Сән әлемі 2024
2024 жылғы сән үлгісі
ХХ ғасырда сән әлемі қатты дамыды. Бірақ бұрынғы сән үлгілері де қайта оралып, трендке айналып жатады. Сондай-ақ бұл кезеңде адамдар сәнді қуып қоймай, үйлесімді және ыңғайлы киімге де бет бұра бастады.Соның өзін сәнге айналдыра білді. Танымал дизайнер Айда Қауменованың айтуынша, адам әр жылғы сәнді қуаламау керек.
“Әр адамның стилі бар, өзіне не жарасымды екенін біледі. Биыл мынау модада, келесі жылы анау модада деп киінуге болмайды. Өйткені әр жылдың тренді болғанымен, адам өзіне не жарасымды екенін жақсы білу керек. Менің ойымша, сән деген ұғым тренд немесе бренд киімдерді киюде ғана емес, талғаммен киіне білуде. Егер сәнді болып көрінгіңіз келсе, жарасымды киіне біліңіз”, – дейді Қауменова.
Биыл әлемдік дизайнерлер қатып қалған қағидаға сүйенбей, адамға жайлылық пен үйлесімділікке ден қойыпты.
Ежелгі дәуірден келе жатқан былғары киімдер күні қазірге дейін өзінің бағасын төмендеткен емес. 2024 жылы да былғарыдан тігілген киімдер трендте болады. Әлемдік дизайнерлер ұлу жылы жұмсақ былғарыны белсенді түрде қолданатын болады. Сондай-ақ шашақты киім сәнге айналады. Ал ешқашан сәннен түспеген джинсы матасы бар киімдер де биылғы сәннің төрінде болады. Жаңа сән маусымында трикотаж бен тоқыма киімдер іздеп жүріп сатып алатын киімдер қатарына кіреді. Өйткені әлемдік дизайнерлер бұндай киімдердің модаға айналатынын айтады. Дизайнелердің айтуынша, трикотаж бен былғары үйлесімді тұрады. Қысқасы биыл қыста сәнқой болып көрінгіңіз келсе, былғары киімдер: былғары етік, қолғап, бас киімдеріңіз, жүннен тоқылған киімдеріңіз міндетті түрде болсын.
Қазақстандық “Ainur Turisbek” брендінің негізін қалаушы әрі дизайнер Айнұр Тұрысбек өз коллекциясын сән әлемі дамыған Франция, Милан, Италия, Монте-Карло және басқа да елдерде көрсетіп келеді.
“Қай коллекцияда болсын міндетті түрде адамның еркіндігін негізге аламыз. Ең бастысы матаға назар аударамыз, табиғи маталардан жасалынады. Жыл сайын креативті экономикаға назар аударылып келеді. Болашақта қазақстандық дизайнерлер сән әлемінде үлкен жзетістіктерге қол жеткізетініне сенімдімін”, – дейді Айнұр Тұрысбек.