ДЕБАТТЫҢ КЕЙС ЭЛЕМЕНТТЕРІН ҚОЛДАНУ АРҚЫЛЫ ДИСКУССИВТІ ЭССЕ ЖАЗУҒА ДАҒДЫЛАНДЫРУ
ДЕБАТТЫҢ КЕЙС ЭЛЕМЕНТТЕРІН ҚОЛДАНУ АРҚЫЛЫ ДИСКУССИВТІ ЭССЕ ЖАЗУҒА ДАҒДЫЛАНДЫРУ
РАЗВИТИЕ НАВЫКА НАПИСАНИЯ ДИСКУССИОННОГО ЭССЕ ЧЕРЕЗ ИСПОЛЬЗОВАНИЕ ЭЛЕМЕНТОВ ДЕБАТНОГО КЕЙСА
DEVELOPING THE SKILL OF WRITING A DISCURSIVE ESSAY BY USING THE ELEMENTS OF A DEBATE CASE
Кайданова Айгерым Хусаиновна- мұғалім
Никибаева Альбина Сейтжановна-мұғалім-модератор
Турсунов Бакытжан Саматович-мұғалім-модератор
Петропавл қаласындағы ХББ НЗМ
Аңдатпа. Зерттеу мақсаты: Оқушылардың дискуссивті эссе жазу кезінде өз пікірін дәлелді жеткізуі үшін дебаттың кейс элементтерін пайдалану.
Міндеттері:
-кейс элементтерін іріктеу;
-кейс элементтерін оқушылармен талқылау;
-кейс элементтерін қолдану;
– мәліметтерді жинақтау, өңдеу, нәтиже ұсыну
Зерттеудің маңыздылығы: Қоғамдық-гуманитарлық пәндерде дисскуссивті эссе жазу кезінде оқушылар ойын дәлелді жеткізуге қиналады. Оқушылармен сұхбат барысында дискуссивті эссе жазу дағдысын жетілдіру қажеттілігі туындады. Жазылым жұмысындағы мәселені екіжақты қарастырып, жүйелі талдауда арнайы бағыттаушы құрал керек екені анықталды.
Әдіснама: Оқушылардан алынған сауалнама, кәсіби сұхбат, бақылау, әңгіме зерттеудің негізгі әдіс-тәсілдері болып табылады.
Нәтиже: Оқушыларға дебаттың кейс элементтері туралы ақпаратты ұсына отырып, оны ұтымды пайдаланудың жолдары талқыланды. Нақтыланған тақырып бойынша мәселе негізінде салыстырмалы анализ жасалған үлгі кейс берілді.
Қорытынды: Оқушыларда дисскуссивті эссе жазу түсінігі кеңейді. Қажетті аргументті дұрыс іріктеу дағдысы қалыптасты. Жазылым сапасы артып, бірізді жүйе пайда болды.
Қолданылуы: Қоғамдық-гуманитарлық пәндерде күнделікті жазылым жұмыстарында, 12-сыныпта курстық жұмыс жазу кезінде, жалпы білім беретін пәндерде ойды ауызша жеткізуде.
Кілт сөздер: дискуссивті эссе, дебат, кейс элементтері, бағыттаушы құрал, жазылым дағдысы
Кіріспе. Тарих және қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінде оқушылар белгілі бір мәселе бойынша ойын жүйелі әрі дәлелді жеткізуде кедергілерге тап болады. Атап айтар болсақ, ақпараттың жетіспеушілігі, талдау жасай алу дағдысының әлсіздігі, ойды қорытындылап мәселеге қатысты шешу жолдарын ұсына алмайтындығы. Сонымен қатар, жазылым жұмысы кезінде көбіне оқушылар мәселеге қатысты пікірін біржақты негіздеуге басымдық береді. Бұл өз кезегінде оқушылардың салыстырмалы анализ жасай алу қабілетінің дамуын тежейді. Сондықтан «Дискуссивті эссе жазуда жүйелі талдау жасауға қалай қол жеткізуге болады?» деген сұрақ туындады. Оқушылардың екі жақты талдау дағдысын жетілдіру үшін арнайы нақтыланған бағыттаушы құрал қажет деген шешімге келдік. Қалыптасқан дискуссивті эссе туралы қарапайым шаблондарға қарағанда, мәселені екіжақты қарастырып, жүйелі әрі нақты талдауға мүмкіндік беретін бағыттаушы құрал ретінде дебаттың кейс элементтері таңдалып алынды. Дебаттың кейс элементтерін қолданудың тиімділігі қандай? деген сұраққа жауап беретін болсақ, біріншіден, сабақ барысында оқушылардың қызу пікірталасқа қызығушылығы бар екенін аңғардық. Екіншіден, осы қызу пікірталас кезінде ортаға салынатын ұтымды пікірлерді бір жүйеге келтіріп, жазылым жұмысында пайдалана алуы үшін дебаттың кейс элементтері мен дискуссивті эссе құрылмын кіріктіру қолға алынды.
Әдебиеттерге шолу: Жазылым дағдысында эссенің аргументті , дискуссивті, әдеби, салыстырмалы, келісу-келіспеу т.б. түрлері бар. Эссе жазу үшін жазудың мақсатын нақтылап, берілген тақырып бойынша пікірдің айқындылығы, нақты дәлелдер мен пайымдаулардың қолданысының дұрыстығы басшылыққа алынады. [1]
Оқушылар эссенің белгілі бір түрін жазар алдында , мұғалім нұсқаулық бергені абзал. Көбіне бірізді талаптарға негізделген нұсқаулық беріледі. Эссенің әр түрін нақтылап көрсететін бағыттаушы құрал жоқ деп айтуға болады. Біз қарастырып отырған эссенің түрі дискуссивті эссе. Өйткені жоғары сынып оқушылары оқу бағдарламасына сәйкес эссенің бұл түрін жиі жазады. Жалпы білім беретін мектептің 11-сыныбының қоғамдық-гуманитарлық бағытына арналған қазақ тілі оқулығында берілгендей, дискуссивті эсседе екі жақты пікірді салыстырмалы түрде талдай отырып, қорытынды шығарады. [2] Жалпы дискуссия дегеніміз- пікірталас, белгілі бір мәселе бойынша пікір сайысы дегенді білдіреді. Пікірсайыс – белгілі бір тақырып көлемінде белгіленген кейс элементтерін пайдалана отырып тақырыпты екіжақты қарастыру. Сонымен қатар, пікірсайыс логикалық ойлау қабілеті мен коммуникативті қасиеттерді қалыптастырады. Пікірсайыстың құрылымына сәйкес әр түрлі кейс элементтері бар. [3]
Біз ұсынған дебаттың кейс элементтері мәселеге қатысты негізгі кілт сөздерге анықтама беру, жақтау немесе даттау позицияларын айқындау, аталмыш мәселеге байланысты қазіргі қалыптасқан жағдай туралы қысқаша әрі нақты ақпарат беру, аргументтер арқылы мәселенің шешу жолдарын ұсыну, талданған ой –пікірлерге негізделе отырып қорытынды шығару мүмкіндігін береді.
Зерттеу гипотезасы: Зерттеу нысанына алынған 11-сыныптағы Қазақстан тарихы және қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінде эссе жазуға арналған дебаттың кейс элементтері сараланып, оқушылармен бірге талқыланды. Талқылау негізінде кейс шаблоны құрылды. Дебаттың кейс элементтерін қолдану арқылы оқушылардың дискуссивті эссе жазу дағдысы жетіледі.
Күтілетін нәтиже:
- Оқушыларда жазылым дағдысы бойынша жүйе қалыптасады;
- дискуссивті эссе жазуда ойын дәлелді, нақты жеткізу қабілеті дамиды;
- дебаттың кейс элементтерін өзге пәндерде қолдана алады.
Әдіснама: Бірлескен жұмыста зерттеудің аралас әдістері қолданылды. Қазақстан тарихы және қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінде оқушылардың жазған эссе жұмыстарының үлгілері, оқушылардан алынған сауалнама нәтижелері, сұхбат талдамасы, БЖБ, ТЖБ нәтижелері, кәсіби әңгіме қорытындылары қарастырылды.
Сауалнама. Зерттеу нысанына алынған 11-сынып оқушыларынан дискуссивті эссе жазуда кездесетін қиындықтарды анықтау мақсатында сауалнама алынды. Сауалнама нәтижесі бойынша эссе жазу кезінде екі жақты пікір білдіру, аргументтерін дәлелемен негіздеу оқушылардың басым бөлігіне қиындық тудыратыны анықталды. Сауалнама тек барлаушылық ақпарат беретіндіктен А,В,С деңгейлі оқушылармен жеке сұхбат жүргізілді. Дискуссивті эссе жазуда пікірлерін негіздеуде неге сүйенетіні, аргументтерді қандай критерийлермен іріктейтіні жөнінде сауалдар қойылды. А деңгейлі оқушыға жазылым жұмысында эссе құрылымын сақтау, аргументін фактімен негіздеу қиындық тудырады. В деңгейлі оқушыға екі жақты талдауда ойын жүйелі жеткізу қиын, сондықтан алдын ала үлгі ұсынылуы қажеттілігін түсіндік. Ал С деңгейлі оқушыға жалпы эссе жазу айтарлықтай қиын болмаса да, көмекші , бағыттаушы құралдың қажет екені анықталды. Сондықтан дискуссивті эссе жазу үшін түрлі әдіс-тәсілдер, мәселеге қатысты пікірлерді саралап, дебаттың кейс элементін қолданып көру шешімі қабылданды.
Оқушылардан алынған сауалнама
Зерттеудің нәтижесі.
Қазақстан тарихы және қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен 11-сынып оқушыларына ІІ жартыжылдықтың басында дебаттың кейс элементтерін таныстырдық.
Кейс элементтері
- Тақырып (Резолюция)
- Анықтама/Дефиниция (Тақырыптағы басты сөздерге анықтама беру)
- Stats Quo(Қазіргі қалыптасқан жағдай, осы тақырыпқа байланысты қазіргі ахуал қандай?)
- Аргументтер (Тақырыпқа қатысты тұжырымдар)
- StatsFuture (Болжам және қорытынды) [4]
Оқушылардың барлығына ортақ «Қазақстанға АЭС қажет пе?» деген тақырыпта дискуссивті эссе жазу тапсырылды. Респонденттердің сұрауы бойынша үлгі ретінде кейс берілді.
Қосымша 2
Үлгі кейс
Тақырып(Резолюция):Қазақстанға АЭС қажет пе?
КІРІСПЕ
Анықтама (Дефиниция, тақырыптағы басты сөздерге анықтама беру): Қазақстан, АЭС
Қазақстан – жер көлемі бойынша 9 орында орналасқан мемлекет.
АЭС – атом ядросының энергиясын электр энергиясына айналдыратын қондырғы.
Stats Quo (Қазіргі қалыптасқан жағдай, осы тақырыпқа байланысты қазіргі ахуал қандай?):
«Атом» десе, біздің халық ат тонын ала қашады. Міне, содан бері «Атомнан аулақ!» деп байбалам салған жұрт әлеуметтік желіні өртеп жіберуге шақ қалып тұр. Әрине, олардың «сау басымызға сақина тілемейік!» деген жақсы көңілін түсінуге болатын шығар. Бірақ біздің «Көп айтса көнді, жұрт айтса болды» демей, хайппен емес, байыппен бағамдап, алдымен бізге АЭС не үшін қажет болғанын ғылыми түрде зерттеп көргеніміз дұрыс. Сонда ғана Президенттің «Қазақстанға атом электр станциясы қажет» деген мәлімдемесінің мәнін толық түсінер едік.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін, электр энергетикасы саласына зор өзгерістер жасады. Алайда түбегейлі өзгерістер жасай алған жоқ. Оның құрылғылары әлі 1960-1980 жылдары пайдалануға берілген энергетикалық құрылғылардың негізінде тұр.
Демек, еліміздің электр энергетика саласы алдағы жақын жылдары үлкен сын-қатерлерге дөп келіп тұр. Мұны бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин биыл 12 ақпанда бұқаралық ақпарат құралдары брифингінде «қазірше электр қуаты жеткілікті болғанымен, алдағы 2-3 жылда Қазақстан электр қуатынан тапшылық көреді» деп растады. [5]
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Қазіргі қалыптасқан жағдайдан негізгі дискуссия бөліміне өту
«Аргументтерді іріктеу» әдісі
ҚР АЭС салу қажет (қолдау аргументтері) | ҚР АЭС салу қажет емес(даттау аргументтері) |
А. Экономикалық тиімділігі
Ф. Уран қоры бойынша Қазақстан әлемде бірінші орын алады. Шикізат қоры өте мол. Атап айтқанда, еліміздің АЭС салуда басқа елдерге қарағанда әлеуеті әлдеқайда жоғары. Ф.Электр энергиясы қолжетімді Халық электр энергиясын арзан бағада тұтынады. А. Сұраныс Cарапшылардың болжауынша, қазір елімізде электр энергиясының сұранысы күннен-күнге артуда. Сұраныс 2030 жылға қарай 136 млрд кВт/сағ, ал 2050 жылы 172 млрд кВт/сағ-қа дейін өседі екен. Сондықтан сұранысты қанағаттандыру мен тозған электр стансаларының жұмысын тоқтатып, қайта жаңғырту кезек күттірмейтін мәселе. Болжам бойынша, 2030 жылға қарай 11-12 ГВт тоқ тарата алатын жаңа қондырғылар қажет болса, ал 2050 жылға қарай 32-36 ГВт тоқ тарататын жаңа қондырғылар керек екен. |
А. Экологиялық қауіп-қатер
Ф.Чернобыль апаты Чернобыль апаты – Украинадағы Чернобыль атом электр станциясында, 1986 ж. сәуір айында АЭС-тің 4-энергоблогында болған апат. Радиоактивті түтін аймақтан асып, 10-нан аса мемлекеттің 145 мың шаршы шақырым жерін ластады, кем дегенде 5 миллион халық зардап шекті. Оның зардабы қаншалықты ұзаққа баратыны әлі белгісіз қалып отыр. А.Зиянды қалдықтар Эколог Дмитрий Калмыковтың сөзіне қарағанда, бұл жерді таңдаудың жалғыз кем тұсы бар. Апат болған жағдайда, Балқаш көлінен түк қалмауы мүмкін: «Бұл ағыны жоқ су қоймасы, яғни одан ешнәрсе ағып кетпейді, шайылмайды, сондықтан ядролық апат болса, барлығы көл бетіне шығуы ықтимал. Осы уақытқа дейінгі барлық ядролық апат ағып жатқан су қоймалары маңындағы станцияларда болды. Чернобыль маңында Днепр мен Припять болса, Фукусима – мұхит жағасында, Америкадағы апат – өзенде, ал Ұлыбританияда жағалауда болды. Қысқасы, бәрі шайылып кеткен. |
Осы аргументтер мен фактілерді маңыздылығы бойынша толықтырып, дамыту.
Аргументтерді талдау және іріктеу әдістері
Оң және теріс жақтарын салыстыру;
Оң және теріс жақтарын жеке қарастырып, талдау;
ҚОРЫТЫНДЫ БӨЛІМ
StatsFuture болашаққа болжам. Stats Quo-да айтылған тұжырым өзгеруі, қорытындылануы керек. Жоғарыда айтылған аргументтер мен фактілерді негізге ала отырып, ұсыныс білдіреді, болжам жасайды.
11А-11В сыныбының 11-і бұған дейін дебат ойындарына қатысып жүргендіктен берілген тапсырманы бірден түсініп барлық дискрипторларға сай сапалы дискуссивті эссе жазып берді. 9 оқушы-жақсы, 14-оқушы жазылым жұмысын орташа деңгейде орындады. С деңгейлі оқушы –дебат қатысушысы. Кейстің элементтері негізінде эссе жазуға қиналмаған. В деңгейлі оқушы орташа деңгейде жазған. Мысалы, Stats Quo (Қазіргі қалыптасқан жағдай, осы тақырыпқа байланысты қазіргі ахуал) элементін негізгі бөліммен байланыстыра алмаған.
А деңгейлі оқушы берген тапсырманы орындауда үлгі кейсті негізге алып екі жақты талдау жазған, алайда фактілері жеткіліксіз. Қорытынды бөлімде болашаққа болжам жасап, өз ойын жүйелі тұжырымдай алмаған. Оқушылардың жұмыстарын толық тексеріп болғаннан кейін респонденттердің сұрауы бойынша «Қазақстанға АЭС қажет пе?» тақырыбында С деңгейлі оқушының эссе жұмысын бірге талдап, А және В деңгейлі оқушылар қатемен жұмыс жасады. Келесі кезеңде 11-сынып оқушылары оқу бағдарламасына сай, көлденең жоспарлау негізінде Қазақстан тарихы және қазақ тілі мен әдебиеті сабағында «Ұмытылып бара жатқан дәстүрлерді қайта жаңғырту қажет пе?» тақырыбында дискуссивті эссе жазды. Эссе жазудың бұл кезеңінде С деңгейлі оқушы жазылым жұмысын дескрипторға сай тақырыпты аша отырып, мәселеге көзқарасын екіжақты жеткізе алған. Өз пікірін аргументтермен тең дәрежеде фактілер арқылы негіздеген. Дебаттың кейс элементтері толық көрініс тапты. В деңгейлі оқушы жұмысынан да дебаттың кейс элементтерін түсінгенін көрдік. Бірақ аргументтері көбіне жақтау позициясында болды. А деңгейлі оқушы берген тапсырманы орындауда екі жақты талдау кезінде қолдау аргументтеріне басымдық беріп, даттау аргументтерін келтіру кезінде қиналған. Қорытынды бөлімде болашаққа болжам жасап, өз ойын жүйелі тұжырымдай алмаған.
Алынған нәтижеден кейін оқушылармен қайта сұхбат жүргізілді. С және В деңгейлі оқушылар дебаттың кейс элементтерін қолдану эссе жазуда тиімді екенін жеткізді. А деңгейлі оқушы эссе жазу кезінде үлгі кейс көз алдында болмағандықтан қиындық туғанын айтты. Осыдан шығатын қорытынды, эссе жазар алдында А деңгейлі оқушыларға қысқаша үлгі кейс құрастыртқан тиімді болады.
Қорытынды. Зерттеуіміздің нәтижесінде келісідей қорытындыға көз жеткіздік. Оқушылар эссені түрлеріне қарай ажыратып жазуға қиналады. Өз пікірлерін фактілермен негіздеуде кедергілерге тап болады. Мәселені екіжақты талдау кезінде, біржақты ұстанымға басымдық береді. Статистикалық мәліметтер келтіріп, кілт сөздерді ашуда қиындықтарға тап болады. Пәнаралық білімдерін қолдана алмайды. Соған сәйкес, жүргізілген зерттеу оқушылардың пәнаралық білімдерін пайдаланып, дебаттың кейс элементтерін басшылыққа алып екіжақты талдауға бағытталған жазба жұмысын сапалы жаза алуына жағдай жасалды. Ең алдымен оқушылардың дискуссивті эссе жазу кезінде өз пікірін дәлелді жеткізуі үшін дебаттың кейс элементтерін пайдалану мақсаты көзделді. Кейс элементтері іріктеліп, оқушылармен талқылау жүргізілді. Кейс элементтерін қолдану үшін үлгі кейс құрастырылды. Мәселеге қатысты мәліметтер жинақталып, өңделді. Оқушылардың жұмыстары тексеріліп кері байланыс берілді. А, В,С деңгейлі оқушылардан эссе жазуда дебаттың кейсін пайдаланудың тиімділігіне қатысты сұхбат жүргізілді. Зерттеу нысанына алынған 11-сыныптағы Қазақстан тарихы және қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінде эссе жазуға арналған дебаттың кейс элементтері ұтымды қолданылып, оқушылардың дискуссивті эссе жазу дағдысының жетілуіне ықпал етті. Оны оқушылардың күнделікті сабақта тақырыпты бекітуге арналған эссе жұмыстарынан, ТЖБ, БЖБ жұмыстары нәтижелерінен көре алдық. 12- сыныпта Қазақстан тарихы пәнінен курстық жұмыс жазу барысында екіжақты талдау дағдыларын қолдануда. Дебаттың кейс элементтерін қолдану оқушыларға сыртқы жиынтық бақылау кезінде де Қазақстан тарихы және қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша жазылым жұмысын орындауда оң әсерін тигізетіні сөзсіз.
Ұсыныстар:
- Эссе жазу үшін оқушыларға эссенің құрылымын үлгі жұмыс арқылы түсіндіру;
- Аргументті эссе мен дискуссивті эссенің айырмашылығын ажырата білуін назарға алу;
- Эссе жазғанда пәнаралық білімдерін ұштастыра алуының маңыздылығын ескеру;
- Дискуссивті эссе жазғанда кейбір оқушыларға көмекші кейс ұсыну қажет.
Қолданылған әдебиеттер тізімі:
Астана қаласының Білім басқармасы. Эссе жазу жөніндегі әдістемелік нұсқаулық -Астана, Қазақстан, 2003 [1]
Т.Н.Ермекова, Г.М.Найманбаева, Б.М.Найманбаева Қазақ тілі: жалпы білім беретін мектептің 11-сыныбының қоғамдық-гуманитарлық бағытына арналған оқулық. 2009 [2]
Сорос Қоры мен ашық қоғам институты: Дебаттар/оқушылар мен мұғалімдерге арналған нұсқаулық/. М.: ғылым, 2019 [3]
Пашкевич С. Жоғары сынып оқушыларының дебат клубтары/жаттықтырушыларға арналған нұсқаулық/. Екатеринбург, Мұғалімдер Үйі, 2018; [4]
АЭС жобасы: Неден ұтып, неден ұтыламыз? 07.07.2022ж https://baq.kz/aes-zhobasy-neden-utyp-neden-utylamyz-282571/ [5]