Қыз баланың қоғамдағы орыны қандай?
Кемалова Айым
Бүгін, өміріме үлкен сабақ болған, ақылыма ақыл қосқан, айрықша орыны ерекше кітапқа талдау жасап, сіздермен бөліскім келіп отыр. Қызы құрметтелген, қызы бақытты болған елдің басқа да бақыты бүтін боларына көзіміз жетіп жатыр. Белгілі айтыскер ақын, қоғам қайраткері Мұхамеджан Тазабектің қазақтың аяулы аруларына арналған “Еркем, өмірің болсын көркем” атты кітабы, рухани мәдени құндылықтарға, өмірден түйген ой-толғаныстарына толы.
“Қыз – өріс. Қазақтың жер дауы және жесір дауы деген екі үлкен дауы болған. Біріншісі біздің қасиетті жерімізге байланысты болса, екіншісі осы нәзік жыныстыларға байланысты дау. Яғни, жесір дауы. Оның себебі көп: ұзатылған қызыңның бақытсыз болуы, қызыңды басқыншы жаудың алып кетуі, қызыңды басынып ренжітуі мүмкін. Ал, кейде қыз арқылы дау бітуі, тоқтауы мүмкін. Өйткені, құдаласу арқылы қыз екі ел ортасындағы үлкен мәселелердің шешілуіне ұлы себеп болады екен. Сондықтан қазақ тарихына қарап отырсаң, “Судың түбін шым бекітеді, даудың түбін қыз бекітеді” деген мақалға сай тұстары көп” дейді ағамыз өз кітабында. Ойлана келе, расыменде, қыз бала үшін өміріндегі аса маңызды нәрсе – оған назар аудару. Оған көңіл бөлу. Ағамыздың тағы бір сөзінде: “Қыздарымыз бізден көп нәрсе күтпейді. Қызымыз бізден көңіл бөлгенімізді күтеді. Сырттан келдің бе, бірінші сыйлықты қызыңа бер. Өйткені ұл баланың мінезі мен қабылдауы басқаша. Қыздың жүрегі нәзік. Қыздың жолы жіңішке. Бірінші қызыңның бетінен сүй. Жылы сөзіңді бірінші қызыңа айт. Өмірде де көріп отырамыз, әке-шешесі қайтыс болған кезде “Құдайы тамақ” беріп, Құран оқытып жатады. “Құран оқытып жатқан кім?” деп сұрасаң, “Қыздары оқытып жатыр” дейді. “Қыздары келіп, дастархан жасап жатыр” дегенді естисің. Әкесі жаңа киім киіп жүрсе, “қызы келіп, кигізіп кетіпті” деп жатады. Ұлы кигізіпті дегенді ести бермейсің. “Қызы іздеп келіп, анасына сыйлық беріп жатыр екен” дегенді естисің. Өйткені қыз – қамқор. Қай кезде қамқор? Бала кезде қамқорлық көрсе, қамқор болады.” дейді.
Қызымыз бар болса, оны сыйлап, жақсы тәрбиелей алған әке, қызы арқылы жәннатқа кіреді. Әйелі бар болса, әйеліне махаббат, мейіріміе төгу арқылы ерке жәннатқа кіреді. “Жәннат ананың аяғының астында, анама жақсылық жасайын” деп, анасының батасын алған ұл бала жәннатқа кіреді. “Қызың – ең қымбат құндылығың. Қызың – ең үлкен қуанышың.”
Осылайша, барша қыздар қауымына Мұхамеджан Тазабек ағамыздың өз кітабында қалдырған даналыға көз жүгірттік. Аяулы қыздар, сіздер бар жақсыға лайықсыздар. Өздеріңізді құрметтеңіздер, бағалаңыздар! Өйткені қыздың құндылығын Құдайдың өзі көтеріп қойған!