Нәзір Төреқұлов

Өтеген Меруерт

“НӘЗІР ТӨРЕҚҰЛОВ”

Нәзір Төреқұлов – өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары жарқырап шыққан жас қазақ қайраткерлерінің шоғырындағы ең ірі тұлғаларының бірі. Мемлекет және қоғам қайраткері Н.Төреқұлов туралы, оның ерен еңбектері мен дипломатиялық қызметтері жө­нін­де дипломат, ғалым Тайыр Мансұров үлкен еңбектер жазды. Н.Төреқұловтың өмір жолын  терең зерттеп, зерделеп, ол туралы бірнеше кітаптарын орыс, ағылшын, қазақ тілдерінде баяндап, әлемге жәрия етті.

Бұл жөнінде Ресейдің  көрнекті мемлекет қайраткері, академик Е.Примаков былай деп баға береді: «Әрбір мемлекеттің сыртқы саясаты өткеннің тәжірибесіне сүйенсе, өзі­нің дипломатиялық мектебінің тұтас бір ұрпақтары жасаған амалдар мен әдістерді пайдаланса ғана барынша тиімді болмақ. Міне, осы тұрғыдан алғанда, бізден тым алыс та емес аса маңызды оқиғаларды ұмыта салу ештеңемен ақтауға болмайтын нәрсе. Мысалы, Кеңес Одағы мен Сауд Арабиясы арасында қарым-қатынас ондаған жылдар бойына «елеусіз қалып», тек  1990 жылы толық көлемінде қалпына келтірілгені мәлім. Ал, бұл қатынастар өткен ғасырдың 20-30 жылдары, тұтас он жылдай уақыт бойы қарқынды өрлеп, шын мә­нінде әріптестік қатынастар болды.

Қандай да бір мемлекетке қатысты саяси бағдар көбіне оны кім және қа­лай жүзеге асыратындығына байланысты болады. Бұл ретте КСРО-ның Сауд Арабиясындағы өкілетті өкілі Н.Төре­құловтың аса көрнекті рөлі даусыз. Сол жылдардағы басшылықтың ислам жерін­дегі өз өкілі ретінде, біріншіден, діннің бар­лық қалтарыстарын терең түсінетін, екіншіден, аса зиялы, білімдар, революция ісіне адал мемлекет қайраткерін саналы түрде таңдап алған кадр саясатына да тиісті бағасын беру керек. Бұл өзін толайымен ақтаған таңдау еді.

Нәзір Төре­құлов сегіз жыл бойы (1928-1936) өз елінің Сауд Арабиясындағы лайықты өкілі бола білді – бұл сол уақыттағы рекордтық мерзім… Н.Төреқұловтың еңбекқорлығы, батыл ойы, жергілікті шейхтермен қатар, «антогонистердің» – Англиядан, басқа да Батыс елдерінен келген дипломаттардың тілін тапқан шеберлігі қайран қалдырады. Өкілетті өкіл қорольмен, оның ұлдарымен де етене жақындасады. Ең ауыр тапсырманың өзін орындауға дайын тұру, туындай­тын мәселелерді шын мәнінде мемле­кет­тік тұрғыда шешуге ұмтылу Н.Төреқұловты кеңестік «алғашқы толқын» дипломаттары арасындағы жарқын тұл­ғаның бірі деуге негіз береді».

Нәзір Төреқұлов өзінің тынымсыз іскерлігі, ізденімпаздығы, жасампаздығы мен өмірде жиған мол тәжірибесінің арқасында, ол жасындай қысқа ғұмырында туған халқы мен Отаны­на пайдалы көп іс тындырды. Оның тұлғасы Абай мен Шоқанның ұлы мұрасының ықпалымен, Әлихан, Шәкәрім, Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек және басқалармен рухани дидарласу арқылы қалыптасты.

Н.Төреқұловтың саясаткер ретінде қалыптасуы ХХ ға­сырдың 15-20 жылдарына – аса күрделі, қым-қуыт, ғаламшардың алтыдан бір бөлігінде ауқымды әлеу­меттік тәжірибе – жаңа қоғам орнату тәжірибесі жүргізіліп жатқан уақытқа тұспа-тұс келді. Осынау қиын, Орталық Азияның халқы үшін болашақ тағдырды айқындайтын кезеңде Н.Төреқұлов Түркістандағы ең  жоғары мемлекеттік һәм партиялық қызметте болды. Оның өз мұратынан ешқашан айнымайтын ұйымдастырушылық және насихатшылық қабілеті алғаш рет тап осында байқалды. Ол өзінің мұратына сай ғұмыр кешіп, еңбек еткен, жарқын болашаққа, әділеттің салтанат құруына сенген.  Қазақ қайраткерінің Түркістан халықтарының басын біріктірудегі тарихи еңбегі орасан зор. Акмал Икрамов, Абдулла Рахымбаев, Қайғысыз Атабаев және Түркістан өлкесінің басқа кемең­гер көсемдерімен етене араласқан Нәзір, осы өлкедегі бірігу үдерістеріне нақты ықпал ете алатын, солай етті де.

Бүгінде Нәзір Төреқұлұлының елімізге, ұлтымызға сіңірген ерен еңбектерін бағалап, көптеген мектептерге, көшелерге оның атын қойып, құрметтеп, еске алуда. Оның  өмір жолы, мемлекеттік және дипломатиялық қызметтері зерттеліп, зерделенуде. Нәзір Төреқұловтың жарқын да, жұлдызды ғұмырының  болашақ ұрпағымыздың, ұлтымыздың рухани жетіліп, өркендеп-өсуі үшін маңызы зор, тағылымы ерекше.

Орындаған:Өтеген Меруерт

Жетекшісі:Жақсылықбаева Римма

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *