ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚОҚЫС МӘСЕЛЕСІ

Абдуохап  О.У. Әл-Фараби  атындағы

ҚазҰУ, 2 – курс магистранты

 

Жұмыр  жерді мекендейтін сан – мыңдаған тіршілік атаулының ішінде Жер – анаға адам баласынан артық қиянат жасайтын жан иесі жоқ екен. Басқасын былай қойғанда, саналы тіршілік иесі саналатын «нome sapins»- тің күнделікті өмір қажеттілігінен артылған тұрмыстық қалдықтары мен күл – қоқысы ортақ планетамызды тұншықтырып барады. Қасиетті даласын көзінің қарашығындай аялайтын қазақ «ат аунаған жерде түк қалады» деп қастерлеуші еді. Енді табиғат аясына демалысқа шыққан әрбір адамның артында кемінде 10 кило қатты тұрмыстық қалдықтар қалатын болды. Қасіреті қалың қазақ даласында бүгінге дейін жиналған 22 млрд. тонна қалдықтың 96 миллион тоннасы қатты тұрмыстық қалдықтар екен. Бұл арнайы есепке алынған күл – қоқыс алаңдарына төгілгені. Ұлы даламыз – дағы күл – қоқыс «қоры» жыл сайын бірнеше миллион тоннаға көбейіп отыратын көрінеді. Ал ұлы даланың жер – жерінде есепке алынбаған тау – тау күл – қоқыс қаншама?! Қазақстан ҚТҚ (қатты тұрмыстық қалдықтар) мен күл – қоқыстың 97 пайызын арнаулы күл – қоқыс алаңдарына төгумен ғана айналысады. Табиғат – бұл бізді қоршаған орта. Ол адам баласының санасынан тыс, өздігінен пайда болған дүние. Демек, «Адамдардың табиғатсыз күні жоқ, табиғаттың мұны айтуға тілі жоқ».

Гарбология ағылшын тілінен аударғанда «қоқыс» деген мағынаны білдіреді. Оны 1973 жылы Уильям Рэджи ашты. Ол экология ғылымынан бөлінген жеке бір сала. Егер де бір жыл ішінде жиналған қоқысты жоймай немесе қайта өңдемей, бір жерге төге берсе Европадағы ең биік шың – Эльбрустей тау пайда болады.Қоқыс – еліміздің дамуына кесір. Қазіргі кезде бәрімізді қатты алаңдатып отырған жағдай – табиғатымыздың тікелей адамның іс – әрекетінен ластанып, бұзылуы. Еліміздің қоқысын тазаламайынша біз дамыған мемлекеттер қатарына қосыла алмаймыз. Менің ауданымның экологиялық жағдайы мәз емес. Себебі, аудан халқы көбейген сайын қоқыс та көбейе.береді [1].

Тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жаратуға өңірлер көңіл бөлмей отыр. Алыс ауылдарды айтпағанда, қала айналасын қоқыс басып жатыр. Бірақ соған қарамастан алдымызда жасыл елге айналу жоспары тұр. Оған сай 2030 жылға қарай қалдықты өңдеу көлемі 40 пайызға жетуі тиіс. Қазақстанда советтік кезеңнен бері қатты тұрмыстық қалдықтардың көп жиналғаны сонша – билік 2019 жылдан бастап қоқыс полигондарына пластмасса, қағаз бен әйнекті алдын ала сұрыптаусыз көмуге тыйым салды. Осылайша энергетика министрлігі қоқысты өңдеу деңгейін арттырып, тұрғындарға қоқысты сұрыптап жинауды үйреткісі келеді. Тыйым салу арқылы мәселені шешуге бола ма? Қазақстандықтар не үшін қалдықтарды сұрыптамайды? Бизнестің қоқыс өңдеу саласына көңіл бұрмауының себебі неде? -деген сұрақтар туындайды . Басынан дұрыс жиналмаған қоқыс қайта өңделетін шикізат ретіндегі құндылығын жояды. Әр мемлекет өз елінің бас қалаларына ерекше көңіл бөледі. Заманауи инфрақұрылым, жаңа ғимараттар мен тұрғын үйлер, балабақшалар мен мектептер, қызмет көрсету және демалыс орындары – бәрі-бәрі шаһардың көркін ашатын, мәртебесін арттыратын нысандар болуы шарт. Халық көп шоғырланған мегополистерде көше, аула, ауа тазалығын сақтау және бір тәулікте тау болып жиналатын қоқыс мәселесі еріксіз алаңдатады [2].

Қоқысты сұрыптау мәселесі.Қазіргі таңда қоқысты іріктеуді игере алмай жатқан мемлекеттер – дамушы елдер. Мұның түрлі себебі бар, біріншіден тұрмыс қалдықтарын өндейтін технологияның жолға қойылмауы, қажетті ресурстардың тапшылығы, күнделікті шығатын қалдықтардың үлкен көлемі, сонымен қатар, адамдардың қоқыстан болатын залалдың, экологияға әкелетін қауіпті толық сезінбеуінде. Күнбе-күн қалдықтарды қоқыс жәшігіне салмас бұрын көпшілігіміз бұның бәрі қайда кетеді деп ойланбаймыз да. Пакеттерге тамақ қалдықтары, жуынды, қағаз, пластик аралас салынып, толассыз тасталып жатыр.

Шынболат Байқұлов қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеумен айналысатын 50 ұйым мен жеке кәсіпкерлердің басын біріктірген KazWaste қауымдастығын басқарады. Ұйым сайтындағы дерекке сәйкес, KazWaste қауымдастығының мақсаты – осы саладағы кәсіпкерлерді қолдау, жаңа жобаларды жүзеге асыру (оның ішінде қалдықтарды сұрыптап жинау жүйесі де бар), сонымен бірге осы сияқты кәсіпорындар қызметін үйлестіру [3].

Қазір Қазақстанда төрт зауыт бар. Бұл жеткіліксіз. Биылдан бастап қатты тұрмыстық қалдықтарды полигонға апаруға тыйым салынған. Сұрыпталмаған қоқысты алып шыққан көлікті полигонға жібермейді, экология департаменті айыппұл салады, – дейді Шынболат Байқұлов   Байқұловтың айтуынша, жыл сайын әр қазақстандық орта есеппен 250-360 кг тұрмыстық қалдық тастайды, бірақ әр аймақта қалдықтың құрамы әртүрлі. Оңтүстік аймақтарда пайыздық арақатынаспен алғанда “өңделмейтін азық-түлік қалдықтары” көбірек, ал солтүстік облыстарда қайта өңделетін шикізат жиі шығарылады. — Мұнай бәрібір жақын арада таусылады. Міндетіміз – қалдықты “айналымға енгізу”. Мысалы, пластик өнім сынып қалса, оны жеті рет қайта өңдеуге болады. Бұл циркулярлық экономика, соған ұмтылуымыз керек, – дейді Шынболат Байқұлов. Оның пікірінше, ең алдымен үй қалдықтарын сұрыптаудан бастау керек, түрлі контейнерлер қойып, бизнесті мемлекеттік-жеке серіктестік (МЖС) арқылы қайта өңдеумен айналысуға ынталандыру керек. МЕМЛЕКЕТТІҢ көмегінсіз ештеңе өнбейді.

2014 жылы жалпы 570 мың тонна қоқыс (2013 жылы 462,7 мың тонна болған) жиналған. 2015 жылы 604 мың тоннадан артық қалдық жиналды, соның ішінде 353 мың тоннадан астамы қатты тұрмыстық қалдықтар. Астана қаласында жиналған қоқыс көлемі 2015 жылы 2014 жылмен салыстырғанда 6%-ға артқан. Бұл ретте қатты коммуналдық қалдықтар (ҚТҚ) көлемі аталған кезеңде 22%-ға жуық ұлғайған. Бұл үрдіс 2016 жылы да сақталды. Осылайша, 2016 жылдың бес айында 2015 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 2,6% артық қоқыс жиналған. Астана қаласында «Астана Тазарту» ЖШС және «Таза Әлем-Астана» ЖШС ҚТҚ жинау қызметімен айыналысады. Сондай-ақ, 85-тен артық арнайы техника жұмыс істейді. Үйінділерді аршуға жұмысшылар тартылған, сұрыптау жұмыстары жүргізіледі.Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшуін ескере отырып, елордада қалдықтарды бөлек жинау бойынша іс-шаралар қолға алынған.

2013 жылдан бастап халықтан құрамында сынап бар энергия үнемдегіш шамдарды жинау және одан әрі пайдаға асыру бойынша жоба жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында құрамында бар энергия үнемдегіш шамдарды жинау үшін 300 арнайы контейнер орнатылды (жоба іске асырылған кезеңде халықтан екі миллионға жуық құрамында сынап бар шам жиналып, пайдаға асырылды); 2015 жылы 150 жаңа контейнер алаңын салу, 294 контейнер алаңын қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді, ҚТҚ жинауға арналған контейнерлер (күл жинауға арналған көлемі 0,75 текше метр – 566; 1,1 текше м – 512; көлемі 0,8 текше метр – 148) сатып алынды.

Келесі жылы Астана айналысындағы қоқысты азайту мақсатында Ақмола облысында ауылшаруашылық және қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыт салынады. Зауыттың негізгі қызметі – түрлі қалдықтарды қайта өңдеу. Аталған жоба қазақ-герман кәсіпорны ECONEP-тің қолдауымен шетелдік инвестор арқылы жүзеге асырылып жатыр. 2017 жылдан бастап Қазақстанда қоқысты сұрыптап жинау қолға алынады. 2019 жылдан бастап қайта өндіруге сұрыпталмаған қоқысты көмуге тыйым салынады.

Әлемдік тәжірибеде дамыған елдердің көбінде тапталып жерде жатқан тұрмыс қалдықтары әжептәуір табыс көзі. Бұл бизнес әрі әлеуметтік жауапты іс. Қоқысты қайта өңдеуден түскен ақша қалта мен қоршаған ортаға бірдей пайда әкеледі. Тұрмыстық қалдықтарды қайта өндеудің негізгі бағыттары – қағаз өнімдері, әйнек сынықтары, бөтелкелер, полимерлер, пластик өнімдері, ағаш және темір заттары болып тармақталады. Тіпті, борситын тамақ қалдықтарынан биогаз өндіретін мемлекеттер де бар [4].

Франция. Қоқысты қайта кәдеге жаратудан, сұрыптаудан жетекші орында – франциялықтар. Францияда қоқыспен күресуде қоқыс өртейтін кешенді зауыттар салынған. Мәселен, Париж түбіндегі Иври-сюр-Сен зауыты жылына шамамен 600 мың тонна қоқыс өртейді. Қоқыстарды парализ әдісімен өте жоғары температурада күйдіреді, сонда улы заттар жану кезінде толық ыдырап, күл болады, есесіне атмосфераға зиянды газдар бөлінбейді. Франция қоқысты селекциялық жинау әдісімен қоқысты қайта өңдеу арқылы  30% алюминий, 50% әйнек,  сонша газет қағазын өңдіреді.

Қытай. Көршілес Қытайда қоқыс сұрыптау, қайта өңдеу үлкен бизнес саласына айналған. Аспан асты елінің Бейжің іспетті ірі қалаларында қоқысты түрлі әдіспен сұрыптайды, заманауи технологиялар мен адам күші қатар қолданылады. Қоқыс жинаушыларға төлемақы күнбе-күн төленгендіктен, қолма-қол ақшаға мұқтаж жұмысшылар бұл іске үйір. Бір Шанхайдың өзінде мыңдаған қоқыс қабылдау орындарында 2,5 миллионнан астам жұмысшы еңбек етеді.

Жапония. Өмір сүрудің өзіне жер таппай отырған жапондықтар қоқысты іріктеу, реттеу жұмыстарына аса үлкен жауапкершілікпен қарайды. Токио мен ірі қалаларда қоқыс контейнерлері қағаз, пластик, әйнек, темір, жанғыш, жанбайтын, қайта өндірілетін деп іріктеледі. Әр қалдықтың өзіне тиесілі түсті пакеттері болады. Мәселен көк пакетте қағаз қалдықтары болса, жасыл түсті пакетте пластик болады, егер қоқыстарды шатастырып, әлде аралас тасталса, сол үшін «шатасқан» тұрғын қомақты айыппұл төлейді. Супермаркеттерде пакеттердің шамадан тыс қолдануын шектеу мақсатында пакеттер берілмейді. Қоқысты жинау қызметі бір күнді тек бір қоқыс түріне арнайды.Әлемнің көп жерлерінде қоқысты өртеуге тыйым салынған, өйткені тұрмыс қалдықтарынан түрлі улы газдар бөлініп ауаны ластайды. Қалдықтарды өртеу АҚШ пен Жапонияда рұқсат етілген, бұл елдерде плазмалық газдау әдісі қолданылады. Жапондықтар өртелген қоқыс күлін арнайы құрылғылармен тығыздап, құрылыс заттарын өңдіреді, ғимараттар тұрғызып, тіпті бүтін жасанды аралдар салып жатыр [5].

Түркия. Түркия астанасы, жалпы қалалары тазалығамен тамсантады. Түрік қоқыс тазалаушысы – беделді әрі жалақысы жоғары мамандық. Қоқыс тазалаушы орта буынды банк менеджеріне қарағанда жақсы табыс табады. Тазалыққа жауапты қызметкерлер үшін әлеуметтік қолдау жолға қойылған: медициналық сақтандыру, жоғары зейнетақы, қолжетімді баспана алуға мүмкіндіктері зор.

Ресей.Мәскеуде қоқыс үйінділерін игеру бойынша жағдай мүшкіл. Ресей астанасы ТМД елдері қалаларындағы мәселелерге ұқсас қалдықтарды сұрыптап жинау жүйесі реттелмеген. Үйінділерді сұрыптау үшін арзан жұмыс күші саналатын мигранттар тартылған, күнделікті шайлығын табуға мұқтаж жандар осындай лас жұмысқа жалдануға мәжбүр.

Адамзат барда еш уақытта таусылмайтын қор – қоқыс. Ендеше полигондарда үйіліп жатқан қоқыс үйінділерін сұрыптап, жаңа өнім шығаруға әбден мүмкін. Қоқыс саласы бизнес көзіне айналуы үшін қомақты қаражатты, жақсы дайындықты талап етіп тұр. Сондықтан бұл салаға кәсіпкерлік тәжірибесі мен капиталы бар бизнесмендер араласа алады.  Ең кемінде көлемі 1000 шаршы метрден асатын қойма, қайта өңдеу цехтары, жоғары температураларда өртейтін пештер, қоқыс сұрыптауыш  машина, темір арқанды аспалы магнит, жүк көлігі керек.  Осы саламен айналысып, бизнеске айналдырамын деген кәсіпкерлерге бағыт сілтейтін «KazWaste» (http://www.kaz-waste.kz/kaz/) қалдықтарды басқару бойынша қауымдастығы бар. Ұйым 2013 жылы кәсіпорындарға, мемлекет органдарына, жұртшылыққа қалдықтарды басқару саласындағы қызметті жүзеге асыру барысында туындап отыратын мәселелерді шешу ісінде көмек көрсету мақсатында құрылған. Қауымдастықтың құрамына жасыл экономиканы қолдайтын жеке кәсіпкерлер мен 30-дан астам ұйымдар кірген. Қалдықтар саласындағы мәселелерді инновациялық технологияларды қатыстырумен, халықаралық стандарттарды ұстанумен кәсіби тұрғыдан шешуге бағытталған. Қауымдастық жұмысы өнеркәсіптік кәсіпорындардың, мемлекет пен халықтың мүддесін қорғауға ықпалын тигізеді [6].

Алайда бұл шаралар аздық етеді. Ең бастысы, қазақстандықтар экология мәселесіне назар аудармайтыны қынжылтады. «Мен неге қоқыс жайлы ойлануым керек? Ай сайын коммуналдық төлем төлеп отырмын ғой», дейді тұрғындар. Бірақ, пакетке оңды-солды салынған түрлі санаттағы тұрмыс қалдықтары қала шетіне барып үйіліп жатқанынан залал көп келеді. Басынан дұрыс жиналмаған қоқыс қайта өңделетін шикізат ретіндегі құндылығын жояды – қағаз өнімдері бүлінеді, бөтелкелер жарылады, жуындымен араласады. Күнделікті шығатын тұрмыс қалдықтарын сұрыптап, арнайы қоқыс жәшіктеріне салу, макулатура, шина мен бөтелкелерді өткізіп, пайда табу әрі қоршаған ортаны қорғау – азаматтық іс.

Менің ойымша біздің елде  қоқыс арқылы қаншама өңделуге болатын және сонымен қаншама табыс көзін шикізат көздерін алатын мүмкіндіктер бар ,бірақ ол істерге қарқынды еңбекпен мықты қоқыс өңдейтін зауыттардың аздығына әкеліп соғуда.Ал осы қоқыс өңдейтін зауыттар өз жұмысын жақсы атқарса еліміз дамушы елдер қатарына бір табан жақын болар еді.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі

 

1.Азаттық радиосы дайындаған сұхбат.  Астана, 2019.

2.Жасыл экономика. Алматы,2015.315 б.

3.Алексеев С. В., Груздева Н. В., Гущина Э. В. Экологический практикум школьника // Справочное пособие. – Самара: Учебная литература, 2006. – 80 с.

4.Коробкин В. И., Передельский Л. В. Экология. Конспект лекций. Ростов н/Д: Феникс, 2004. -128 с.

5.Махитов М. Қазақстан мұнай кәсіпшілігінде кәсіпкерліктің қалыптасуы // Ақиқат. – 2001. – № 2. – 47-54 б.

6.Нығметуллаева М. Мұнай өндірісінің экологиялық зардаптары // Атамекен. – 2002. 28 ақпан. – 2 б.

 

 

 

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *