СЫРШЫЛ АҚЫН МАҒЖАН – ҚАЗАҚТЫҢ МАҢДАЙЫНА ТУА БІТКЕН НАР ТҰЛҒА

СЫРШЫЛ АҚЫН МАҒЖАН – ҚАЗАҚТЫҢ МАҢДАЙЫНА ТУА БІТКЕН НАР ТҰЛҒА

Қара жердің бетінде өмір сүріп жатқан кез-келген халықтың жүріп өткен жолының сүрлеу-соқпағына зер салсаңыз, өнердің басқа түрімен салыстырғанда, сөз құдіретіне ерекше мән беріліп, сөз киесінің айрықша бағаланып келгенін аңғарарыңыз анық. Жазушы Ғабит Мүсірепов дүниеден өтерінің алдында “әдебиет ұлы болмаған жерде, ұлттың ұлы бола алмайтындығын ұмытпайықшы” деген сөздерді осы асыл ұғымның былғанып қалуынан қауіптенгендіктен айтса керек.

Кез-келген халықтың ұлттық болмысы ең әуелі сөз өнері арқылы танылады. Сөздің салмағы арзандаса, ұлттың басынан бағы тайғаны.

«Қаршадайынан орысша оқып, орыс әдебиетінің мәдениетіне еркін жетіккен Мағжан қазақ поэзиясына сол балғын шағында ерекше аса талантты болмысымен келді… Өлеңді музыкаға айналдырған, дыбыстан сурет тұрғызған, сөзге жан бітірген, жаңа өлшеулер шығарған» Мағжанның осындай қасиеттерін, ішкі шығармашылық құдіретін жұрттан бұрын байқаған әрі аса жоғары бағалаған Мұхтар Әуезов. М.Жұмабаевтың дүниеге келгеніне биыл 130 жыл толуына орай, ақын шығармашылығына арнап бір-екі ауыз сөз ойымды ақ парақ пен қара сияның күшімен жастарға жеткізсем деп едім.

Екі ананы тел емген Мағжан қазақ ауыз әдебиетінің тұнығына қана отырып, жарқ етіп шыққан Абай поэзиясын өзіне мектеп етті. Сонда біз Пушкин, Лермонтовтан бастап бүкіл орыс поэзиясын игерген, орыс тілі арқылы әлем поэзиясымен еркін тыныс алған, жасы жиырмадан жаңа ғана асқан жалынды Мағжан ақынды көрдік…

Мағжан жүрегіндегі халқына деген махаббат оның поэзиясынан ерекше орын алады. Ол езу, көрген қорғансыздыққа ұшыраған күйзелу үстіндегі халықты қанша аяса да, жаралы жанның ыңыранған ауыр күйін суреттесе де, халықты бейшаралыққа айналдырмайды.

Ол жырлаған халық тағдырына қол қусырған, жерге ғана үңілген, аяғының астынан арғыны көрмейтін, титығы жеткен мүсәпір халық емес. Мағжан поэзиясында үнемі ой үстіндегі, қимыл үстінде көрінетін халық бар.
Кең даладағы шапқан ат, ат құлағында ойнаған, асаумен алысқан сағыныштарын ән-күймен түсіндіретін, жасыл даласын, жайқалған орманын, көл-дариясын сүйетін халық бар. Адам мен жер – Мағжан поэзиясының ең күшті халықтық рухы.

Сүйіспеншілік – Мағжан поэзиясының өзегі, қаны, жаны, жүрегі. Оның «Сүй, жан сәулем», «Төгілген шашы», «Күміс нұрлы ай», «Шолпан», «Сүйгенім анық», «Хор сипатты қарындас», «Жас сұлуға», «Сәуле», «Гүлсім ханымға», «Жұлдызды жүзік, айды алқа ғып берейін» т.б. өлеңдерінде адам жанының сүйгеніне деген не бір тылсым сырлы әсем өрнек тапқан. Осы өлеңдерінің қай-қайсы болса да өзінше бір әлем, бір-бірін қайталамайды. Шетінен самалдай соғып, жібектей желпіп, жүректі тербетіп, ғажап бір күйге бөлейді.

Мағжанның аз да болса сазды, салиқалы ғылыми мақалалары бар, солардың ішінде де қазақ тіл мәселесіне қатысты пікірлері терең талдауды қажет етеді. Мағжанның «Қазақ тілі» атты өлеңінде: «Алтын күннен бір бағасыз белгі боп, Нұрлы жұлдыз, бабам тілі, сен қалдың» деп тебіренеді. Бұндағы айта кететін мәселе тіл тағдыры туралы қазақ зиялылары аз жазған жоқ, бірақ Мағжанның «Қазақ тілі» өлеңіндегі «жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кен тілім, Таза өткір күшті кең тілім» деп айтқанының мәнінде қазақ сөзі, сөйлеу мәдениеті тағылымындағы әлеуметтік сұраныс тудырып тұрған көкейкесті мәселесі бүгінгі күнде де өз құндылығын арттырмаса кемітпейді. Бұл ақынның рухани қазынаны жете ардақтауы, ұлт санасында қалдыруға деген ұмтылысы. Оған мына сөзі дәлел болады. «Өткен дәуірдегі теңіздей тұңғиық әдебиетіміздің бізге бұл күнде адасқан ұшқындары, тенті­реген тамшылары ғана жетіп отыр. Баяғыда отыз күн, отыз түн айтылатын Қобыландылардың ауызда адасып, азғантайы ғана қалған. Талай түндерге созылған ертегілердің басы қайырылып, аяғына жетіп, шоп-шолақ болып қалған» Мағжан сияқты ұлт зиялыларынан бастау алған тіл тазалығы үшін күрес бүгінгі күнде де толастаған емес.

Әлімсақтан белгілі, ең алдымен әдебиет – ар алдындағы ақиқаттың айнасы. Кез-келген ұлттың ар-ұятының өлшемін, сана-сезімінің қаншалықты өскенін, парасат-пайымының қаншалықты биіктегенін олардың әдебиетін оқу арқылы танып-білуге болады.
Қорыта келе, Мағжанның қай өлеңін алсаң да белгілі бір ырғақпен, әдемі әуезбен, сөз өнерінің сиқырлы әлеміне тарта береді. Сондықтан да Мағжанның «суретті, кестелі, көркем сөзі» ешкімге ұқсамас өзіндік өрнек. Мағжан – қазақ поэзиясында өзіндік жаңашылдығы мен дәстүр қалыптастырған, соны ізденістері арқылы өзіндік өнерпаздығына ғана тән әдеби әдістер әкелген ақын. Ол қазақ лирикасына сыңғырлаған нәзік әуез нәрін құйып, ұлттық рухты ұлттық сезімнен қуат алған өзгеше үнмен жырлады.

Пайдаланған әдебиеттер:

1.Қанарбаева Б. Жырымен жұртын оятқан. Алматы: Ана тілі, 1998. – 232 б.

2.Қазақ әдебиетінің тарихы, 7-том. Алматы: ҚАЗақпарат, 2004. – 462 бет.

3.Ысқақұлы Д. Әдебиет алыптары. – Астана: Фолиант, 2004. – 304 бет.

4.Әбдиманұлы Ө. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті: Оқулық. Алматы, 2012. – 408 бет.

Жубаназарова Н.С.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

психология ғылымдарының кандидаты, профессор

Нусупова П.Е.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

Филология факультеті, 1-курс магистранты

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *