ҚАЗАҚ ҺӘМ 4-ШІ ДУМА ТУРАЛЫ ТҮСІНІК
Қазақтың жері мен қым – қуат тірлігін сол аймақта мекен ететін жаннан артық ешкім білмейтіндігін алға тарта отыра, халқымыздың жай – күйі ұстағанның қолында, тістегеннің ауызында кететінін мәлім етіп, билікке ұмтылмаған жерлестеріне қарап налиды. Өз мақаласында Ахмет Байтұрсынұлы: «Орынборда тұрған қазақ азаматтары ішінде 163 Түркістан жағынан келген Қоңырқожа Қожықов бар, ақылдасып басқа жолмен қазақтан депутат болу жайын қарастырдық», – деп бұл мәселеге сайлау алды науқаны басталмай тұрып кіріскендерін, тіпті «ашық хат» жолдап, үгіт – насихат жұмыстарын жүргізгендігін айтады. Алайда, отаршыл саясаттың озбыр тірлігі бұл қадамдардың бәріне тосқауыл қойып, қазақтың жай – күйін дұрыс жеткізе алмаған. Тіпті, олардың өздеріне тән жобасы әзірленіп, жоспар бойынша «жер мәселесі турасында проектілер» қаралмақшы болғаны мәлім болды. Сан ғасырлар бойы найзаның ұшы, білектің күшімен қорғап келген, кең жазиралы жерімізден айырылуға қауіп төнгенін қарапайым халық тіпті дұрыс түсінбеген де болатын. Еліміздің әр пұшпақ жеріне жан ұшыра шырылдап, жаңа жобаға қарсылық танытқан азамат, тіпті бұл әрекеті үшін билік органдарынан омақаса таяқ жеп, қатаң жазаға ұшырағаны да тарихтан баршамызға белгілі. Қазақ деп шырылдап жүрген Ахмет Байтұрсынұлы өз халқының азаматтарының заңды білмеуі салдарынан сайлауға түсуге де қауқарсыз екендігін алға тартып, өз құқықтарын білмей жерінен айырылып қала ма деп қапа болады. Осылайша ол хал мүшкіл, жер мәселесі қозғалғанда қазақтардан азамат болмайды, олардың жағдайын түсіндіре алмайды деп дал болып, осы мақсатта ел азаматтарынан думаға депутаттыққа өкіл беруді өтінеді. Саясаттан терең хабары бар жан, бәрін заң аясында, тиісті талапқа сай орындағанымен, түйіткілді мәселе өз шешімін таппай тұрғандықтан, оны жалпақ жұртқа баспа бетінде жариялауды жөн көріп, аталмыш мақаласында барлық жайтты жайып салады. Қанша тырысса да қазақтан думаға депутат сайланбағанына іштей өкініш білдіріп, ашық наразылық танытып, әлі де болса қалың жұртты қалың ұйқыдан оятуға тырысады, саналарына сәуте түсіруді ойлайды. Мақала арқылы маңызды мәселелерді айналып өтпеуге шақырады. 1912 жылы жарияланған бұл жазба, өте құнды құжат есебінде. Себебі, бұл жерде саяси өмірге белсене араласқан адамдардың аты – жөні, сол заманның бейнесі және қазақ қоғамының тынысы жазылған.
Ел тәуелсіздігі мен халық билігі жат жұрттың қолында тұрған тұста мұндай мақала жариялап, мәлімдеме жасаудың өзі үлкен ерлік. Себебі, қаламнан төгілген әрбір сөз жіті бақылауда болып, арандатушылық, халық жауы, сатқындық деген тіркестерді арқалауға себеп болып, қиянат жасалатын уақытта, ешқандай жеке басына төнетін қауіпке қарамай, халқының көзін ашуға ұмтылған азаматтың бұл әрекеті расымен кез – келген жоғары мақтауға лайық!
Нугманова Аяжан
Ғылыми жетекшісі: фил.ғ.к.,доцент Р.С. Жақсылықбаева