Орал қазақтарының тілегі
Қазақ халқы Ресейдің отарында болса да, наразылықтарын еркін білдіріп, жеке құқықтарының сақталуын биліктен талап етіп отырған. Ол сауатты, оқыған азаматтардың арқасында іске асты. Аса маңызды мәндегі хаттарды бір топ адам халықтың атынан бірлесе жазып, Мемлекеттік Думада сөз сөйлейтін зиялы қоғам өкілдерінің арқасында өтініштерінің тікелей билікке жетуін қадағалаған. Сол жылдары Қазақстанның әр өңірі әртүрлі шиеленіскен мәселелермен өз бетінше күресіп жатты. Жағдаяттың ушығып, асқынып кеуі олардың тікелей билік өкілдерімен байланысуына алып келді.
Сондай белсенді аймақтардың бірі батыстағы Орал өңірі еді. Ұлы Даланың өзге өлкелері секілді мұнда да ана тілінің еленбей, соңғы орынға қойылуы, жердің жетіспеуі, орыс шаруаларының шектен тыс қоныстануы, өзге ұлт өкілдерімен сіңісіп өмір сүрудің қиындықтары, діни қысым, тағысын тағы өзге де мәселелер халықтың тұрмыс-тіршілігін қиындатып, әл-ауқатын едәуір төмендеткен еді.
Мақала авторлары асқан кішіпейілдік танытса да, әр сөзінің артынан шыдамсыздық пен шарасыздықтың лебі айқын байқалады. Қазақтың басына түскен ауыр күн біле білген адамға сол кездегі жүрегінде сәулесі бар әрбір жан үшіназаппен пара-пар еді.
Мақаланы оқу барысында 6 баптан тұратын тілегін астарламай, жалтақтамай, нақты әрі нық жаза білген авторлардың батылдығына, қайтпас қайсарлығына таң қаласың. «Қазақ» газетіне жарияланған бұл материал дүйім жұртқа жеткізгісі келген дүниесінің салмағымен ұтып тұр деп есептеймін. Сол жылдары газет бетіне жарияланатын мақалалардың өзекті, өткір, мәнді болуы шарт еді.
Бір ғана мақала сол дәуірдің түйіткілді мәселелерін қамти білді. Мақаланың тілі – қысқа да нұсқа, нақты да нық жазылған.
Сондай-ақ, мақаладағы бізге таңсық кейбір сөздерге тоқталмасақ болмас. Мысалы: фраксиа, хүкімет, уақиға, фақырлық, дүниялық, хұқымыз, ышколдар, мақұрым, т.б. сөздер халықтың енді-енді сауатын ашып келе жатқандығын білдіреді.
Қазақтардың тұрмыс-тіршілігінің барған сайын ауырлап, өмір сүруінің өзі бір мәселеге айналған заманда ата-бабамыз дипломатиялық жолмен келіссөзге келуге тырысты. Осы орайда халық пен биліктің арасында нағыз көпір бола білген баспасөздің қоғамдағы рөлі анағұрлым маңызды еді.
Ибрагим Мәдина,
Ғылыми жетекшісі:
фил.ғ.к., доцент Р.С. Жақсылықбаева