уақ пен керейді — жетіру дейді. Кіші жүз: əлімұлы, байұлы атты екі үлкен бірлестік пен жетірудан тұрады. Алшын бүкіл Кіші жүздің ортақ атауы» [2]. Ш. Уалиханов бұл деректерді өзі ғана жинап қоймай, сол кездегі қазақ ортасындағы көзі ашық сауатты адамдарға аманат етті. Кейін бұл мұралар Г.Потаниннің кітаптарында жарық көрді.
Бұдан кейінгі тұста алғаш рет баспа бетінде жарияланған шежіре Шəкəрім Құдайбердіұлының шежіресі болды. Өз тұсында ұлы ақын Абай қазақ шежіресіне көңіл бөліп, «Қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» мақала жазады. Өзінің ізбасар інісі ақын Шəкəрім Құдайбердіұлына шежіре жазуды тапсырып, оған тікелей басшылық жасап отырған. Абайдың көзі тірі куақыиынан бастап эазылған Ш. Құдайбердіұлының шежіресі 1911 жылы «Түрік, қырғыз, қазақ һəм хандар шежіресі» деген атпен Орынборда басылып шықты [3]. Ш. Құдайбердіұлы шежіре жазуда үлкен ізденіс жүргізгенін байқауға болады. Мәселен, 1905–1906 жж. Шəкəрім Меккеге қажылық сапар шегеді. Осы сапарын пайдаланып Стамбул кітапханаларынан, кейбір болжамдар бойынша, Париж кітапханаларынан да туған халқының тарихына сəуле түсіретін кітаптарды оқиды. Қолы жеткен деректер көзін орыс, Еуропа тілдеріндегі кітаптардан ұзақ жылдар бойы іздестіреді. Оларын шежіре жайлы айтылған қазақтың арғы-бергі аңыз əңгімелерімен салыстырады. Міне, осы аталған рухани қазына көздерінен жиған-тергендерін ой көзімен талдап, жүйелей келіп, қазақ шежіресін өлең түрімен «Қазақтың түп атасы – батыр Түрік» деп өрнектеген. Шəкəрім шежіресінің басты ой қазығы қазақтардың шығу тегі, нəсілі арабтардан емес, түп төркіні көне түркі əлемінде жатқанын ғылыми, дəлелді, нақтылы тарихи деректер ала отырып, Абай бағдар берген тарихи танымды одан əрі жалғастыруға тырысады. Соған орай Ш. Құдайбердіұлінің шежіресі жалпы түркі елдерінің ата-тегінің түп төркінін қамти отырып, негізінен, қазақ халқының шежіресіне баса назар аударумен ерекшеленеді. Бұдан байқайтынымыз, әрбір саналы азамат өзінің шығу тегі мен нəсілін, руын танып, тарата отырып, шежіре білуі тарихи санамыздың із-түзсіз жоғалып кетпеуінің күре тамыры екенін көрсетеді. Ш. Құдайбердіұлінің бұл шежіресі осы мәселенің шешімін беретін, яғни Қадырғали Жалайыр, Əбілғазы-баһадүр хан дəстүрін жаңа заманда жаңаша жалғастырған маңызды еңбек болып табылады [4]. Бұдан кейінгі тұста қазақ шежіресіне серпін берген қазақ зиялысы Мұхамеджан Тынышбаев болды. М. Тынышбаевтың қазақтың рулық-тайпалық құрамы туралы 1925 жылы Ташкентте «Қазақ халқының тарихына қатысты материалдар» («Материалы к истории киргиз-казахского народа») атпен жарық көрді. Ұлы Даланың төсінде қоныстанған этникалық тарихы аса күрделі, байырғы тайпалық бірлестіктер қауымдасуының: сонау Сақ, Ғүн, Үйсін мемлекеттері, Түрік, Түркеш, Қарлық қоғамдықтары, Қыпшақ ұлысы, кейінгі Алтын, Ақ, Ноғай ордаларының құрамына кірген түркі тілдес елдер мен жұрттардың топтасқан одағының ортақ атауы болып келеді. М.Тынышбайұлы еңбегінде де қазақ рулары дəл осы ыңғаймен келіп тарқатылып, реттілікпен беріледі. Сонымен бірге шежіре саласына үлес қосқан Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейханов болды. Əлихан Бөкейханов Кіші Жүздің Қарқаралы жəне Адай уездерін мекендеген рулардың шежіресін кестеге салып, алғаш рет дəлді генеалогиялық карта жасады. Сонымен бірге «Родовые схемы киргиз Каркаралинского уезда» атты еңбегінде [5] Орта жүздің, Ұлы жүздің жəне Кіші жүздің рулары мен айпаларының шежіре кестесін таратып жазған. Тіпті еңбекте қазақ жүздеріне кірмейтін рулардың да шежірісін ұсынған. Автордың Орта жүз руларына қатысты кестелері өте құнды болып табылады. Бұдан әрі Ə.Бөкейханов Адайлардың (Кіші жүзге жататын ру) өмір тіршілігін зерттей келе, мұнда рулық ауыл, рулық қауымдастық, барлығы бірге көшеді, су, мал жайылымын қауымдасып пайдаланды, жайылым жерлері, құдықтар бүкіл рудың қауымдық меншігінде деп жазады.
Ал қазақ қоғамының рухани болмысын дəл жəне терең бейнелеген Ахмет Байтұрсынов өзінің атақты «Əдебиет танытқышында» шежіре туралы терең де, жан-жақты ғылыми ұстанымдар атқан. А. Байтұрсынұлы өз еңбегінде қазақ халқының тарихында шежірелердің рөлінің ерекше екенін, оның тіптен ұлттық дерек көзі болып танылатынына тоқталады: «Шежіре — өткеннен дерек беретін сөздің бір түрі» деп анықтама беріп өтеді [6, 398б]. Одан əрі ол: «Шежіреде уақиғадан гөрі өткендердің түс, туысы көп айтылады. Сондықтан шежіре уақиға сарынымен емес, уақыт, туыс сарынымен айтылатын əуезе тобына жатады. Шежіре болған уақиға жайынан сөйлесе себебін, мəнісін айтпай тек болғанын айтады да қояды» деп [6, 398 б], шежіренің пайда болуын, тарихи дерек көзі ретіндегі ерекшелігін айтады. Сонымен қатар ол шежіреде: «Ер шапқан мен қатын-бала шапқан əңгімесі қатар тұрады; бір жерде əңгімені қойылтып, маңызды түрде айтса, екінші жерде сұйылтып, ұсақ-түйекті сөз қылады. Бір жерінде рас болған уақиғаны сөйлесе, екінші жерінде тек жұрт аузындағы əуезе болған өтірік-шынды əңгімелерді сөйлеп кетеді»,- деп, шежірені ғылыми сыннан өткізіп, ондағы «рас болған уақиға» мен «өтірік-шыны араласқан» жерлерін ажыратудың қажеттігін де ескертеді. Сонымен бірге А.Байтұрсынов өзінің бір мақаласында қазақтар тапқа бөлінбейді, олар ру-ру болып өмір сүреді деп көрсетеді. Бұл тіпті кейін Алаш партиясы құрылған тұста да назарға алынып, оның бағдарламасында жерді жеке-жеке емес, ру-ру болып пайдалану туралы айтылады. Алаш қайраткерлері қазақ қоғамын рулық сипатта деп нақты анықтамағанымен қазақтың рулық қоғамының негізгі ерекшеліктерін атап көрсеткенін көруге болады. Алайда Алаш зиялыларының негіздеген бұл жұмыстары əрі қарай жалғасын таппай қалды. Жиырмасыншы жылдары орын алған әкімшіл-әміршіл саясат шежіретануға да тиым салып, оны насихаттаушы сауаттылардың көзін жойыы. Бұдан кейін де талай жылдарға созылған халықтың көне тарихына, əйгілі адамдарына деген салқын көзқарас шежіре жайын одан ары тұралатты.
Сонымен бірге қазақ шежіретануына ерекше үлес қосушылар қатарынан Мəшһүр-Жүсіп Көпеевты ерекшелеп айтамыз. Оның «Қазақ шежіресі» атты туындысын [7] көп жыл бойы халық арасынан, ел аузынан інжу-маржандай жиып-теріп қағаз бетіне түсірген. Бір қызығы, Мəшһүр-Жүсіп шежірені жадағай атаны тарату деп түсінбей, онда сол рудағы немесе сол елдегі батырға байланысты, ақынға қатысты, балуан жайлы, күйші туралы аңыз-əңгіме, жыр, күй, тақпақ болса, соны қалдырмай жазған. Əсіресе, жастарға үлгі-өнеге боларлық-ау деген дүниені тұтас қамтып, өзінше сипаттама беріп, дəлелді ойымен түйіндеп, таратып, айтып отырыпты. М.Ж.Көпейұлы шежірені өлең түрінде де жазған. Ғұламаның «Шежіре өлең» [8] атты тамаша шығармасында:
«Бисмилла!» – деп, алдым қалам,
Екінші – Мейрам атаң, Арғын – бабаң.
Келеді үшіншіде Қарақожа, Төртінші – Ақжол батыр, білсең тамам.
Бесінші атаң – Құтан бай, аты шыққан,
Алтыншы – Қаракелімбет: дəулет жұққан.
Жетінші атаң – Жанарыс – Орта жүздің,
Сегізінші – Қарақпар еркін ұтқан.
Тоғызыншы -Айырқалпақ, білсең атын,
Оныншы атаң – Сапиян – арғы затың.
Он бірінші – Майқы – деп жəне айтады,
Он екінші – Жабалхан, жетсе датың.
Он үшінші атаңнан аты – Алаш,
Он төртінші – Аламан, оған жалғас!
Он бесінші – Айбура (Аққора) деп естиміз,
Он алтыншы Сейіл ғой, етпе талас.
он жетінші Мағаз заты
сегізінші – Жабалдан -туған заты.
Он тоғызыншы – Əнестің дəл өзі екен,
«Мəлік» деп жиырмасыншы жазған хаты. …Төрт арыс — Орта жүздің шын баласы, Арқаның толған елге сары даласы. Қарақожа бабамнан Арғын туып, Дəулетке сондай толған айналасы», – деп ширатады. М.Ж.Көпейұлының бұл еңбегі 1903 жылы жарық көрген. Аса зерделі жанның осы асыл қасиетін терең сезінген Мұхтар Əуезов: «…Өз шығармаларын былай қойып, басы ашық үлгілерді жазып алып, біздің дəуірімізге жеткізген еңбек Мəшһүрде мол екенін жəне естен шығармау керек. Сондықтан қазақ ауыз əдебиеті мен жазба əдебиетінің ғылымдық бір саласы тарихнама бөлімінде Мəшһүрдің ол түрдегі еңбегіне əрдайым орынды баға берілуі шарт», – деп жазған екен.
Ал Мұстафа Шоқайдың «Қазақ рулары хақында» атты құнды еңбегі Алаш арыстарының бірі М.Шоқай «Қазақ рулары хақында» атты мақаласында [9] З.Уəлидидің Үш жүздің рулары туралы жазылған пікіріне сын көзбен қарап, ондағы адасушылықтар мен бұрмалаушылықтарды талдап жазады. Онда былай делінген: «Айтайын дегендерім, Заки бектің қазақ рулары жөнінде жазғандарына байланысты. Заки бек бұл салаға келгенде өз пікірін айтар, қазақтардың рулық құрылымы туралы тым аз білетін орыс зерттеушілерімен этнографтарының ағаттықтары мен қателіктерін қайталаудан сақтанар деп ойлауға болатын еді. Орыс этнографтарының осы мəселеге қатысты жазғандарымен біршама таныстығым бар. Сол үшін де өзім байқаған мына бір мəселені батыл айта аламын. Олардың бəрі де – Радлов, Крафт, Аристов жəне басқалары да – қазақтардың рулық құрылымына келгенде ағаттық жіберген. Ғылымға жат қателіктер өткізген. Мысалға, Заки бектің Орта жүзді руларға, қыпшақтарды арыстарға бөлуін алайын. Заки бек қазақтар арасында қатаң сақталатын рет тəртібін бұзып, Орта жүзді былайша таратады: Керей, Найман, Арғын, Қыпшақ, Қоңырат. Дұрысы: Арғын, Қыпшақ, Найман, Қоңырат, Керей. Осы ретпен атау қазақтар арасында қатаң сақталып келеді. Бұл үзіндіден байқап отырғанымыздай, М.Шоқай қазақ тарихын, оның ішінде рулар мен тайпалардың тарихын жазуда басқа халық өкілдерінің еңбектерін аса сақтықпен, саралай, салыстыра отырып пайдалану керектігін айтады. Яғни, қазақ тарихын қазақтың өзінен шыққан азаматтарынан басқалары артық жаза алуы мүмкін емес. Өйткені кез келген елдің тарихын жазу үшін, ең алдымен сол елдің тілін, салт-дəстүрін, тарихын, өзіне тəн ерекшеліктерін білу керек. Сонымен қатар М.Шоқай З.Уəлидидің ағаттықтарын, қателіктерін қатал сынай отырып, тайпалардың аталу реттілігіне баса мəн берілгендігін жазады. Автордың өзі шыққан қыпшақ тайпасын өзіне дейін таратуы қайраткер еңбегінің құндылығын арттыра түседі. М.Шоқай Орта жүзге кіретін тайпаларды дұрыс, ретімен атап көрсеткенімен, уақ тайпасын жазбаған [10]. Бұл жерде айта кететін жайт, Ш.Уəлиханов пен М.Шоқайдан басқасының (жоғарыда аталған қазақ зиялыларының) еңбектері қазақ шежіресіне, оның ішінде Орта жүз ру-тайпаларына қатысты материалдар көптігімен жəне Орта жүз тайпаларының арнайы жазылуымен ерекшеленеді. Сөз соңы Қазақтардың этникалық құрамын қазақ зиялыларының зерттеу еңбектерінің негізінде қарастыра келе төмендегідей қорытындылыр жасауға болады: – Қазақ шежірелері 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейінгі шыққан мерзімді басылымдарда жарияланып отырған. Мысалы, «Қазақ» газетінің 1913 жылы № 34 санында шыққан Арысұлының «Абақ Керей» атауының қалай пайда болғаны жайлы жазған мақаласы, «Айқап» журналында 1912 жылы № 11 санында жарық көрген Қашқынбаев Досмайылдың «Қазақ халқының тарихы жəне шежіресін сұраушыларға» атты мақаласы қазақтың түп атасы қайдан шыққандығы жайлы баяндайды. Қарасарт баласы Шардайдың «Қазаққа алалық қайдан келді?» атты мақаласы «Айқап» журналының 1913 жылғы № 20 санында басылған. Бұл мақалада II Екатеринаның қазақ халқын қалай бұғауда ұстау туралы шығарған заңы, Кіші жүз үш ата баласы (Алты аталы Əлімұлы, Он екі аталы Байұлы, Жеті аталы Жетіру) арасындағы алауыздық туралы айтылған. «Шора» журналының 1908, 1909, 1911 жж. шыққан сандарының алғашқы беттерін хандар тарихына арнаған. Онда Шыңғыс ханнан бастап Бату хан, Жошы хан, Қасым хан, Өзбек хан, Жəнібек хан, Тоқтамыс хан, тағы басқа хандар туралы деректер топтамасы жарық көрген. – Жоғарыда талданған барлық еңбектердің маңызы зор. Өйткені зерттеушілердің басым көпшілігі қазақтың əр тайпасынан шығып, шежірені өздеріне дейін таратып жеткізуімен ерекшеленеді. – Біз қарастырып отырған кезеңдегі қазақ зиялыларының ішінде қазақ тарихын, оның ішінде қазақ тайпаларының шығуын ежелгі дəуірлерден бері қарай зерттеп, қазақтың шежіресін толық жазуға тырысқан, өзіндік ғылыми тұжырымдары мен болжамдарын жасаған Ш.Құдайбердіұлы мен М.Тынышбаев болып табылады.
Негізінен барлық зерттеушілер Орта жүздің тайпаларын дұрыс атап көрсеткенімен, Ш.Уəлиханов уақ пен керейді Орта жүзге кейіннен қосылған тайпалар десе, ал М.Шоқай уақты жазбаған. Қазақ зиялыларының көпшілігі Орта жүздің құрамын дұрыс көрсеткенімен, тек М.Шоқай ғана олардың белгілі бір тəртіппен берілуін жазып, оның өте маңызы бар екендігін айтады. Қазақ халқының тарихын толықтай зерттеп, білу үшін, алдымен, рулар мен тайпалардың тарихын қазақтың өз ішінен шыққан зиялы азаматтардың зерттеуі өте маңызды. Өйткені орыс саяхатшылары мен шенеуніктерінің қазақтардан естіген, көрген, əдейі бұрмалап көрсеткен мəліметтерінің негізінде жазылған зерттеулерден гөрі, əрбір қазақ отбасының ежелден келе жатқан əдет-ғұрпы бойынша, жастайынан өздерінің ата-бабасының, яғни руларының, тарихын білетін қазақ зиялыларының еңбектерінің деңгейі жоғары. Сондықтан да тарихымыз бұрмаланып, қате жазылмауы үшін, бүгінгі, ертеңгі ұрпағымыз елін, жерін, қазақ жерінің тұтастығын сақтап, аман қалуы үшін руымыз бен тегімізді білуге, зерттеуге барынша атсалысуымыз керек. Сөз соңында айтарымыз, келешекте жазылар көптомды іргелі «Қазақ тарихының» басты деректік негіздерінің бірін шежіре құрау керек. Өйткені шежіре, сөздің тікелей мағынасында, қазақ тарихының тұнып тұрған дерек көзі. Белгілі ғалым, шежіреші Ақселеу Сейдімбектің сөзімен айтар болсақ: «Қазақ шежіресін (шежірешілдігін) халық болмысының барлық қырын алуан түрлі үлгіде паш ететін тарихи ақпарат қоймасы деуге болады» [11]. Десек те, кез-келген оқиға ақпарат қоймасынсыз, яғни шежірелік деректерсіз жазыла алмайды. Сондықтан да шежірені қазақ тарихының дерек көзі ретінде бағалап, шежірелік деректерді ғылыми айналымға молынан тарту, шынайы қазақ тарихының жазылуының басты шарттарының бірі ретінде қарастырылуы керек.