Қазіргі тіл мәселесі.
Тіл — халықтың ең асыл мұрасы, ең құнды қазынасы десек, қателеспейміз. Өйткені, ол халықтың тынысы, ерекшелігі, ұлттың бар екендігінің тайға таңба басқандай айқын дәлелі.
Қазіргі заманғы Қазақстан дамудың үлкен белестеріне шығып, біраз елге өз атын танытып үлгерді. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсада, біздің мемлекетімізде айтылса да, санаға кірмей жатқан мәселелер баршылық. Мейлі ол экономикалық немесе экологиялық мәселелер болсын, мейлі ол мәдениет пен саяси мәселелер болсын, мейлі ол рухани немесе материалдық мәселе болсын, ол тек жоғары жақ шешетін проблемалар емес, ол — халықтың бәріне ортақ проблема.
Солардың бірі ретінде, теледидарларда, газет-журналдарда, не болмаса жылына бір ұйымдастыратын кезекті ісшараларда ғана қозғалып, сосын ұмытылып кететін, қоғамға судай сіңіп, басымызға балғамен ұрып жатса кірмейтін тіл мәселесін қозғағым келеді.
Тіл — ұлттың ең асыл қазынасы, еркіндігі мен азаттығының белгісі. Мемлекеттің символы. Алайда, зерттеулерге сүйенсек, 2 аптада жер бетінен бір тіл жойылып кететін көрінеді. Ал, тілмен бірге түгел ұлт та жоғалтаты анық. Жалпы, тілдің жойылуына не түрткі болады? Сол ұлттың өзге тілде сөйлеуі ме, ресми жиындар басқа тілде өтетіні ме, әлде, халықтың өз тілін құрметтемеуі ме? Бұның бәрі елдің бұл мәселеге немқұрайлы қарап, бұған тосқауыл қоя алмауында. Өз тілін жоғалтып алған елдердің қатарына біз де қосылып бара жатқандаймыз.
Алаш арыстарының ерлігін бір еске алайықшы. Саяси-әлеуметтік бостандықтың бастауы, ана тіліміздің азаттығы үшін күрескен қайраткерлеріміздің жанқияр ерлігі ел есінде. 1905 жылы Әлихан Бөкейхановтың қазақ тіліне бостандық берілуін талап еткені бәрімізге мәлім. 1989 жылдың 22 қыркүйегінде еліміздің тарихында тұңғыш рет қазақ тілі мемлекеттік мәртебесін алды. Ал тәуелсіздік орнағаннан кейін, Конституциямыз қабылданғанда, 1997 жылғы «Тіл туралы» заң бекітілді. Қаншама жетістікке жеттік, қаншама адам қазақ тіліне бет бұрды. Білім, бұқаралық ақпарат құралдары, мәдениет, өнер, экономика, ғылым мен саясатта да елеулі өзгерістер байқалды. Қазақ мектептерінің саны артты. Алайда, қазіргі таңда соншама қиындықпен келген қасиетті тілімізді аяқ асты етіп жүргендер қаншама.
Өз туған жерінде тұрып, өзге ұлттың тіліне тәуелділер біздей-ақ болар. Қарап тұрсақ, өз тілін бұрмалап, өзгертіп, аралас құралас қылып, санасынан өшіріп бара жатқан жалғыз халық ол — біз. Бізден басқасының бәрі тек өз тілінде сөйлейді, сөзінің жартысына біз сияқты ешкім өзге ұлттың тілін араластырмайды. Бізден басқа ешбір ұлт өз тілін ұмытып бара жатқан жоқ. Қаймағы бұзылмаған халқымыздың қазақтығын қазақтың өзі құртып бара жатыр. Әсіресе жастар. Даму барысында негізгі рөл жастарға артыларын ескерсек, сол жастар өз елінің ертеңін отқа тастап, ел болашағының күлге айналуына жол беріп қана қоймай, өздері де соған атсалысуда.
Өрнегін салған өткен күндерімізге көз жүгіртсек, ата-бабаларымыз бір ауыз сөзбен мыңдаған жау қайтарған шешен болғаны тарих беттерінде алтын әріптермен жазылған. «Малым жанымның, жаным арымның садағасы» деп ұран еткен атам қайран қазағымның ізгі сөздері мен қасиеттерінің шаңы да қалмаған сияқты.
Қазірде бәсекеге қабілетті болу үшін әрине орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгергеніміз жөн. Бірақ, біздің кешірілмес қатеміз, өзгені біліп, өзіміздің байлығымызды қадірлемеуіміз. Өзге ұлтқа мазақ болып жүрген біз ғана. Оданда намысқа тиетіндігі — сол мәселені шыбын шаққан құрлы көрмейтініміз. Ұлтымыздың санасының таяздығын осыдан-ақ көреміз. Өзіміз өз білегімізге кісен тағып, тұңғиыққа тастап жібергендейміз. «Ой, үйреніп кеттік қой енді» деп қол сілтей саламыз. Міне, біздің түбі жоқ тереңге құлап бара жатқанымыздың дәлелі. Сол жерден шығайын деп қанат жайып, тек қазақша сөйлегенді күлкіге қалдырып, қанатын сындырып жатырмыз. Тіпті, біреу келіп «сәлем» десе, құлағымызға ерсі естіліп немесе жәй мазақ етіп тұрғандай көрінеді. Көпке топырақ шашудан аулақпын, бірақ, бұл өтірік деп, жоққа шығарып тастай алмай отырмыз.
Өзімізде байқамай, күн сайын қанша рет қазақшамызды бұрмалайтынымыз белгілі. Бұның тіліміз бен өмірімізге сіңісіп кеткені соншалық, басқа тілде сөйлемей, өз туған тілімізде ойымызды жеткізуден қиналып қалатынымызды көріп жүрміз. Азаматтарымыз өзге тілде сөйлесе де, ең болмаса өз тілін жетік білсе, құрметтесе жаман ба? Ал өз тілінде сөйлейтіндеріміз, орыстың сөзін қоспай, ана тілімізді дәріптеу, сақтау, келер ұрпаққа жеткізу тақиямызға тар келмесі анық.
«Ел боламын десең, бесігінді түзе» демекші, қазақ тілін үйретуді үйдегі қабырғасы әлі қатпаған, орысша шүлдірлеп тұрған бүлдіршіндерден бастау керек. Тәрбие отбасынан басталады. Ең алдымен, ата-анасы қазақша сайрап тұрса, бала да өз тілін құрметтеуге үйренеді. Қазақ сыныбында оқысын, басқа тіл мен ғылым-білімді меңгерсін, түп тамыры мен тарихын ұмытпасын. Ұялмай, «Мен қазақпын» деп кеуде қағатындай болсақ, елдігіміздің белгісі. Тұғыры биік, тамыры берік бәйтерегіміздің түбіне өз қолымызбен балта шапқанша, соны қорғау кезінде сол балтадан өз басымыз кеткені ар алдында да, ел алдында да үлкен абырой деп санаймын.
Қазақтың қазақтығы саусағымыздың арасынан құмдай сусып бара жатыр. Көп түкірсе көл демекші, осы 20 млн халқымыз бұл мәселеге немқұрайлы қарамаса, біз өз тілімізді сақтап қала аламыз. Тіл — ұлттың тамыры. Болашақтың іргетасын қалау үшін, халқымыз айрандай ұйып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарса, өзіміздің ең басты құндылығымызды жоғалтпасымыз анық. Тереземіз тең, керегеміз кең ел болуымыз өз қолымызда. Егер біз тілімізді ұмытсақ, бұл біздің ғана емес, келер ұрпақтың да бойы мен болашағына жағылған қара күйе болады. Көкірегімізде «қазақ» деп жалындап тұрған алауды алдымен өзгеге емес, өзімізге өшіруге жол бермейікші. Себебі, тіл ұмытылса, халықтың да өлгені емеспе?
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718