Баспасөз – ұлттың ортақ үні
“БАСПАСӨЗ- ҰЛТТЫҢ ОРТАҚ ҮНІ”
Меніңше, рухани айналымның жүрегі – әдебиет һәм ондағы мән-маңызы мәңгілікпен тетелес көркем
шығармалар болса, қоғам ағзасындағы рухани иммунитетті күшейтетін осы баспасөз. Десек те әрбір
жаназықтың өзіндік құнары, дәрумендері болатыны секілді, баспасөздегі дүниелердің де қуаты,
қайнары зор болуға тиіс. Қазіргі таңда бізге рухани тағылымды дәріптеу ауадай қажет болып отыр.
Себебі ардан ақша, намыстан нан қымбат саналған нарық заманының тынымсыз тіршілігінен
рухымыздың тынысы тарылып бара жатқаны жасырын емес. Баспасөз, ол – қашанда өз халқының
айнасы. Сол айнаны сындырып алмауымыз қажет. Егер халық рухани азғындап, қоғамның құбыжығына
айналса, ол әлбетте сол айнадағы өзінің кемтар келбетіне қарағысы келмейді. Баспасөзді оқымайды
дейтіндерді мен солай елестетемін. Қарап отырсақ, әр халықтың өзіне тән дәстүрі, болмысы бар.
Қасиетті қазақ ұлысы да өз әдемілігін түбегейлі жоғалтқан жоқ. Тәңірге тәубә, тіліміз аман, еліміз
тыныш. Сол ардақты да аяулы ана тілімізден нәр алған төл баспасөзіміздің орны әрдайым жүрек
төрінде, парасат тұғырында болуы қажет. Қазіргі таңда тілге жанашырлық танытып келе жатқан бірден-
бір сала осы баспасөз. Қоғамның сахнасынан баспасөз жоғалса, тіліміздің қолданыс аясы да тарылары
сөзсіз. Сондықтан рухани мәртебемізді асқақтату үшін бізге әлі де көп еңбектену қажет. Ал бұл жолда
біздің қаруымыз да, қалқанымыз да баспасөз екені даусыз.
Осыдан бір ғасыр әріде пайда болған қазақ басылымдарының ағартушылық маңызы күшті болса,
қазір де солай деуге болады. Демек заманға сай жан-жақты тұлға болып қалыптасуға үндеп, жаһандану
заманында бәсекеге қабілетті ұлт болудың маңызын жағы талмай насихаттап отырған қазақ
руханиятында орны бар басылымдар әлі күнге өз миссиясын атқарып келе жатыр деуге болады.
Дегенмен интернеттік сайттар қатты дамыған кезеңде газеттердің аз оқылатыны бар. Бірақ газет-
журналдар қате мәлімет кетіп қалса, дереу өзгерте салатын сайттар емес. Оған басылғанның бәрінде
жауапкершілік болады, қате кеткен жағдайда түзеуге мүмкіндік жоқ.
Ғалымдар газет пен кітаптан қарағанда компьютер мен ұялы телефоннан оқыған ақпаратты мидың
25%-ға кем қабылдайтынын айтады. Екіншіден, кітап пен газет оқыған адамның интеллектісі
оқымағаннан едәуір артық болатынын да ескертеді. Сіз өзіңіз кейінгі үш ғасырға көз жүгіртіңізші.
Газет-журнал шығып, ел жаппай оқи бастағанда өркениет пен ғылым қарыштап дамыды. XVIII ғасырда
елестете де алмаған дүние XIX ғасырда ғылыми айналымға түсті. Заттық кейпі пайда болды. Газет пен
журналдың, кітаптың руханияттан бөлек ғылым мен өркениетке не беретінін осыдан бағамдаңыз. Күшін
көріңіз. Біз енді қайтадан газет оқымайтын, журнал парақтамайтын, кітап ақтармайтын елге айналдық.
Екі көзіміз ұялы телефонда. Яғни біздің дамуымыз, ғылымымыз 25%-ға кемшін бола түсуде.
Ақпараттық технологияның дамуына орай журналистиканың да түрлері көбейді ғой. Бұрын ақпарат
құралдарының түрлеріне қарай газет-журнал, радио-тележурналистика деген түрлері болса, енді
интернеттің пайда болуына орай мультимедиялық журналистика дамуда. Ал олардың пәрменділігі
туралы айтсақ, мәселенің көтерілуі және оның шешімінің тиісті орындардан талап етілуі қай заманда да
ұқсас. Егер бұрында журналистер мемлекеттік дәрежедегі мәселелерді көтеру арқылы оның тез
шешілуіне ықпал жасап, қазіргі күнде ондай пәрменділік бәсеңдеп қалса, ол журналистиканың кінәсі
емес, ондай жағдайды жедел бақылауға алып, журналистер қозғаған проблеманы тексеріп, ақ-қарасын
ашуға асыға бермейтін заң орындарының салғырттығы деуге болар. Бұрын фельетонға іліккен мекеме
басшысы аман қалмайтын. Қазір бар кінәсі мойнына қойылған тұлғалардың өзі жеңіл жазамен құтылып
кетіп жатады. Бір сөзбен айтқанда, журналистиканың пәрменділігіне мемлекет мүдделі болмаса, одан
ештеңе шықпайды.
Алматы қаласы
“Абылай хан атындағы
Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері” университетінің 3 курс студенті Әсет Гұлнұр Ақарысқызы