Жаңашылдыққа ұмтылу – білім берудің негізгі мақсаты
Жаңашылдыққа ұмтылу – білім берудің негізгі мақсаты
Дюсебаева Айнагуль Оналбаевна
Жаңа ғасырда білім беру парагдимасы өзгеріп, білім берудің мазмұны жаңарды, білім беруге деген жаңа көзқарас, жаңаша қарым-қатынас пайда болды. Білім беру жүйесінде жүріп жатқан көптеген өзгерістер сан түрлі бастамалар мен түрлендірулерге кеңінен жол аша отырып, тәрбие мен білім беру ісін жоғары деңгейге көтеруді қажет етеді.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологиясы мен инновациялық әдіс-тәсілдерді енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу»,- деп білім беру жүйесін одан әрі дамыту міндеттері атап көрсетілген.
Бүкіл жер бетінде білім беру жүйелерінің келешек ұрпаққа қандай білім беретіні туралы мәселе қайта қаралуда. Осы мәселе аясында «Балалар ХХІ ғасырда табысты болу үшін нені үйрену керек?» және «Оқытудың тиімді әдістері қандай?» деген секілді көптеген сұрақтар туындайды. Бұл сауалдар оқу бағдарламасымен және оқу бағдарламасын жүзеге асыруда пайдаланылатын педагогикалық тәсілдермен тығыз байланысты. Қазіргі кезде оқу бағдарламасындағы ұлттық стандарттарға, бағалауға, оқулықтар мен оқыту әдістеріне қатысты білім беру саласындағы өзекті құндылықтар мен мақсаттар мектеп білім алушыларының жалпы үлгерімін арттыруды, сондай-ақ инновация мен көшбасшылықты енгізу үшін талап етілетін дағдыларды дамытуды, іске асыруды және ауқымды халықаралық тәжірибемен өзара әрекеттесуді көздейді. Жаңартылған оқу бағддарламасы мен бағалау жүйесін енгізу аталған міндеттерді шешу үшін қабылданған шаралардың бірі болып табылады.
Оқу бағдарламалары мен оқу жоспарлары белгілі бір пән және сынып аясында білім алушылардың нені оқып, нені үйрену қажет екендігін айқындау үшін қолданылады. Сонымен қатар, жекеленген пәнді оқыту мазмұнына қысқаша шолу ұсына отырып, бұл құжаттар мүдделі талаптарға оқушылардың белгілі сынып аясында оқу бағдарламасы бойынша жалпы түсінік алуына, белгілі бір сыныпта оқушылардың қандай білім, білік, тәжірибе жинақтайтынын анықтауға мүмкіндік береді. Мұғалім әрбір кезеңде қолданатын оқыту үлгілеріне (жеке, жұптық, топтық, бүкіл сыныптық), оқытудың әдіс-тәсілдеріне мән беруі керек, себебі белсенді сабақта мұғалім мен білім алушының атқаратын қызметі мен іс-әрекеттерінде үлкен өзгеріс бар; сабақты жоспарлағанда мұғалім педагогикалық іс-әрекетінің мазмұнын анық көрсетеді, яғни өзінің және білім алушыларының орындайтын әрекеттерін ашып көрсетеді. Белсенді сабақта білім алушылардың әрекеті танымдық, коммуникативтік және өзін-өзі басқару тұрғысында көрініс табады. Оқу мақсаттары нені оқып-білу және нені бағалай алу керектігін көрсетеді. Егер нәтижесінде неге қол жеткізуіміз керектігін білмесек, оқу мен оқытудың табыстылығын бағалау да мүмкін емес. Бағалау критерийлері оқу мақсатына жетуге бағытталған қадамдар ретінде қарастырылады. Бағалау критерийлерін нақты анықтамай қалыптастырушы бағалауды тиімді жүргізу мүмкін емес. Сабақтың әдістемелік жобасын құру барысында мұғалім белсенді оқу әдістерін ұтымды қолдану арқылы оқу мақсаттарының орындалуына барынша қол жеткізуді ұстанады. Мұнда оқу-танымдық үдерістердің табыстылығына әсер ететін ынталандыру, жағымды психологиялық орта орнату, білім алушылардың жеке және жас ерекшеліктерін ескеру сияқты маңызды мәселелерді басты назарға алу керек.
Қорыта айтқанда, сабақта тиімді әдіс-тәсілдерді тиімді қолдансақ, баланың танымдық белсенділігін арттыруға, өз бетінше білім алып, шығармашылық, зерттеушілік қабілеттерінің қалыптастыруға ықпал етеміз. Білім алушылар бойына мейірімділік, бір-біріне деген сенімділік қасиеттерін ұялата аламыз, себебі олар топпен жұмыс жасағанда бірлесіп жасауға үйренеді, білімнің тереңдігі, әрі тиянақтылығы артады. Міржақып Дулатовтың «Жалғыз сүйеніш, жалғыз үміт-оқуда. Теңдікке жетсек те, жұрттығымызды сақтасақ та, дүниедегі сыбағалы орнымызды алсақ та, бір ғана оқудың арқасында аламыз. Жақсылыққа бастайтын жарқын жұлдыз-оқу. Надан жұрттың күні –қараң, келешегі –тұман» деген сөздерімен аяқтағым келіп отыр. ХХІ ғасыр-ғылым ғасыры. Мақсатты білім беру-тұлға дамуын жүзеге асыратын мәселе. Ал осы жалпыеуропалық стандартқа сай жаңа білім беру-жеке тұлғаның жан-жақты дамуына әкелетін бірден-бір жол!