Нашақорлықтың қауіпі мен есірткінің зияны
Нұрділла Асылжан
Нашақорлықтың қауіпі мен есірткінің зияны
- Нашақорлық пен есірткі қоғамдағы кең тараған дерт.
- Жасөспірімдер арасындағы нашақорлық.
- Есірткі мен нашақорлықтың алдын алу.
НАШАҚОРЛЫҚ – ІНДЕТ,АЛДЫН АЛУ – МІНДЕТ !
| Нашақорлық пен есірткі қоғамдағы кең тараған дерт
Нашақорлық-наркомания (грек тілінен narke – мелшию және manіa – ессіздік, құтырыну) – есірткі заттарға патологиялық дағдыланудың нәтижесінде пайда болатын созылмалы ауру.Әлемді жайлаған нашақорлық дерті күн сайын тамырын тереңге жайып барады. Бұл «жұқпалы ауруға» Қазақстан да шалдыққан. Ол уақыт өткен сайын асқынып бара жатыр деп айтуға болады. Оған әр түрлі себептері бар. Ең негізгісі – есірткі және психотроптық заттарға қол жетімділік. Осы орайда аса қажетті шара бұл заңнаманы күшейту. Халықаралық тәжірибе бүгінгі күні есірткімен күресуде қылмыстық шараларды қатаң қолдануды талап етеді. Ұлыбритания,Бельгия, Грекия, Ирландия, Канада, Франция және басқа да елдер осы қылмыстар үшін өмір бойы бас бостандығынан айыруды белгіледі. Есірткіні сатқаны үшін өлім жазасына кесу Иран, Қытай, Сингапур, АҚШ және Тайландзаңнамаларында көрсетілген.
Президент өзінің «Қазақстан -2030: Барлық Қазақстандықтардың әл-ауқатының артуы, қауіпсіздігі және хал-ахуалының жақсаруы» атты халыққа жолдаған жолдауында: “Есірткіні жеткізгені және таратқаны үшін қатаң жазалау қажет”деді.
|| Жасөспірімдер арасындағы нашақорлық
Әсіресе, қазіргі кезде жастар мен жеткіншектер арасындағы есірткі мәселесі аса күрделі мәселе болып отыр, бұл нәубеттің әрбір үйге, әрбір сыныпқа, әрбір отбасына енуі мүмкін – шұғыл қимылдау қажет. Статистикалық есептерде – бұл көрсеткіштер, ал адами тұрғыда – бұл тірі жандардың өмірі. Солардың әр қайсысына барлығымыз бірлесіп, педагогтар, дәрігерлер, ата-аналар және жеткіншектердің өздері де қолғабыс беруіміз керек. Жасөспірімдерге есірткінің зияны туралы айтылатын пайдалы жиындарды өткізу, құқықтық сауаттылығын арттыру арқылы олардың есірткіге тәуелді болмау жолдарының алдын алуға болады. Бүгінде қалалық білім ошақтарында түрлі семинар, дәрістермен дөңгелек үстел, сондай-ақ ата-аналардың қатысуымен түрлі шаралар ұйымдастыру дәстүрге айналған. Біз күш біріктірудің арқасында өскелең ұрпаққа оң ықпал етіп, салауатты болашақты қамтамасыз ететінімізге сенеміз.
||| Есірткі мен нашақорлықтың алдын алу
Елдегі есірткімен байланысты жағдайды жақсарту бойынша ауқымды жұмысты біз барлығымыз жұмыла атқаруымыз қажет. Сонда ғана біз оңтайлы нәтижелерге қол жеткізе аламыз. Қолдау болмаған жерде бір де бір іс табысты аяқталмайды. Күш-жігерімізді біріктіріп, елдегі қоғамдық есірткі иммунитетін құруға бағыттауымыз керек. Ең бастысы–есірткі бизнесіне және нашақорлыққа қарсы бірлесе отырып, күресуіміз қажет. Нашақорлыққа қарсы күрес жүргізу,оның алдын алу — біздің қолымызда.