БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ МЕДИАЦИЯ ҚЫЗМЕТІ

          Медиация– дауларды реттеудің, бейтарап, әділ, баламалы әдісі. Медиация – тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиатордың жәрдемдесуімен дауды реттеу рәсімі.

          Медиатор – дау-дамайдың немесе қаралатын істің қатысушыларын бір келісімге келуіне, дауды реттеуге, оң шешім қабылдау шараларын назарда ұстап,  дауды кикілжінсіз шешетін үшінші тарап.

          Ерекшелігі:

  • «Кінәлілер» мен «кінәсіздер» деген тарап болмайды, яғни бұл жазалауды емес, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қалпына келтіру.
  • Туындаған кикілжіңді құқық қорғау органдарына жүгінуге жеткізбеу және жасөспірімдердің дене жарақатына барудың алдын алу;

Медиация жүргізілетін қағидалар:

  • Еріктілік
  • Құпиялық
  • Сыйласушылық
  • Тең құқылық
  • Әділдік
  • Ашықтық

 Медиаторға қойылатын талаптар:

  • Медиатор – жасы 25-тен асқан азамат жоғарғы білімді азамат.
  • Тәуелсіз, істің нәтижесіне мүдделі емес, екі тараптың келісімі бойынша таңдалған жек тұлға.
  • Кәсіпқой медиатор болу қажет.
  • Медиаторлар даярлау курсынан өткен, арнайы құжаты (сертификаты) бар тұлға.

          Мемлекетімізде 2011 жылы «Медиация» туралы заң қабылданған және 5 тамыз Республикалық «Медиация» күні.

          Мектептің медиация қызметі – маңызды әлеуметтік инновация. Мектеп – бұл түрлі адамдардың басым бөлігі біріктірілген ауқымды механизм. Мектептік білім беру жүйесіне қатысушының бәрінің, соның ішінде оқушылардың, олардың ата-аналары мен педагогтердің мінезі, темпераменті, әлеуметтік жағдайы әртүрлі және түрлі мәселе бойынша ұстанымы да әр алуан. Жанжалдан қашып құтыла алмайсың, мектептегі жанжал түрі де көп. Кейде дауды шешу үшін үшінші тараптар тартылуы мүмкін, сонда кішкене ұрсыстың өзі жанжалға айналуы мүмкін, оның салдары да жағымсыз. Осындай жағымсыз жағдайларды азайтуға мектептің медиация қызметі көмектеседі. 

          Оқушылар арасында түрлі дау-жанжалдар, әлімжеттік жасау, ақша сұрау, біреудің нәрсесін тартып алу, келеке қылу, айналасындағы оқушыны шеттету мектептердегі кездесетін құқық бұзушылықтың түрлері. Сондай-ақ, топтасып төбелесу, қару қолдану сияқты ауыр қылмыстық жағдайларда бар. Сонымен бірге, ата-ана мен ұстаз, ата-ана мен бала, ұстаз бен бала арасында түрлі дәрежедегі дау-дамай, жанжал мәселелерінде бар. Бұлардың біразы полиция, сот алдына баратын жағдайлар болады.

          Мектептердегі балаларға қатысты зорлық-зомбылық проблемаларын қазақстандық зерттеу нәтижелері бойынша балалардың 66% – ы мектептегі зорлық-зомбылық пен кемсітушілікке (психологиялық, физикалық зорлық-зомбылық, бопсалау, жыныстық сипаттағы қорлау мен қысымшылық, кибербуллинг және кемсітушілік) тап болды. Сонымен бірге балалардың 63% – ы зорлық-зомбылық пен кемсітушілікке куә болды, 44% – ы құрбан болды, 24% – ы мектептегі басқа балаларға қатысты зорлық-зомбылық пен кемсітушілік әрекеттерін жасады. Мектептегі зорлық-зомбылыққа куә болған балалардың үштен бірі (33%) оқиға туралы ешкімге айтпады.

          Көбіне мектептердегі даулы мәселелер белгі болып, ақпарат құралдарында жарияланып, оған түрлі пікірлер айтылып дұрыс шешілуден гөрі ушығып бір-бірін кінәлап кектену, өшігу, ушығу дәрежесіне жетеді. Соңы қайғылы жағдайларға да апаруы мүмкін. Ал медиация дауды бейбіт, бітімгершілікпен шешуге жағдай жасайды. Кімнің де өмір деректерінде сотты болған, сотталған  атағының болмауы керек.

          Медиатор – бұл әділ сот орнату қағидатын іске асыратын адам. Ол жанжалдасушы тараптың бәрін тыңдап, әркімнің пікірін қабылдап, психологиялық қолдау көрсетеді, мәмілеге келтіреді және нәтижесінде татуластыру іс-шараларын ұйымдастырады.

          Мектеп медиациясы мақсаты– оқушыларға бейбіт жолмен жанжалдарды шешуге үйрету, балалар өздерін құрметтеуге, басқаларды бағалауға, өз іс-әрекеттеріне жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу. Сонымен қатар, мейірімді болуға, өз ұстанымын негіздеуге, өз пікірін айтуға және қабылданған шешімдерге жауапты болуға көмектеседі.

          Мектептегі медиация қызметі:

  • оқушылар мен педагогтер тап болған жанжалды және даулы сәттерді азайтады;
  • білім алушылардың агрессивті және қоғамға жат қылық танытуын төмендетеді;
  • оқу орнындағы психологиялық жағдайды жақсартады;
  • құқық бұзушылықтар санын қысқартады;
  • педагогтер мен ата-аналардың, балалардың құқығы мен мүддесін қорғау саласындағы білімін арттырады;
  • қауіпсіз кеңістік (орта) қалыптастырады;
  • заңға қайшы іс-әрекеттер мен өмірлік қиын жағдайлардан аман-сау, адамгершілікті сақтап шығады;
  • мектеп қабырғасындағы дауларды әділ шешіммен, сыртқы ортаға шығармай шешеді.

          Мектептің медиациясын құрудың кезеңдері:

 1) Бастамашыл топ құру. Оған психологиялық-педагогикалық қызмет жұмыскерлері, мұғалімдер, білім алушылардың өзі, сондай-ақ олардың ата-аналары мүше бола алады.

 2) Медиацияның қағидаттарын түсіндіру керек. Отбасы, мектеп арасындағы дау мен жанжалды реттеудің конструктивті әдісі мен бейбіт жолының артықшылықтары туралы түсіндіру.

3) Кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі барлық жауапты органдармен, сондай-ақ мектеп кеңесімен, ата-аналар комитетімен, қамқоршылық кеңеспен қызметті мақұлдау.

4) Мектеп медиация қызметінің жұмыс жоспарын әзірлеп, педкеңесте мақұлдап, бұйрықпен бекіту.

          Мектеп медиаторлары даудың бастапқы кезеңінде алдын алып, оның ары қарай ауыр қылмыстарға дейін өршуіне жол бермейді. Себебі дауласушы тараптар медиатрдың көмегіне жүгіне отырып, оның шешімін өз еріктерімен орындауға мүдделі болады.

          Медиация қызметіне жүгінгеде бірінші кезекте кездесуін өткізіп, жанжалдың нақты себептерін анықтау, екі тарап үшін де жағдайдың салдары қандай, жағдайды қалай шешуге болады, мұны қайталамау үшін қалай жасауға болады, қажет болған жағдайда зиянды өтеу және тараптарды әлеуметтік-психологиялық оңалту қажет.  Әдетте, тараптар өздерінің эмоциялары мен сезімдерін білдіріп, айтылған ренжітетін сөздерді талдағаннан кейін, балалар өздерінің қателескендерін түсінеді.

          Мектеп медиация талаптары:

әр адам өз пікірін айтуға құқылы болғандықтан, сөйлейтін адамның сөзін бөлуге болмайды. Сөз әр қатысушыға беріледі;

кездесуде ант беруден және қорлаудан аулақ болу керек;

кездесуден кейін өсек-аяң болмас үшін, кездесуде болып жатқан оқиғалар туралы барлық ақпарат жария етілмейді;

кез келген уақытта кездесуді тоқтатыла алынады.

          Балаларға медиация не үшін қажет?

  • Құрдастарымен және ересектер арасында сау қарым-қатынас жасау;
  • Жанжалды бейбіт жолмен шешу;
  • Балалардың қиын жағдайдан өздері шыға алуы үшін оларға жанжалдарды шешуге тең дәрежеде қатысуға, олардың пікірлерін тыңдауға мүмкіндік беру;
  • Жасөспірімдердің агрессия деңгейін төмендету;
  • Даулар мен қақтығыстарды ауыр зардаптарға әкелмей шешуге болатынын түсіндіру;
  • Басқаларды күшпен емес, сөзбен сендіру;
  • Жауапкершілікті және мәдениетті болуды үйрету.

          Құқық бұзушылықтан зардап шеккен оқушыларға өздерін қауіпсіз сезініп, әділеттілікпен қалпына келтіру және басқа балалар тарапынан дұшпандық пен қауіп жоқ екенін сезіндіру. Тарап бір-бірін түсінуге, татуласуға, өкінуге, келтірілген зиянның орнын толтыруға, кешірім сұрауға және кешірім сөздерін естуге, өз ісінің себептерін түсінуге және болашақта басқа адамдарға зиян тигізбеу үшін не істеу керектігін түсінуге мүмкіндік береді.

          Құқық бұзушы балаларға қалпына келтіру бағдарламасы өзін “бұзақылар” немесе ересектер әрдайым бақытсыз адамдар сияқты сезінбеуге, балалармен, ата-аналармен және тәрбиешілермен жақсы қарым-қатынасты қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

          Мектеп оқушылары арасында медиация қызметін дамыту үшін оқушылардың арасында мықты көшбасшы бастаған “команда” құру  емес, сыныптастарды түсінетін және қолдайтын шағын қоғамдастық, жасөспірімдер бір-бірінің мәселелерін көріп, мүмкіндігінше оларды шешуге көмектесетін қауымдастық құру.

          Қазақстан көп ұлтты мемлекет. 1995 жылы 16 қарашада «Толеранттылық принциптерінің Декларациясында» білім беру саласында толеранттылық идеясын насихаттауға басымдық берілген. Сонымен қатар, «Білім туралы» Заңында  қазақстандық патриотизмге, толеранттылыққа, биiк мәдениетке, адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге тәрбиелеу отандық білім беру жүйесінің негізгі міндеттері ретінде көрсетіледі.

          Білім беру ұйымындағы этномедиация мақсаты: ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетінің негізі болып табылатын оқушыларда этносаралық толеранттылықты қалыптастыру, түрлі этникалық топтар арасында бейбіт қарым — қатынас орнату.  Білім беру үдерісінде  тұрақтылық пен бейбітшілікті, ұлтаралық келісімді сақтай білуге тәрбиелеу.

          Этномедиация – жеке адамдар немесе адамдар топтары қатыса алатын ұлтаралық қайшылықтардан туындаған қақтығыстарды шешу тәсілі.

          Этномедиация – жеке тұлғаның өзіндік айырмашығы, ерекшелігіне сыйластықпен қарау, өзге сенімдегі, көзқарастағы, әрекеттегі кісілердің таңдау құқын және жергілікті халықтың өзіндік ерекшелігі құрметтеу, басқа халықтарды түсіну және қабылдау, зорлық-зомбылықтан бас тарту, қақтығыстарды өзара сұхбат пен келісім арқылы шешу жолын қарастыру, зорлық күшке жүгінбеу, дөрекі, не мәдениетсіз амалдарды қолданбау, кешірімшіл және жанашыр болу. Әлеуметтік, діни, жыныстық, саяси, этникалық аспектілерді сақтау қажет.

          Қорыта айтқанда, Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де білікті, алғыр әрі  жалынды жастар қолында. Тәуелсіз еліміздің іргесін нығайту жолында жас ұрпақты заманға сай қалыптастыру, рухани және адами қасиеттерді орнықтыру қажетпіз.

                                                                                                           Шымкент қаласы,

№135 жалпы орта білім беретін мектебінің

құқық негіздері пәні мұғалімі 

Абдраимова Акдидар Нальжановна

 

 

 

 

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *