“Айқап” журналының “Ана” мақаласы
Ана
Халқымыздың әлеуметтік саяси өмірінен ғана емес, әдебиеті мен мәдениетінен ерекше орынға ие болған ол – ‘‘Айқап’’ журналы. Журнал демократиялық бағытты ұстанғанмен, еліміздің бетке ұстар азаматтары Шоқан Уалиханов, Ыбырай Алтынсарин мен Абай Құнанбаевтың ағартушылық идеялары мен публицистиканың қазақ халқының арасында дамуына үлкен үлес қосқан журнал. Журналдың бірден бір ерекшелігі: қазақ әйелдерінің қоғамдағы орны мен маңызына жан-жақты тоқталуында. Оған дәлел ретінде журнал бетінде жарық көрген ‘‘Ана’’ мақаласын алсақ болады.
Мақаланың авторы Би баласы қазақ пен Европа елдерінің арасындағы ‘‘Ана’’ образы жайлы сөз қозғайды. Автордың айтуынша Европа әйелі бала-шағаның қамы деп, еркектерден кем қалмай, жұмыс істеп үлгереді. Өзінің Һәм жетім қалған балаларының жұрт болу қамын қарастырады. Ал қазақ әйелдері үйдің ішіндегі ғана шаруашылық болмаса, сыртқы дүниеменен жұмысы болмайды, тек қана байдың тапқанын жеп-ішіп жата береді. Солай уақыт өтіп, байы дүниеден өткенде, дүниесіз қалып, жетім балалардың зарына шыдауға көнеді де, қиыншылықтан көз ашпайды. Ал Европа әйелдері табыс табудың бар жолын қарастырып, бар жауапкершілікті күйеуіне артпай, өзі де жұмыс бабына кірісе бастайды. Екі тараптың жалпы өмірлік қағидалары мен тәрбиесіне қарап, сыни көзқарас білдірсек, әрине Европа әйелдерінің болашақты ойлап, қадам жасағандары дұрыс. Бірақ, мен қашан да баланың анасымен бірге өсіп-өніп, ананың тәрбиесін алуын, аналық жылуды сезінуін қолдаймын. Айта кететін жайт, екі елдің менталитеті де, тәлім-тәрбиесі де, жалпы әлемге деген көзқарасы да әртүрлі. Сол себепті, бір-біріне мүлде ұқсамайтын екі менталитетті салыстыру орынсыз.
Дегенмен мақаланың түпкі мақсаты, қазақ әйелдерінің жесір қалғанымен, дүниеге қол жеткізбегенімен ұлын ұяға, қызын қияға қондыра білгенін және аналық махаббаттың тек дүниемен берілмейтінін жеткізу. Ана деген сөз үш-ақ әріптен тұрғанымен, біздің әрқайсысымызға сондай жылы, сондай жағымды естеліктер мен сәттерді еске түсіреді. Оның құндылығын, қазақ аналарының бірінші орынға материалдық құндылықтарды емес, өз ұрпағын қойғанын түсіну, ұғыну-міне, автордың бізге жеткізгісі келгені осы.
Қазақ әйелдерінен осы уақытқа дейін батыр да, хан да, би де, патша да дүниеге келді. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен қазақ әйелдері қашан да сый-құрметке лайықты. Олардың берген тәрбиесі,өнегесі, махаббаты мен аналық жылулығы ешқандай материалдық құндылықтармен тең келмейді. Әлемде ақшаға сатып алынбайтын дүниелердің бірі: ананың қөңілі. Сол себепті, ана сөзінің қандай мән-мағынаға ие екенін ұғыну-біздің міндет.
Журналистика факультетінің 1 курс студенті Вахапова Аружан
Жетекшісі: фил.ғ.к., доцент: Р.СЖақсылықбаева