Бірыңғай уақыт белдеуі: Еуропаға бір сағат жақындап, Қытайдан сәл алыстаймыз

 

1 наурызда сағат 00:00-ден бастап Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне көшеді. Яғни, UTC+6 уақытын қолданып келген 12 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қалада жергілікті уақыт бір сағат артқа жылжиды.

Атап айтсақ, Астана, Алматы, Шымкент қалалары, Абай, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Костанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстарында.

Бұл туралы былтырғы жылдың соңында үкімет отырысында барынша талқыланып, нақты шешім қабылданды. Қазақстанда ресми түрде UTC+5 және UTC+6 сағаттық белдеулері қолданылып келді. Демек батыс өңірі мен басқа аймақтар арасындағы уақыт айырмашылығы 1 сағатты қамтыды.

ҚР президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында парламент мәжілісінің депутаты Еркін Әбіл көптеген аймақтардағы халық өзінің географиялық уақытынан озып, UTC+6 әкімшілік уақыт белдеуі бойынша өмір сүретінін айтқаны есімізде. «Бұл еліміздегі экономикаға, қызметке, энергетикаға, қауіпсіздікке, оның ішіндегі ең маңыздысы – денсаулыққа кері әсер етеді. Сондықтан, барынша табиғи уақытқа сәйкес уақыт белдеулеріне көшуді жөн көрдік», – деді мәжіліс депутаты сол тұста.

Халықтың пікірі

Әйтсе де бұл мәселе ашық үкімет порталында қызу талқыланып, халықтың пікірі екіге бөлінді. Біреулері: «барша Қазақстан бір уақытта өмір сүрсе реттілік болады» десе, қалғандары: «жұмыс уақытының жарты бөлігін қараңғыда өткіземіз» деген уәж айтады. Желіде бұл шешімге наз айтқан тұрғындардың басым бөлігі еліміздің шығыс өңірінен, яғни Шығыс Қазақстан, Абай облыстарынан. Олардың айтуынша, уақыттың UTC+5 белдеуіне ауысуы ШҚО тұрғындары үшін тиімсіз.

«Біріншіден, күн ерте шығып, ерте батады. Уақыт 1 сағат артқа жылжыса, біздің түстен кейінгі уақытымыздың жартысы қараңғыда өтеді. Табиғи жарық пен күннің жетіспеуі көңіл күйімізге, денсаулығымызға кері әсер етуі мүмкін. Шығыс өңірінің қыс мезгілі қатты, күн райы күрт суытады. Күн 17:00-де батып кететін далада 19:00-де тас қараңғы орнайды. Аязды түнде – екінші ауысымда оқитын оқушылар мен студенттерге, жұмыстан қайтқан жұмыскерлерге обал. Көпшіліктің пікірі ескеріліп, қарапайым халық үшін тиімді болатын шешім қабылданғаны дұрыс еді», – дейді Өскемен қаласының тұрғыны Нұрай Ертайқызы. 

Қазақстандағы кітап нарығын қалай дамытуға болады?

UTC+5 уақыт белдеуін Орал, Атырау, Ақтау, Ақтөбе облыстары бұрыннан қолданады. Қызылорда облысы 2018 жылдан бастап UTC+5  белдеуіне ауысқан. Өз кезегінде Ақтөбе қаласының тұрғыны Рамазан Мақсат, бұл шешімнің «батыс жұртына алып келер ешқандай пайдасы да, зияны да жоқ» дегенді айтады. 

«Біздің уақыт 1 сағат артта болғандықтан, басқа қалаға жол жүрерде билеттегі уақытты шатастырып алған сәттер болды. Кейде мемлекеттік маңызы бар шаралар өткенде Астана уақытымен қойылады. Ондай кезде аса мұқият болуға тырысатынбыз. Бірақ біз жақтың халқы бұл өзгеріске жақсы бейімделіп алған. Тұтас Қазақстанның бір уақытпен жүргені де бір жағынан дұрыс шығар», – дейді ол. 

Смартфон сағатын кім өзгертеді?

1 наурызда біз қолданып жүрген смартфон, компьютер, планшет, смарт сағат сияқты құрылғыларда уақыт автоматты түрде жаңарады. Ол желілік уақыт протоколы (NTP) технологиясы және геолокациялық деректерді пайдалану арқылы жүзеге асады. Windows, macOS, Android және iOS сияқты жүйелер автоматты түрде уақытты жаңарту опциясын ұсынады. Құрылғыларға жазғы, қысқы уақытты қосқанда, ағымдағы уақыт белдеуіне өздігінен бейімделуге мүмкіндік бар. Демек, тұтынушыға девайстағы баптауларға кіріп, сағатты өз қолымен өзгертудің қажеті жоқ.

36f4f94f75aeeb88e8859958785fbca3-small.jpg

Бейбарс Сабит, SDU университетінің Automation Department қызметкері

Фото: жеке архивтен

«Заманауи технологияларды қолмен конфигурациялау қажет емес. Уақытты автоматты түрде жаңарту екі негізгі технологияның арқасында жүзеге асырылады: желілік уақыт протоколы (NTP) және геолокациялық деректерді пайдалану. Қарапайым тілмен айтқанда, NTP әрдайым дәл уақытты көрсететін сағат сияқты, өйткені ол интернетте арнайы серверлерде өте дәл сағаттармен синхрондалады. Геолокациялық деректер құрылғыңызға оның әлемде қай жерде екенін түсінуге және жергілікті уақыт белдеуіне автоматты түрде бейімделуге көмектеседі. Бір уақыт белдеуінен екіншісіне ауысқанда, телефоныңыз немесе компьютеріңіз мұны байқап, жаңа орынға сәйкес келетін уақытты жаңартады», – деп түсіндіреді бұл тұрғыда SDU университетінің Automation Department қызметкері Бейбарс Сабит.

Осы арада туындайтын тағы бір сұрақ – уақыттың автоматты түрде өзгеруі технологилық құралдарға зиянын тигізуі мүмкін бе дегенге саяды, бұл туралы желіде әртүрлі әңгіме бар. Рас-өтірігін анықтау үшін, біз бұл сұрақты да автоматизация маманы Бейбарс Сабитке жолдадық. 

«Бұл фейк ақпарат. Уақыт протоколындағы өзгеріс сіздің қолыңыздағы құралға зиянын тигізбейді. Шын мәнінде, уақытты автоматты түрде түзету — бұл қазіргі заманғы электронды құрылғылардың көпшілігінде орнатылған стандартты және маңызды функция. Бұл мүмкіндікті өнім өндірушілер пайдаланушыларға барынша ыңғайлы болу үшін арнайы әзірлеген, сондықтан бұл өзгерістен қорқудың еш реті жоқ», – дейді ол. 

Демек, уақыттың автоматты түрде өзгеруі құрылғылардың физикалық күйіне немесе олардың беріктігіне еш әсер етпейді. Керісінше, бұл бүгінгі технологиялардың қоршаған орта мен пайдалану жағдайларының өзгеруіне икемділіп, бейімделе алатынын көрсетеді. Cағатты автоматты түрде өзгерту сіздің техникаңыз үшін қауіпсіз әрі құрылғыларды күнделікті өмірде пайдалануды жеңілдететін пайдалы мүмкіндік деген сөз.

Уақыт белдеуінің өзгеруі денсаулыққа зиян ба?

Церкатты ритмдерге сай өмір сүру адам өмірі үшін өте маңызды. Адам ағзасы өз функциясын сол ритмге сай орындайды. Мемлекет, уақытты «халықтың денсаулығы үшін өзгерттік» деп отыр. Бұл туралы біз нутрициолог, Қоғамдық денсаулық сақтау дәрігері Аида Әбілқасымқызынан сұрап көрдік. 

089b30230fb992acd9e1ab8d25e83201-small.jpeg

Аида Әбілқасымқызы, Қоғамдық денсаулық сақтау дәрігері

Фото: жеке архивтен

«Әрбір 1600 километр сайын уақыт белдеуі ауысып отыруы керек. Қазақстанның 3000 километрге созылып жатқан жерін ескерсек, бірнеше уақыт белдеуінің болғаны халықтың денсаулығы үшін маңызды. Себебі,  батыстың уақыт белдеуі шығыстың тұрғындарына сай келмеуі мүмкін. Уақыт бір сағат артқа жылжығанда, халықтың күн энергиясын тұтынуы төмендейді. Сәйкесінше, күннен алатын серотонин гормоны мен Д дәрумені азаяды. Бұлар жетіспегендіктен, адамның бойында шаршағыштық, әлсіздік күшейеді. Д дәрумені иммунитеттің көзі, ағзадағы жүздеген реакцияларға қатысады», -деп түсіндіреді Аида Әбілқасымқызы. 

Маманның айтуынша, адам ағзасының уақыт белдеуіндегі өзгеріске үйренуіне кем дегенде 1 ай кетеді. «Ең дұрысы, күнмен бірге оянып, күн батқанда жатуға дайындалу. Адамның биологиялық ұйықтау ритмі таңғы 07:00-ге дейін оянып, түнгі 22:30-ға дейін ұйықтау», – деп кеңес береді ол. Таң сәріде ағзада кортизол гормоны бөлінеді. Ғалымдардың зерттеуінше, таңғы жетіден кейін ұйқының биологиялық маңызы жоқ. Түнгі екіден кейін ұйықтаудың да маңызы өте төмен. Ол кезде адам толық күш жинап, ағзасы ретке келмейді. 

Ұйқы адам денсаулығының фундаменті. Нутрицитолог Аида Әбілқасымқызының түсіндіруінше, адам уақытылы ұйықтаған кезде асқазан, ішек жолдарының шырышты қабаттары қалпына келеді. Детокс процестер жүріп, бауыр күні бойы ағзазға жинаған токсиндерді тазалайды. Ал ұйқы режимінің бұзылуы адам ағзасына кері әсер етуі мүмкін, мысалға, артық салмақ қосу немесе керісінше, жүдеуге жол беру, дәрумен минералдарының ағзаға сіңбеуі, ерте қартаю, т.б.

Бүгінде әлемнің 175 елі бір уақыт белдеуімен өмір сүреді. Айталық, көрші Қытайда 5 сағаттық белдеу болғанымен, олар тек бір белдеуге ғана бағынады.

Соңғы 100 жыл ішінде географиялық тұрғыда – батыста UTC+3-тен шығыста UTC+7-ге дейінгі төрт уақыт белдеуінде орналасқан қазіргі Қазақстан аумағында сағат тілдері 12 рет ауысты. Олардың ішінде уақытты өзгерту бойынша ең маңызды реформалар 1957, 1980, 1991 және 1999 жылдары жүргізілген. Нәтижесінде 2000-шы жылға қарай тек екі уақыт белдеуі қалды. Батыс аймақтарда UTC+5 және елдің орталық және шығыс аймақтарында UTC+6. Ал 2024 жылдың 1 наурызында UTC+5 уақыт белдеуіне көшкенде, еліміз таңертеңнен бастап Еуропаға бір сағат жақындап, Қытайдан бір сағатқа алыстай түспек.

 

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *