Тұлғасыз ұлт-тұлдыр ұлт

 

 Ұлттың бүгінге дейінгі тарихы – оның ертеңгі тағдыры. Еліміз тәуелсіздігін жариялағалы міне, тура отыз үш жыл толып отыр. Тәуелсіздіктен кейін туылған жаңа бір ұрпақ та жетіліп үлгерді. Тарихымызды ұмытпай, болашағымызды бағдарлап,бүгінімізді саралап отыру әрқашан керек. Осы орайда, туған халқы үшін қалам қуатын, ой бұлағын аямаған, елдіктің тұғырын күзетіп, бостандығын аңсаған,«қазақ» деп шырылдаған дана да дара тұлғалардың орны ерекше.

         Тұлғасыз ұлт – тұлдыр ұлт.Өйткені тарихтағы ұлы сілкіністер-ұлы тебіреністен туады. Ал ұлы тебіреністер – ұлылардың ой толғанысы мен таным толқынысынан күш алады. Қоғамдағы күйзелістер мен буырқаныстардың тұсында тұлғалардың ақыл-ойы, рухани қуат-қайраты, қайраткерлік қабілеті мен мінезі ұлттың ұлт болып қалыптасуына негіз болды. Ұлттың келешектегі даму бағыты мен танымдық рухын,құрмет тұтар қадір-қасиетін,бақыты мен сорын сол сілкініс пен тебіреністердің шарпысқан шағындағы ұлылардың  адамға, ұлтқа, қоғамға деген тарихи көзқарасы, азаматтық тұлғасы, рух тазалығы нақтылады. Шырғалаңы мол шырмауық кезеңде қазақ ұлтының дербестігі, бостандығы, тәуелсіздігі, еркіндігі үшін күрескен Алаш қайраткерлерінің еңбегінің нәтижесі – бүгінгі таңдағы тәуелсіздік туы желбіреген Қазақстан Республикасының егемендігі деп білеміз.

        Қазақ баспасөзіне тарихтың біз біле бермейтін кей тұстарын ашық жазып,әділетсіздік белең алған уақытта, әділдікті көздеп, патша үкіметіне ұнамаса да,кеңестік идеологиға сәйкес келмесе де,өз өмірлерін бәйгеге тігіп,шындық үшін шырылдаған өр тұлғалардың есімі ел есінде. Сөз бастандығын, ой еркіндігін есепке алмағанда қазақ баспасөзінің шығуының өзі бір емес, бірнеше қиындықтан, қыл көпірден өтуді талап еткен уақытта да мойымай,қазақ ұлты үшін шырылдаған тұлғалардың негізгі түпкі міндеті-метрополияға кіріптар болған қазақ халқының саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына қалтқысыз қызмет ету еді. Елдік дамуды, ұлттың ұстанымдары мен құндылықтарын қорғауды алаштықтар елдің интеллектік әлеуетін көтеру арқылы жүзеге асыруды мұрат тұтқан болатын. Өздері жариялап отырған баспасөздің әр бетінде сол кезеңдегі кеңестік үкіметтің негізгі көздеген сасатының ащы шындығы жатқан болатын.

        Соның бірі ақпан революциясынан кейін қазақ зиялыларының үндеуінде көзделген істерді жүзеге асыру жолында, Атбасардағы елдің назарын, қазақ съезінің ұлт болашағы үшін маңызы зор оқиға екенін түсіндіру жолында көп еңбек еткенбілікті заңгер, Алашорданың көрнекті қайраткері – Сейілбек Жанайдаровтың «Қазақтың» 234-нші нөмірінде «Жүзі қаралар» деген мақалада жандарым мекемесінің тыңшысы Дүйсенбай Тұрановтың Омск квалицонный комитетке берген жауабындағы жалған пікірдің ащы шындығы үшін өз көзқарасын ашық жеткізген «Ашық хаты» сол уақыттағы көп дүниенің ақ пен қарасын ажыратты. Дүйсенбай Тұрановтың комитетке берген жауабы бойынша мекемеге тыңшы болып кіруге студент Сейілбек пен орыс жолдасы мәслихат беріпті.Көздеген мақсаты сонда өзінің басқан қате жолын жас студенттерге жабу арқылы құтылу ма әлде өзі әшкере болғанымен қоса басқаларды да бұлғап өзіне жолдас қылғысы келді ме белгісіз.Бірақ,ақиқаттың астарында айлалы әрекеттің жатқандығы белгілі. Егер Сейілбек Жанайдаров шынында да жүзі қараға жалған мәслихат беріп, насихат айтқан болса,тыншы мекемелерін жақтайтын жандардың қатарында деген сөз, сәйкесінше, жандарым қағаздарының ішінде Сейілбек Жанайдаровтың да өз пікірін жазған қағаздары табылуы тиіс еді. Бірақ, бұл ақпаратты растайтын бірде-бір дәлел табылмады. Яғни, жүзі қара Тұранов қанша жерден білікті заңгерге, өз елінің автономиясын құру жолында ерең еңбек еткен Алашорда қайраткеріне күйе жаққанымен де Сейілбек Жанайдаровтың жолдаған «Ашық хаты» арқылы ақ пен қараны анық ажырата аламыз.

       Кеңестік кезеңде айбынды Алаш қайраткерлері қазақ ұлтының санасын ояту үшін, сауатты қоғам құру үшін еңселерін көтеріп,күрессе,патша үкіметінің,кеңестік идеологиның мақсаты – сол бір қазақ ұлтының надандықтың шырмауында қамалып,көзі ашық, білікті де білімді тұлғаларды жала жабу арқылы,халық жауы ретінде елден алыстату еді.Мәселен,жүзі қара Тұрановтың да Сейілбек Жанайдаровты өзінің айлалы әрекетіне қосып,мекеме тыңшысы болуға үгіттеген кінәлі жан ретінде қарастырып, айыптауының астарында да сол уақыттағы саясаттың бір ұшы жатуы әбден мүмкін.

             Рухы күшті, «Ұлы өзегі таза», «Арбасқан алақұйын заманаларда» өзін-өзі қорғауға қабілетті ұлт – келешекке қол созған ұлт. Туған ұлтының,дүниедегі орыны үшін күресе білетін, ақыл-санасының, ішкі қайратының мүмкіндігін барынша көрсететін, сыртқы және ішкі ықпалға көнбейтін,тәуелсіз ой қорытып, шешім қабылдайтын қайраткерлердің тәрбиеленіп шығуы заңды әрі  тарихи қажеттілік.

 

Аружан БАЙЖАН,

Ғылыми жетекшісі:

фил.ғ.к., доцент Р.С. Жақсылықбаева

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *