О. Бөкейдің «Мұзтау» шығармасындағы адам мен табиғат бейнесі, тілдік ерекшелігі

О. Бөкейдің «Кісікиік» атты повесі алғаш рет «Мұзтау» деген атпен 1974 жылы жарияланды. Жазушының бұл шығармасы өз кезінде әдеби ортада көп сыналды. Дегенмен шығарманың терең астары жоғары бағаланды. Әдебиетші Ж. Қорғасбек «Мұзтаудың» Шыңғыс ханды қазақ деп бірінші атаған Асан шалдың өтірігі арқылы тарихты өтірік әңгіме етіп, соцреализм идеясын постмодернизм үлгісімен оп-оңай айналып өткенін айтады [1].

Жазушы осы шығармасын «Соңғы ертек» деп атағаны, осы кітабы алғаш жарыққа шыққан кезде өз қолымен «Әке, барым да осы, нарым да осы» деп жазғаны жазушының қаламдас достарының естеліктерінен белгілі [1].

Мақаладағы мақсатымыз – адам мен табиғат байланысын суреттеудегі жазушының қолданған тілдік бірліктері мен қазақи ұлттық әлем бейнесін сомдайтын тілдік бірліктерге этнолингвистикалық талдау жасау. Жазушының ерекшелігін, жеке қолтаңбасын көрсететін сөздік қолданыстарын анықтау.

Жазушы Оралхан Бөкейдің «Мұзтау» повесінде ұлттық әлем бейнесін сипаттайтын этнолингвистикалық элементтер авторлық тілдік қолданыстарды шебер пайдалану арқылы астарлы да анық сипаттамалармен көркемделген. Шығарманың басталуынан-ақ автордың Аршалы ауылымен қазақ жерінің тұйықталатынын айта келіп, оқырман назарын бірден қазақ жері деген ұғымға, Қазақия деген сөзге аударады.

Қазақтың жері кең-байтақ, бірнеше ұсақ мемлекет сыйып кетеді деп көп естиді, бірақ Аршалыдан басқа ауыл көрмеген жігіт үшін бәрі тұманды, бәрі жұмбақ [2].

Туған ауылының түтіні де ыстық екендігін көрсеткен жазушы туған ел, туған жер, туған ауыл, туған мекен деген ұғымдарды бірнеше рет қайталап қолдану арқылы, оқиға екпіндегі ойды осы түсінікке тірейді. Ал адамдары жоқ, тек орны ғана қалған ауылды жазушы «жетім ауыл» деген эпитет пен «жұртынан айырылған жұтаған ел» деген теңеу арқылы білдірген. Мысалы,

Ақбұлақ деп аталатын өзенді қуалай тау ішіне қуыстап кетер жалғыз аяқ сүрлеуге түссеңіз, адастырмай сол жетім ауылға жетелеп өзі-ақ алып барады [2, б. 2].

Жазушы Аршалы ауылы мен оның тұрғындарын, өткені мен ертеңгі беймәлім болашағын суреттей келе, әр шаңырақтың өз тарихы бар екендігін, қазақтың басы торқалы той мен топырақты өлімде бірігетінін айтып өтеді. Жас сәбидің дүниеге келу қуанышында атқарылатын азан шақыру мен қазақтың қонақжайлылығын суреттейтін «маздап жанған ошағы» автор тарапынан ол жіктеу есімдігін қайталау арқылы оқырманның назарын аудартып, санамалап береді. Бұл қасиет те қазақ халқының ұлттық дүние бейнесін бейнелейтін, өзгелерден даралайтын сипаттарының бірі болып табылады.  

Ақыр аяғы суайт Асанның лашығына дейін өз шежіресі өзінде, текті там. Ол үйде торқалы той, топырақты өлім болған; ол үйде жас сәби дүниеге келіп, азан шақырылып ат қойылған, ол үйде ошақта от маздап жанған, будақ-будақ түтін шыққан [2, б. 5].

Жазушы ауылдағы ер адамдардың барлығының соғысқа кетіп, қайтып оралмағанын, ауылдың қай тұсына қарасаң да тек жаулықтыларды ғана көретінін, тіпті соған орай ауылдың «Қатынды қала» атауына ие болғанын, ауылдағы ақсақалдардың соңғы көзі Асан шал дүниеден өтсе ауылдың ертегісі де, аңызы да қоса бітетіндей көрінетінін, ауыл әйелдерінің өз күйеулерін қатты құрметтегенін шебер бейнелейді. Тіпті Зибаш деген әйелдің күйеуін қолтығына қысып алып жүре беретіндей «күйкентайдай ғана, тәпене адам» болса да, Зибаштың оны «алпамсадай арысым, арманда кеттің-ау» деп зар жылап, жоқтағанын суреттейді.  

Көбісі тұлыпқа боздаған боз інгендей қара қағаз ұстап, албатыға лағып та кетіп жүрді. Бір кереметі, осы ерлерінен ерте айрылған әйелдердің қай-қайсысынан да өз күйеулерін «алпамсадай арысым ең» деп сұңқылдай жоқтағанын естір едіңіз.

Мысалдан көріп тұрғанымыздай, қазақ әйелдерінің өз күйеулерін жоқтауы оларды тек жақсы жағынан ғана сипаттайды, Осы ер адамның қадірін жазушының Асан шал туралы суреттемесінен де көреміз.

Өсекші он әйелден өтірікші бір шал артық, балалар, тым болмағанда, әкелеріңнің қадір-қасиетін айтып беретін бір ауылға жаман болса да шал керек. Рас, Аршалыда өзінен басқа кәрі шал жоқ. Егер тумақ бар болса, өлмек бар, күні ертең сол кісі бәйтеректей сұлап қалса, ақсақалсыз қалғалы тұр бұл ауыл.

Ауылдағы жалғыз атаның өмірден өтуімен ауылдың бар қызығы таусылып, ертегі, шежіре айтатын жанның қалмауына қынжылыс білдірген автор сол ауыл балаларының да ертегісіз ерте есейгенін айтады:

Асан шал дүниеден қайтқан соң бұл ауылдың әңгімесі де, ертегі-жыры да, өтірігі мен тарихы – бар шежіресі, бар қарттығы келмеске – мәңгі келмеске кеткендей еді; мәңгі сөніп, мәңгі өшіп аңырап, иен үйдей жел кеулеп, боздап қалғандай еді. Бұл ауылдың баласы бұдан соң ертек тыңдап, ермек қылатын шал таба алмай, бал дәурен – базарлы шағымен ерте қоштасып, бір өңкей әскер ойынына әуестеніп, жасына жетпей сақа тартып сандалған еді [2, б. 30].

Мұндағы сөйлемдерден көріп тұрғанымыздай, жазушының қазақ халқының түсінігіне, болмысына сай ауылдағы соңғы қарттың дүниеден өтуі қазақ үшін қастерлі саналатын ертегі, шежіре, тарихының да келмеске кеткеніне деген қынжылысы қазақ түсінігіндегі иесіз қаңырап қалған үйге теңелген. Тіпті жазушы ертегісіз өскен баланың ерте есейіп «сақа тартып» кететінін ескертеді. Жазушы бүкіл ауылды «иен қалған үйге» теңейді.

Осы шығармадағы Ақтан – адамдар тірлігін жатсынған, өзгелердің көзіне оғаш болып көрінетін жан. Жазушы Ақтан бейнесі арқылы жеке субъекті қоғамдық ортада барынша еркін болудан қалады деген сипаттағы экзистенциалистік бағыт ұстанады. Жазушының мұндай идеялары Ақтанды қоршаудан қашып шыққан бұғымен салыстыратын сюжеттерінен айқын байқалады. Автор осы ойын Қан есімді кейіпкерінің аузымен Ақтанды «бойындағы барлық адамдық қасиеттің қаймағы шетінемей, бүлінбеген таза және табиғаттың өзіндей өміршең» дегізіп суреттейді.

Шығармада жазушының тағы бір көрсеткен ерекшелігі жансыз табиғатқа жан бітіріп, кейіптеу арқылы шығармасын көркемдей түсуі болып табылады. Жазушының «қалың тұманы жақпар тастар мен орманды да жұтып қойған». Мәселен:

Тауды қалың тұман басып жатыр екен. Қаумалап, үңірейіп-саңырайып тұрған жақпар тастар мен тілсіз телміретін орманды жым-жылас жұтып қойған [2, б. 2].

Келесі бір ретте «бұлаққа желік пайда болып, бірде езуі көпірсе, бірде оның толқындары билеп өтеді», «тентек өзен кейде долданса, кейде бұлданады». Мысалы,

Ақбұлаққа аздап желік пайда болыпты. Ұдайы үш күн жауған нөсердің шапағаты тисе керек, езуі көпіршіп тұлан тұта есіріп жатыр, кеше ғана орта беліне дейін судан шығып дөңкиген дүбілез қара тас жоқ, тек үстінен ақжал толқындар ғана ар-ұр секіріп, билей өтеді. Ашамайланып кеткен терең шатты азан-қазан күн жайлаған. Телі тентек өзеннің долы сарыны тыңдап сілтідей тынып мең-зең тұр. Өзінен басқа бұрсанып шам шақырар тіршілік иесі жоқтығын сезген өзен бұлдана бұрсанып шаптығады. 

Бұл мысалдардағы кейіптеулер ауыспалы мағынасында жұмсалып, жазушының сипаттамасына экспрессивті бояуын қалыңдататын эпитеттер арқылы жүзеге асырылып тұр.

Жазушы тілінде мұндай салыстыру тәсілін, яғни «табиғатты адамша қозғалтып қою» жиі кездеседі: Бағанағыдай емес, дала ағараң тартып, күн көзі жасқана сығалағандай болған. Сілікпесі шыққан таутас моншаға түскендей бусаныпжатыр. Орман əлі де ақыл-есін жия алмай сорғып тұр.

Адам мен табиғат арасындағы жылылық Ақтанның қазына үшін мұзды үңгірге түсіп, өмір бойы іздеген әкесінің де сол дүние үшін өмірден өткенін көргенде, тәубасына келіп, оның өз өмірі үшін күресі сол шыңырау түбінде басталады. Ол аспанға қараса жылылық пен өмірді көреді, астына қараса дүние мен өлімді көреді. Ақтанның аспан мен өмірді таңдаған сәтін жазушы кейіпкердің ішкі диалогімен шебер бейнелеген:

Тəңірім-ау, қандай ыстық еді мынау қар, арқаңнан өткен қызуы-ай; тәңірім-ау, не деген түпсіз де мөлдір аспан! Айналайын күнім, сенің нұрың шығар мені мұз үңгірден алып шыққан! Тəңірім-ай, қарағай мен самырсынның иісінен артық не бар екен жалғанда! Бисмилла, оразамды тіршіліктің ақша қарымен ашайын. Осындай да тəтті қар барын қалай сезбегенмін… Құдай-ау, тіршіліктің осыншалық ғажайыптығын, осыншалық сұлулығын қалай ғана көрмей келгенмін! Аспан! Күн! Орман! Адам!

О. Бөкей осы туындысы арқылы Кеңес одағы дәуірінде ашып айтуға болмайтын көптеген тарихи оқиғаларды Асан шалдың аузымен ертегі ретінде, және әруақ пен Асан шалды кездестіріп диалог құрғызу арқылы шебер, әрі астарлы түрде анық жеткізген. Тіпті Шыңғысханның арғы ата-бабаларын мен туған жерінің тарихы жайлы толғанысы да көптеген тарихи оқиғалардың ақиқатын астарлап жеткізеді. Аталған туындыдағы «қосалқы бейне есебінде үнемі көрініп қап отыратын кейіпкер – өтірікші Асан шал». Асан шал – жазушының – «алмас алдаспаны». «Оны әрі өтірікші, әрі шежіреші етіп алуы – саясат». Осылайша, қоғамның кертартпалығы, өз ұлтына қиянат жасалып жатқан кездегі жазушының «іштегі запыранды шығару үшін» түрлі әдеби әдістерді ұтымды пайдалануы керек еді. Бұл – Асан сондай «олқылықты толтыруға келген өкіл» дей келіп, М. Шыңдалиева «Мұзтау» повесінің көтерген ең ауыр жүгі – оның адами мораль мен этикасының жиынтығы екенінде» дейді [3].

Қорыта келгенде, «Мұзтау» – жазушыны Мұзтаудың шыңына шығарған ең үздік шығармасы. Шығармада жазушы қазақ халқының болмысы үшін қадірлі саналатын ұлттық болмысқа тән төмендегі түсініктерді береді: туған жер; торқалы той, топырақты өлім; ер адамдардың қадірлі, қастерлі саналу үрдісі; балалы үй базар ұғымы;әруақтар дүниесі; ана мейірімі; киелілік (киелі ағаш, киелі құс, киелі аң) ұғымы.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1. Қорғасбек Ж. Аңыз Бексұлтан. Абай.кз ақпараттық порталы // https://abai.kz/post/72394. 24.03.2021.
2. О. Бөкей. Кербұғы: әңгімелер мен повесть.Алматы, Атамұра, 2003. 202 б.
3. Шындалиева М.Б. О. Бөкей шығармаларындағы адами құндылықтар // http://repository.enu.kz:8080/handle/data/11917. 22.10.2020.

Жубаназарова Н.С.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
психология ғылымдарының кандидаты, профессор
Кудайбергенова О. Т.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
Филология факультеті, 1-курс магистранты

 

Cізге ұнауы мүмкін...

1 комментарий

  1. сауле:

    керемет

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *