Еліміздің таңбасы өзгермекші

Перизат МИЗАН

Еліміздің таңбасы өзгермекші

Елтаңба — мемлекеттің тарихи нышанын білдіретін ресми эмблема. Осы мемлекеттік маңыздылығы бар таңбамыз Атырауда өткен үшінші Ұлттық құрылтайдағы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімінен кейін өзгеріске ұшыруы мүмкін.

— «Елтаңбамызға қатысты сыни пікірлер айтылып қалады. Оны Кеңес заманындағы Гербке ұқсатып жатады. Тым эклектикалық, күрделі дейді. Мұндай ойды ел ісіне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар ғана емес, мамандар да айтып жүр. Орынды пайымдар ескерусіз қалмауы керек. Ортақ келісімге келген жағдайда арнаулы комиссия құруға болады. Бұл комиссия мәселені жан-жақты қарастырып, қоғамдық талқылау өткізеді. Сосын Қазақстанның жаңа Елтаңбасының жобасын жасауға ашық байқау жарияланады», — деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы мәлімдемеден кейін Қаржы министрі Мәди Тәкиев:

— «Елтаңбаны ауыстыруға қатысты мәселе белгілі бір кезеңнен бері талқыланып келе жатқанын жақсы білесіздер. Президент Ұлттық құрылтайда аталған мәселені талқылауды ұсынды. Мемлекет басшысы егер қоғам бұл мәселеге жаппай қолдау білдірсе, онда оны одан ары талқылау қажеттігін айтты. Ол үшін арнаулы комиссия құрылады. Комиссия аталған мәселені тыңғылықты қарастыратын болады. Егер бұл мәселеге қатысты оң шешім қабылданған жағдайда, шығыстарына қатысты қалған жайттар туындайды», — деді.

Кеңес заманындағы Гербке ұқсайды деген Президенттің пайымында жөн бар. Екі Елтаңбаға да көз жүгіртер болсақ ортақ идея мен біршама сәйкестіктерді байқауға болады. Мысалға, бірден бір көзге түсер алғашқы ұқсастық ол бес бұрышты жұлдызша, қызыл ту кезіндегі екі жақтағы жайылған сары бидай  Елтаңбамыздағы екі қанатты пырақтарға келеді. Моделінің сәйкестігі емес белгілердің позициялары дәлме-дәл, төменгі бөліктегі мемлекет атауларының да позициясы тура келіп тұр. Бұл факторларды жоққа шығара алмаймыз. Алайда мемлекеттік Герб авторлары Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов бүгінгі Елтаңбамызды ұлтымызға сай белгілі нақыштарға келтіріп жасағаны бәрімізге белгілі.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы, көгілдір түс аясындағы шаңырақ (киіз үйдің кұмбез тәрізді жоғарғы бөлігі) түрінде бейнеленген. Одан жан-жаққа аңыздардағы жылқының қанатымен жиектелген күн сәулесі түріндегі уықтар (тіреуіштер) шаншылған. Елтаңбанын төменгі бөлігіне «Қазақстан» деген жазу жазылған. Шаңырақ — Елтаңбаның жүрегі. Шаңырақ өз нұсқасымен ошақ, әлемнің тұтастығын бейнелейді. Шаңырақ — мемлекеттің тірегі болып саналатын отбасының нышаны. Ұшқыр тұлпар өз бойына уақыт пен кеңістікті біріктіреді. Ол — мәңгілік өмір үлгісі және біздің Елтаңбамызда шексіз даму, рухани байлық және Қазақстанда бір шаңырақ астында тұрып жатқан ұлттар мен ұлыстардың әртүрлілігін бейнелеп тұрады. Бес бұрышты жұлдыз Елтаңбаның тәжі іспетті. Әрбір адамның жол көрсетіп тұратын өз жұлдызы бар. Мұндай жұлдыз мемлекетте де болуы керек.

Рәмізіміздің бірі ауыспақшы дегенге өз пікірін саясаткер, Мәжілістің бұрынғы депутаты Серікбай Әлібаев білдірген болатын. — «Бізде одан да күрделі мәселелер көп. Құрылтайды Атырауда өткізудің ерекшілігі қандай? Менің ойымша, жиында сол өңірде қандай проблемалар бар соны көтеру керек. Мұнайшыларға да құлақ асу қажет. Гербтің өзгертуіне мен өз басым қарсымын», — деді депутат.

Президент те Қаржы министрі де бұл мәселенің соңғы нүктесін қоятын қоғамдық пікірді білу қажет екендігін жеткізді.

Динара Турсунова, журналист:

— «Не үшін ауыстыру қажет? Қазіргі Елтаңбамызда бәрі де әдемі әрі логикалық тұрғыда жақсы ойластырылған. Ондағы әр белгінің өзіндік мән-мағынасы бар. Кеңестік дәуірдегі Гербпен ұқсастық көріп тұрғаным жоқ. Сонда бұдан басқа мәселе табылмағаны ма? Елдегі зорлық-зомбылық, азық-түлік пен коммуналды төлем бағамының өсуі, экология, мына жақта әлі күнге дейін жөнделмей жатқан «Жезқазған-Қызылорда» трассасы бар! Тізімді жалғастыра беруге де болады, проблема жетерлік. Бірақ жоқ, біздікілер Елтаңбаны ауыстырып және оған ақша бөлмекші».

Данильхан Шағатаев, адвокат:

— «Туымыз сияқты Елтаңбамыз да әп-әдемі, өзгеріс енгізудің еш қажеті жоқ. Елтаңба ауысар болса онда барша қазақстандықтар құжаттарын жаппай ауыстыруға мәжбүр болады, яғни оның жұмысы көп. Бұл мәселе қоғамға тиімді уақытта қозғалып тұрған жоқ».

Бұлтбаев Нұрбек:

— «Астанамыздың атауын да бірнеше рет ауыстырдық. Шұғыл түрде Елтаңбаны өзгертуге қарсы петиция құру керек!»

Халық өз ойын осылайша топшылап отыр. Бұл мәселе бойынша қоғамнан қолдау аз, тіпті жоқ деп те келтіруге әбден болады. Сонда билік бұл бастаманы қалай шешпекші? Бұл уақыт еншісінде.

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *