Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Маса» еңбегінің өзектілігі

Сарсембаева Жумаш Төлекенқызы

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының
«Маса» еңбегінің өзектілігі
Байтұрсыновтың «Маса» атты кітабының жарыққа шығуының өзі бөлек әңгіме. 1911 жылы Орынбор қаласында баспа көрген бұл кітапқа «Маса» деп ат қоюдың өзінің мәні бар: Ахмет бұл еңбегімен қараңғы ұйқыда жатқан халықты сары маса секілді ызыңдап оятсам дейді. Кітап ішіндегі Назипа Құлжановаға арнаған өлеңінде өзінің мақсатын ашық баяндайды:
« Ұзақ жолға ниет қып бір шыққан соң,
Жарым жолдан қайтпаспын, қарындасым.
Шалдығатын шаршайтын жерлер де бар,
Шалдыққанға мұқалмас ерлер де бар.
Қайраттанып, қажымай тырмыссаң да,
Шыққызбайтын жолыңда өрлер де бар.
Тән көмілер, көмілмес еткен ісің,
Ойлайтындар мен емес бір күнгісін.
Жұрт ұқпаса – ұқпасын, жабықпаймын,
Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін»
Байқағанымыздай, Ахмет өзінің арман-мақсатын ұқпайтын надан дамдарға көңіл бөлмейтінін, тек алға қарай ұмтылатынын жазған. Келер ұрпақ алдында айыпты болмау үшін тіл білімінің негізін салып, оны орнықтыруды өзінің парызы санайды. Жалпы, мұндай еңбектерді жазудағы басты мақсат – ел-жұртты ағарту мен жақсыдан үйреніп, жаманнан жирендіру. Байтұрсынұлының бұл еңбегін жалғастырған Алаш арыстары көп-ақ. Мысалға келтіретін болсам, Міржақып Дулатұлының «Оян, қазағы!» мен С.М.Торайғыровтың «Тұтқындағы Байтұрсынның «Масасына»» еңбектері – Ахмет бастаған соқпақ жолды қолдаған ізгі еңбектер.
«Жұртыма» өлеңінде елінің бірлік-берекесіз екеніне күйінеді де, қоян жүрек жұрттың теріс қылықтарынан жиренгендей болады:
« Білмейсің жөнің менен терісіңді,
Ел болып іс етпейсің келісімді.
Үміт қып бәйге атындай талай қосып,
Байқадық шабыс түгіл, желісіңді.
Жөн айтқан жұртшылыққа адам болса,
Шығасың қолыңа ала керісіңді.»
«Г.Н.Потанинге» өлеңінің негізгі идеясы да ағартушылықты көздейді. Өлеңнің алғашқы жолдарында Потаниннің атқарған ерен еңбектерін мақтағандай бірнеше өлең жолдарын арнайды:
«Өзіңді көзіңе айтып мақтау емес,
Бізсіз де ісің айғақ тұр істеген.
Ұл туып ұлы жолда қызмет етсе,
Онан зор ұлтқа бар ма ырыс деген?»
Потаниннің еңбектерінің жарыққа шығуына көп жұрттар қарсы болса да, жақсы күндерден автор үміт үзбейді. Автор той тойлайтын кездің де ауылы алыс емес екеніне зор үмітпен қарайды:
«Сырыңды жыр ғып сөйлеп жеткізуге,
Көп сөзді көршілер тұр ұнатпайтын.
Жаз келер, жадыраған күндер туар,
Жыр жырлап ту түбінде шуақтайтын.»
«Қара бұлт» өлеңі мысал-өлең ретінде басталғанымен, қорытындысын ғибратты да өнегелі сөзбен аяқтайды. Кері іс етіп, өз жұртына зиянды әрекет ететіндерді тілге тиек етіп, ашынады. Елден асқан білімді жұртты қазақ даласын оқу – біліммен көгертуге шақырып, мұң-мұқтажды халықтың терезесін өзге елдердікімен теңестіру қажеттілігін алға тартады:
«Бұлттай жерге жаумай, суға жауған
Қазақта іс ететін көп адамдар.
Жұмсамай тиісті орынға мал, өнерін
Біреулер жүреді,оған не амал бар?!
Мысалы, қазақ – дала, орыс – теңіз,
Даланы, шама келсе, көгертіңіз.
Мұң десең, мұқтаж десең – қазақта көп,
Емес пе мұны ойламақ міндетіңіз?»
Автор бұл сөздерін өзінің замандастарына арнап отырғанын өлең жолдарымен жеткізіп, жастардан ақыл-кеңес күтеді:
«Мен мұны арнап жаздым замандасқа,
Шаш қойған өзімменен ғамалдасқа.
Бұл сөзді сендерге айтпай, кімге айтамын,
Болады асыл таста, ақыл жаста.»
Байқағанымыздай, ХХ ғасырдың ең өткір мәселесі – халықты сауаттандыру мен ұлттық тәрбиені қалыптастыру болғандықтан, бұл тақырып барлық Алаш зиялыларының әдеби еңбектеріне арқау болды. Ахмет бастаған зиялы қауым білім алудың маңызын жалпыәлеуметтік көзқарасқа айналдырып, ел арасына сіңдіре алды.
Қорыта айтқанда, Ахметтің педагогикалық мұралары жас ұрпақ тұлғасын қалыптастыруда ғана емес, ұлттың ұлылығын ұлықтауда да маңыздылығын жоғалтқан емес.

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Zhumash Carsembaeva

Zhumash

1966 жылы дүниеге келгенмін. 1985 жылдан бастап мұғаліммін.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *